Әлем • 01 Наурыз, 2023

Зілзаладан зардап шеккен түркиялықтар қазақтың киіз үйлеріне мұқтаж

276 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркиядағы жер сілкінісінен бері бір айға жуық уақыт өтсе де, зардап шеккендердің жағдайы мәз емес. Олар әлі де гуманитарлық көмекке мұқтаж, деп хабарлайды Egemen.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Зілзаладан зардап шеккен түркиялықтар қазақтың киіз үйлеріне мұқтаж

Түркияда болған ауыр апаттан кейін де бірнеше рет жер сілкінді. Малатьядағы жер асты дүмпуі кезінде адам шығыны болып, 100-ден астам адам зардап шекті. Кейбір аймақтарда 4-5 магнитудағы жер сілкіністері тіркеліп жатыр. 

Зілзала салдарынан қалалар қирап, мыңдаған адам баспанасыз қалды. Әлем елдері жәрдемдесіп жатқанымен, үйсіз-күйсіз жүргендердің саны әлі көп. Осы орайда қазақстандық қоғам белсенділері «100 киіз» науқанын жариялап, бауырлас елге баспана жеткізген еді. 

Түркияда тұратын Гүлниса Қасымова түріктерге қазақтың киіз үйі әлі де қажет дейді.

«Мен Түркияның шығысындағы Эрзурум қаласында тұрамын. Бізде әлі жер сілкініп жатыр. Өздеріңіз білетіндей, Малатияда да 4-5 баллдық жер асты дүмпуі болды. Қазіргі кезде Малатия мен Адыяман тұрғындарының жағдайы өте қиын», деді ол.

Оның айтуынша, жергілікті тұрғындарға гуманитарлық көмек жетіспейді.

«Адыяман қаласы қаңырап қалды. Онда көптеген адам қаза тапты. Малатия маңындағы ауылда біздің достарымыз бар. Олар үйі қирап қалған соң, өздері жасап алған шатырда тұрып жатқандарын айтты. Олармен бірге 40-қа жуық отбасы бар. Қалаға жету мүмкін емес. Өйткені жол екіге бөлініп кеткен. Адамдар қалаға кіруден қорқады, өйткені ғимараттар әлі қирап, адамдар қаза тауып жатыр», деді әйел.

Оның айтуынша, зардап шеккен тұрғындар қазақ киіз үйлеріне мұқтаж және қазақстандықтардан киіз үйлерді Малатия мен Адыяманға жіберуін сұрап жатыр.

«Менің Қазақстаннан екенімді біліп, киіз үйлерді табуға көмектесуімді өтінді. Адамдар далада қалды. Жаңа туған нәрестелер, жүкті әйелдер бар. Оларға біздің киіз үйлеріміз керек, көмектесіңіздерші!», деді Гүлниса Қасымова