Президент • 16 Наурыз, 2023

Президент ТМҰ өкілдерін «Еріктілер» форумына шақырды

230 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының «Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық көмек» атты кезектен тыс саммитінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент ТМҰ өкілдерін «Еріктілер» форумына шақырды

«Біз бауырлас Түркияға үлкен ауыртпалық әкелген аса жойқын жер сілкінісіне байланысты жиналдық. Мыңдаған бауырымыз қаза тапты. Марқұмдардың туған-туыстарына және бүкіл Түркия халқына тағы да көңіл айтамын. Алапат зілзаланың зардабын тартқан Түрік елінің қайғысы – барша түркі жұртының қасіреті деп білемін. Қазақта «Қайғыны бөліссең – азаяды» деген сөз бар. Ағайынның басына күн туғанда біздің халқымыз ешқашан қол қусырып отырмайды», деді Президент

Президент атап өткендей, Қазақстан халқы бірден түрік бауырларға қол ұшын созды. Құтқарушыларымыз және дәрігерлеріміз дереу көмекке аттанды. Қажетті құралдармен жабдықталған ең тәжірибелі, білікті мамандарымыз құтқару жұмысына атсалысты. Бауырлас елге гуманитарлық және қаржылай көмек көрсетілді.

«Жойқын жер сілкінісі еліміздің азаматтарын да бей-жай қалдырмады. Біздің халқымыз бауырларымыздың басына түскен қиындықты бірге көтеруге атсалысты. Қазақта «Асар» деген жақсы ұғым бар. Жұрт бірлесіп, мұқтаж жанға көмек қолын созады. Осы мақсатта Қазақстаннан Анадолы еліне көптеген еріктілер келіп, аянбай еңбек етті. Олар – ел басына ауыртпалық түскенде алғы шепте болатын шынайы патриот азаматтар, жаны таза адамдар», деп сөзін толықтырды Мемлекет басшысы.

Еріктілерді ортақ іске жұмылдыру аса маңызды. Сондықтан, Президет Ұйымымызға мүше елдердің өкілдерін биыл Астанада өтетін Еріктілер форумына шақырды.

- «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Біз бауырлас Түркияға одан әрі қолдау көрсетуге дайынбыз. Осы орайда, апат аймағында әлеуметтік нысан салып беруге дайын екенімізді айтқым келеді. Бұл бауырлас Түрік халқына шынайы ілтипатымыздың көрінісі болатынына сенімдімін, - деді ел Президенті.