Аймақтар • 19 Наурыз, 2023

Маңғыстауда сайлау күні қоғамдық көліктер тегін қатынайды

246 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

19 наурыз Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлау күніне орай облыс бойынша бірнеше бағытта қоғамдық көліктер тегін қатынайды, деп хабарлайды Egemen.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.

Маңғыстауда сайлау күні қоғамдық көліктер тегін қатынайды

Атап айтқанда, №103, 104, 105, 106, 107 мен «Ақтау-Қызылтөбе-2-Ақтау» және «Ақтау-Батыр-Ақтау», «Ақтау-Ақшұқыр-Ақтау», сондай-ақ «Ақтау-Сайын Шапағатов-Ақтау» бағыттарында жолаушылар тегін қатынауда.

«Бүгін қоғамдық көліктер жолаушыларға тегін қызмет көрсетіп жатыр. Олар өздерінің дауыс беру учаскелеріне тегін жете алады», дейді Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Адайбек Қалиев.

Оның айтуынша, 22 наурызда дәл осы бағыттағы қоғамдық көліктерде жол жүру тұрғындар үшін тегін болмақ.

Игі іске шаһар тұрғындары ризашылығын білдірді. Ақтау қаласы тұрғыны Айгүл Мақсымованың айтуынша, бұл сайлау күнінде тұрғындар үшін жасалған өте дұрыс шешім.

«Таңертең тұрып, сайлау учаскесіне қоғамдық көлікпен тегін бардым. Демалыс күні болған соң, туысымның үйіне қонаққа бару үшін №105 автобусына міндім. Қоғамдық көлік жүргізушісі бүгінгі сайлау күніне орай жолақы алмайтынын айтты. Қуанып қалдым», дейді Айгүл Мақсымова.