Әлем • 13 Наурыз, 2023

Түркияда қатарынан үш мәрте жер сілкінді

223 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Түркияда үш жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды Egemen.kz Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Түркияда қатарынан үш мәрте жер сілкінді

Түркияның шығысындағы Малатия провинциясында 4,5 балдық жер сілкінісі болды.

Бұл туралы Түркия үкіметі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою басқармасының (AFAD) сайтында хабарланды.

Жер асты дүмпулері 05:13 кезінде 8 км тереңдікте тіркелген.

Бұған дейін сағат 04:34-те магнитудасы 4,7 балдық 10 км тереңдіктегі жер сілкінісі тіркелген.

Екі жағдайда да жер сілкінісінің ошағы Пютурге ауданында болды.

Бұған қоса Түркияның оңтүстігіндегі Хатай провинциясында да магнитудасы 4,4 болатын жер сілкінісі тіркелді.

Түркия үкіметі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою басқармасының (AFAD) хабарлауынша, жер сілкінісінің ошағы Хасса аймағында болған.

Еске сала кетсек, 6 ақпанда Түркияның Кахраманмараш провинциясында магнитудасы 7 балдан асатын екі жер сілкінісі болды. Жер сілкінісі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде, соның ішінде Сирияда да сезілді.

Мамандар аймақта жерасты дүмпулері әлі де жарты жыл бойы жалғасады деген болжам жасады. Түркияда күшті жер сілкінісі болатынын болжаған Нидерланд зерттеушісі Франк Хугербитс наурыз айының басында жаңа апаттар болуы мүмкін екенін ескертті.

7 наурызда Түркияның Хатай, Кахраманмараш және Кайсери провинцияларында үш жер сілкінісі болды.

Ақпан айында болған жер сілкіністерінің Түркияға келтірген шығыны 100 млрд доллардан асуы мүмкін.

Түрік полициясы ғимараттары жер сілкінісіне төзімді болуы тиіс құрылыс мердігерлерін тергеу аясында 269 күдіктіні ұстады.

Соңғы ресми деректерге сәйкес, табиғи апат 48 мыңға жуық адамның өмірін қиды.