
Нью-Делидегі дода қарсаңында біз әлем чемпионатының тарихына қысқаша шолу жасауды жөн көрдік. Аталған жарыста Қазақстан құрамасы барлығы 23 жүлде жеңіп алды. Оның 5-еуі алтын, 5-еуі күміс және 13-і қола. Бес алтынның екеуі Назым Қызайбайға тиесілі. Аса жеңіл салмақта өнер көрсетіп жүрген Алматы облысы Іле ауданы Жетіген ауылының тумасы алғаш рет 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында ұйымдастырылған дүбірлі додада дараланды. Финалда ол үндістандық Сарджубала Девиден айласын асырды. 2016 жылы Астанада Назым өзің сол нәтижесін тағы да қайталады. Жарыс барысында небір мықты спортшыларды жолынан ығыстырған қазақ қызы ақтық сында қытайлық Вань Юаньді қапы қалдырды. Осылайша, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұмабек Өмірзақовтың төл шәкіртіне әлемнің екі дүркін чемпионы атану бақыты бұйырды.
Дәл сол Астанада өткен жарыста тағы үш бұрымдымыз жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Олар – ақмолалық Дина Жоламан (54 кило), астаналық Валентина Хальзова (69 кило) және түркістандық Ләззат Күнгейбаева (+81 кило). Елорда төрінде өткен жарыстың финалында Дина Еуропа чемпионы Стойка Петрованы ұтты. Арада тура бес жыл өткеннен соң, дәл сол болгариялық боксшы Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарының жеңімпазы атанды. Валентина шешуші тұста Гу Хунды ұтты. Қытай қызы Токио Олимпиадасында күміс медальды иеленді. Ақтық айқаста Ләззат америкалық Шедейша Грэнді жеңді. Міне, Қазақстанның бұрымдылары жеңіп алған бес алтынның «тарихы» осындай.
Күмістің де саны бесеу. Оның иегерлері – Марина Вольнова (81 кило), Жұлдыз Маматқұлова (+81 кило), Ләззат Күнгейбаева (+81 кило), Жайна Шекербекова (51 кило) және Алуа Балқыбекова (48 кило). Олардың барлығы да түрлі чемпионатта тамаша өнер көрсетіп, тек финалда ғана жеңілістің кермек дәмін татты. Мәселен, Марина 2010 жылы Барбадостың Бриджтаун қаласында бразилиялық Розели Фойтелаға есе жіберді. Қазақша ағылып тұрған Сыр бойының сұлуы арада екі жыл өткеннен соң Лондон Олимпиадасының қола медалін қоржынға салды. Жұлдыз 2012 жылы Қытайдың Циньхуандауа шаһарында өзін жақсы қырынан көрсетті. Жамбыл облысының тумасы жергілікті боксшы Ли Юньфэйге жол берді. Ләззат 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласындағы доданың ақтық сынында Зенфира Магомедалиевадан жеңілді. Ресейдің туы астында өнер көрсететін дағыстандық спортшы кейіннен тағы бір рет әлем чемпионы, екі мәрте Еуропа чемпионы және Олимпия ойындарының қола жүлдегері деген мәртебелі атақтарға қол жеткізді. 2018 жылы Нью-Делиде шымкенттік Жайна Шекербекова Солтүстік Кореяның өкілі Пан Чхоль Миді ұта алмады. Былтыр Түркияның Ыстанбұлындағы додада жамбылдық Алуа Балқыбекова сол елдің тумасы Айша Чагирырдан ұтылды.
Ал Назгүл Боранбаева (2006 және 2010 жылдары), Елена Кольцова (2008 жыл), Назым Қызайбай (2012), Жайна Шекербекова мен Айжан Қожабекова (2016 жыл), Карина Ибрагимова (2018 жыл), Милана Сафронова мен Дина Исламбекова (2019), Жайна Шекербекова, Дина Жоламан, Карина Ибрагимова және Валентина Хальзова (2022 жыл) сынды былғары қолғап шеберлері сол бәсекелерді қола медальмен қорытындылады.
Жалпы, әйелдер арасындағы әлем чемпионаты 2001 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Сол кезден бері аталған жарыстың жалауы 12 мәрте желбіреді. Соның алғашқы үшеуіне Қазақстан құрамасы қатысқан жоқ. Қалған тоғызында жерлестерімізге жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырды. Біздің бұрымдылар ең үздік нәтижеге 2016 жылы қол жеткізді. Астанада жалауы желбіреген жарыста 4 алтын және 2 қоланы олжалап, жалпыкомандалық есепте жеке-дара көш бастадық. Ал өзге чемпионаттардағы көрсеткіштеріміз мынадай: 2006 жыл – 17 орын (1 қола), 2008 жыл – 16 орын (1 қола), 2010 жыл – 12 орын (1 күміс, 1 қола), 2012 жыл – 10 орын (1 күміс, 1 қола), 2014 жыл – 4 орын (1 алтын, 1 күміс), 2018 жыл – 9 орын (1 күміс, 1 қола), 2019 жыл (2 қола) және 2022 жыл – 8 орын (1 күміс, 4 қола).