Елорда • 06 Наурыз, 2023

Баспасөз хатшысы қандай болуы керек?

516 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада екі күнге созылған баспасөз хатшыларына арналған семинар қорытындыланды. Жиында медиа және коммуникация мамандарының біліктілігін жетілдіру, қоғам мен мемлекеттік органдар арасында байланысты нығайту, пресс-стратегия құру және мәтінмен жұмыс істеу, имидж қалыптастыру сынды тақырыптар аясында тренингтер мен шеберлік сабақтары өтті.

Баспасөз хатшысы қандай болуы керек?

Семинарға орталық және өңірлік мемлекеттік органдардың бірқатар баспасөз хатшылары қатысты. Іс-шара соңында ұйым­­дастырушылар семинар қаты­су­шы­ларына белсенділігі үшін алғыс айтып, сертификат табыстады. Семинардың екінші күні коуч, PR және кризис-менеджер Асқар Өтепқалиевтың эмоционалды интеллект бойын­ша сарапшы Әсел Мұратованың, медиатренер, редактор Назгүл Қожабектің және «Астана» халықаралық қаржы орталығының коммуникация бойынша басқарушы директоры Елена Пактың шеберлік сағаттарымен жалғасқан болатын. Олар не айтты?

– Баспасөз хатшысының мекемені дағдарыс жағдайына әкелуі мүмкін деген жазбалар мен жарияланымдарды қадағалап отыруы маңызды. Шешімге ықпал ету немесе өзгерту мүмкіндігі болмаса дер кезінде басшылықпен кеңесу қажет. PR қызметі ұйымның бренді мен беделін нығайтуға, поз­ицияны анықтауға, негізгі хабарламалар­ды таратуға және дағдарыс кезіндегі тәуекелдерді басқаруға жауап береді, – деді Е.Пак.

Ал барлық деңгейдегі баспасөз хатшыларының алдында шеберлік сыныбын өткізген кәсіби спичрайтер Дана Саудегерова мемлекеттік орган өкілі мен журналистер арасындағы қарым-қатынастың өзектілігіне тоқталды.

– Өз аудиториясын білу, дұрыс коммуникация орнатып, сенім ұялату – бас­ты ереже. Әрбір мақсатты аудитория жүздеген сипатқа ие болуы мүмкін. Сондықтан компаниялар кімдерге өнім ұсынатынын және қажетті ақпаратты қалай жеткізу керектігін түсіну үшін өз аудиториясын мұқият зерттейді, – деді Д.Саудегерова.

Сондай-ақ Сыртқы істер министр­лігінің экс-ресми өкілі Жанболат Үсенов комму­ника­циядағы дағдарыс жағдайы ке­зіндегі баспасөз хатшыларының рөліне тоқталды.

– Әуелгі талап – оперативті болу. Аудитория әрқашан жағ­дайдың түсін­дірілуін күтеді. Өзара қарым-қатынастың болмауы сіздің оқиғаңызды басқалардың басқарып кетуіне әсер етеді. Яғни егер сіз түсініктеме бермесеңіз, оны басқа біреу жасайды. Ақ­паратыңыз, айтар ойыңыз, мүмкіндігінше, қарапайым және қысқа болуы керек. Контексті тү­­сіну, байланыстарды ұғыну және оларды іс жүзінде қолдану – бас­пасөз хатшысы жұмысының маңызды аспектілері, – деді Ж.Үсенов.

Сондай-ақ «TANBA» PR агент­тігінің басшысы, «PRshy» клубының мүшесі Ақсұлу Санғали тренингте мемлекеттік органдар мен жеке компанияларға PR жасаудың қыр-сырымен бөлісті. Бұған қоса пресс-релиз жазу туралы кеңінен тарқатты.

– Пресс-релиз жазудың 7-8 технологиясы бар. Ең оңайы – «11 жас прин­ципі». Бұл 11 жастағы балалар сіздің жазғаныңызды түсінуі керектігін білдіреді. Пресс-релиз аудиториясы – тек журналист емес, журналист оны халыққа таратады. Ол – бір. Екінші – пресс-релизіңізде, материалдарыңызда аудиал, визуал, эстетикалық кон­тентті пайдалансаңыз, сіздің мәтініңіз әлдеқайда өтімдірек болады, – деп атап өтті ол.

Айтпақшы, екі күндік семинардан білім-білігін шыңда­ғандардың бірі – Данияр Асқарұлы. Медиа маман қазір Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы. Әрі осы құрылымның жетекшісі.

– Әлеуметтік сипат алған әр түйінді зерделеп, зерттеп, қа­лың көпшілікке ұсынуда журна­листер мен жауапты мекеме өкілдерінің арасындағы байланыс тұрақтылығы ескерілуі шарт. Осы орайда екі та­раптың кәсібилігі назардан тыс қалмақ емес. Сондықтан бізге де осындай тренинг, семинар, шеберлік сағаттары керек-ақ. Семинарда баспасөз қызметі стра­те­гиялық агент­тікке қарай бой түзеу керек екендігі айтылып өтті. Рас. Бұл тұрғыда бізде шетелден ала­­тын да тәжірибелер өте көп. Бұл семи­нардың өзінен біраз ақ­параттарды білдік. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Президенттің баспасөз қыз­меті, Қазақстандық қоғамдық даму институты мен «MediaLab» орта­лығы ұйымдастырған игі ісі жал­ғасын табады деген сенімдемін, – деді Д.Асқарұлы.