Әдебиет • 15 Наурыз, 2023

Қайдасың, Гауһар?

635 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Оқырманның қолынан түспей, жаппай оқылған суреткер жазушылардың да тасада қалған, яки уақыт өте келе ұмытылған көпке беймәлім жақсы бір шығармасы болады. Мәселен, бәрімізге сүйікті Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасын», «Балалық шаққа саяхаты» мен «Өлгендер қайтып келмейдісін» оқымаған жан кемде-кем. Ал сонау 1966 жылы жазылған «Қайдасың, Гауһар?» деген мөп-мөлдір повесін қазіргі жұрт көп біле бермейді.

Қайдасың, Гауһар?

Әдебиетке келген әр жазарманның жүрек түбіндегі бір тақырыбы – махаббат. Бұл ынтық сезімді талай қалам жырлады. Бұл ыстық сезімді талай маржандай тізілген сұлу сөз кестеледі. Анық­тамасы көп, ережесі жоқ бұл махаббатты әркім қадари-халінше жазып бақты. Бірақ көбісінің кейіпкері есте қалмайды, оқиғасы да ұмытылған. Елітпеген. Елік­тірмеген. Жалпы, жан дүниеңде жанартаудай атқылап жатқан сезімді өзіңнен басқа біреудің ұғуы қиын ғой. Ол күйді қағазға шебер түсіру, көркем ойға салу жазушыларға да оңай шаруа болмаса керек-ті. Білетініміз, бұл тақырыпта қанша талантты болса да қаламға бір нәзіктік керек. Суреткердің ойымен бірге ағып отыратын сызылған әуен керек. Шілдеде жауған жып-жылы ақ жауынның демі есі­ңізде ме?.. Міне, кейіпкердің шынайы сезімін сезініп отырып, сондай күй кешесің.

Ал бұлай жазу Бердібек Соқпақбаевқа аса қиынға соққан жоқ. Жазушы қала­мының лирикалық тынысы, әсіресе, осы «Қайдасың, Гауһар?» повесінде ерекше байқалады. Бір қарағанда, автор бұл шығармаға жазушылық қуатын барынша сарқымағандай көрінеді. Естен кетпес ескі жылдарды бір деммен жеңіл ғана баяндайды. Жалпы, бұл Бердібектің бұрнағы стилі ғой – оқырманның санасына көп салмақ салмайды. Оқушымен бірге кешқұрым теңіз жағасына серуенге шыққандай асықпай әңгімелейді. Сонысымен де әсерлі.

Сұм соғыс «мезгіл жетпей үзілген көк жемістей» балаларды ерте есейтті. Соның бірі – Жәнібек. Тоғызыншыны бітіре сала дырдай мұғалім атанды. Ұстаз болуға қай­бір дайын дейсіз, ауыл­да іске татыр естияр еркек кіндік жоқ – бәрі әскерде. Сөйтіп, бозбала Жәнібек бір сәтте үлкен адамға айналып, ана тілінен сабақ беріп жүргенде Алматыға оқуға баратын болады. Ауыл баласы үшін бұдан асқан бақыт бар ма. Өмірі көрмеген үлкен қала – сабылысқан адам­дар. Өзі құралпы Жақан (ол да қаражаяу емес, математикадан сабақ береді) екеуі бензовозға мінгесе кетіп, астанаға қарай тартты. Ол сонда алып Алматыда Гауһарды кездестірерін, оған алып-ұшып ғашық боларын, кейін жо­ғалтқан, сарсаңға түсіп іздеген сол бейнесі ақырында мәңгілік сағынышқа айналарын білген жоқ.

Бұл оқиға Пастер көшесінде болыпты. Ол Гауһарды осы көшеде келе жатып көріпті. Содан кейін Жәнібек бұл үйдің алдынан жиі өтетін болды. Өмірінде алғаш рет түсінбесе де операға барды. «Чио-Чио-Сан».

«Мақтаулы театрдың қасына кеп қал­дық. Ауданның жабайы қараша үй­лерінен өзге мен бұған дейін бұл тәрізді ештеңе көрген емеспін. Шынында да таңырқап, сүйсіне ғажаптанып қараймын. Қасымдағы өзім иемденіп, қырындап келе жатқан Гауһардан қысылмасам: «Ой, сұмдық-ай, қалай жасаған-ей!» деп, үлкен үйді айнала жүгіріп қараудан да тайынатын түрім жоқ».

Күндер өте берді. Жәнібек пен Гауһар да бұрынғыдай емес: бой үйреткен, бауыр басқан. Жаздың май тоңғысыз қо­ңыр салқын кештерінде ұзақтан-ұзақ сейілдейді. Айтылатын әңгіме де таусылмайды. «Ынтыққан екі ыстық жүрек емін-еркін ұғыссын дегендей барқыт түн тыныштық күйін бұзбай, маужырайды да тұрады. Жұлдыздар өзара жымыңдасып, бірі мен бірі көз қысысқандай болады. Жа­лын атқан еріндер бір-бірінен бал алып, бал берісіп жатқанда, тесірейе қарау­дан қай­мыққан жартыкеш ай бір үзім қо­ңыр бұлт­­тың тасасына кіріп жасырына қа­лады...».

Автор шығармада екі жастың іңкәр сезімімен бірге сол уақыттың тыныс-тіршілігін, сол қоғамның болмысын, тіпті кейде заманның шындығын да қоса өріп отырады. Иә, ол Жәнібектердің ең үлкен арманы – жібі түзу етік саналатын кезең еді. Ауыл арасында жаңа киім сатып кию деген атымен жоқ. Сондықтан да Жәнібек пен Жақан үшін қаланың азан-қазан базары мүлдем басқа әлем болып көрінді. Ауыл мен Алматының айырмашылығы екі материктей әсер қалдырды.

«Мұншама көп халықтың бір араға жиналып, сеңдей соғылысқанын бұл менің тұңғыш рет көруім. Әрі қызықтап, әрі таңырқай қараймын. Ойпырмай, қолдары бос, еріккен неғылған жұрт мұншама. Бұлардың істейтін қызмет, жұмыстары қайда? Жоқ әлде жұмыссыздар жинала ма? Ех, шіркін, осылардың бәрін қуып алып барып, балшықтан адам жасап, ала алмай отырған біздің колхоздың жұмысына салар ма еді».

Сөйтіп, мұғалім жігіттердің Алматы­дағы курсы да аяқталды. Осы аралықта қаншама сезім-күй кешеміз деп ойлады ма... Енді Пастер көшесімен қашан жүреді екен?.. Гауһармен де қоштасу керек.

Ол ауылға келгеннен кейін де Гау­һарды ойлай беретін болды. Әрине, ойлайды – ақ сезім самал жел емес қой. Сонша уақыт бірге жүріп, бір суретке түспепті. Ғашық адамда ес қайдан болсын?! Енді Гауһарынан еш естелік жоқ: ойындағы естеліктерді мың қайталап отырады да қояды. Тынымсыз ой тыныштық бере ме – Жәнібектің Алматыға аңсары ауды да тұрды. Пастер көшесіне барғысы-ақ келіп жүр. Десе де арман-тілектің бәрі орындалса, өмір шындығынан айырылмай ма?! Ол шындықтан бөлек соғыстың өзі талай жанның жоспарын күл-талқан қылғаны тағы бар. Жәнібек қалаға барамын деп қанша оқталғанымен жолы түспеді. Аурушаң шеше, шиттей бала-шаға, жалғыз сиырдың жемшөбі, үйдің отын-суы... Тіпті Гауһардың сұмдық хатынан кейін де бара алмады. Майданнан келген қаралы хабар бәрін астан-кестен қылды. Кейін өзі де әскерге аттанды. Гау­һар да, Алматы да, Пастер көшесі де ту алыста қалды.

Гауһарға талай хат жазылды – жауап болмады. Ақыры Алматыға да жетті – таныс көше, таныс маң. Бірақ сол бір бейне жоқ. Ол Гауһарды осылайша мәңгілікке жоғалтты. «О, Гауһар, барсың ба жер бетінде, жоқсың ба?»

P.S.: Жазушы алғашқы зайыбы Бәшен Баймұратқызымен алғаш сонау 1947 жылы Алматыдағы Мәншүк Мәметова атындағы Қыздар педагогикалық училищесінде оқып жүргенде танысыпты. Аталған училище «Гауһар» алтын дүкенінің дәл қасында орналасқан екен. Мұны айтатын себебіміз – осы атау арада қырық жылдай өткенде жазушының «Қайдасың, Гауһар?» хикаятына өзек болады. Ол кезде Бердібек ҚазПИ-дің үшінші курс студенті. Повесть кейін бірнеше шет тіліне аударылды.