24 Маусым, 2014

Ер Жәнібек аты ұлықталды

360 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Тарихта ұлтымыздың ұлттығын сақтау үшін аянбай тер төккен хас батырлардың бірі – Жәнібек Бердәулетұлы. Ел қорғаудағы ерен ерліктеріне қарай батырдың есімінің алдына «Ер» атауы қосылып, тарихта «Ер Жәнібек» атымен қалған ардақты есім Абылай заманындағы Қаракерей Қабанбай, Алтыбай батыр, Ақтамберді батыр, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Бәсентиін Малайсары батыр, қаз дауысты Қазыбек, қу дауысты Құттыбай, Шапырашты Наурызбай, Қарасай, Райымбек секілді ірі тұлғалар есімімен қатар аталады. Жоңғарға қарсы соғыста саптан табылып, елінің жоқшысы болған батырдың туғанына биыл 300 жыл толып отыр. Қазақ халқының ұлт-азат­тығы жолында бар өмірін сарп еткен, Абылай ханның бас батыр­ларының бірі болып, оның оң тізесінен орын иеленген аза­маттың есімі әрқашанда биік. Шараның басы бірнеше күн бұрын Бейбітшілік және келісім сарайында ақындар айтысымен басталып, кеше ғана айтулы білім ордасы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жалғасын тапты. Алдымен Күл­тегiн ескерт­кiшiнiң түбiнде отан­дық және алыс-жақын шетелдерден келген ғалымдар мен жазушылар, қоғам қайраткерлері  сөз сөйлеп, «Ер Жәнiбек – ұраным» әнi оркестрмен шырқалды. Содан соң ЕҰУ-дің проректоры, профессор Диқан Қамзабекұлының жетекшілігінде батырдың 300 жылдық мерейтойына арнал­ған ғылыми-тәжірибелік кон­ферен­ция басталды. Шарада Пар­ламент Мәжілісінің Төрағасы Қ.Жақыповтың жолдаған құт­тықтауын Мәжіліс депутаты К.Бұрханов оқып, Мәжіліс депутаты А.Тұртаев құттықтау сөз сөйлесе, тағы бір Мәжіліс депу­таты Б.Смағұл жырдан шашу шашты. «Мәңгiлiк Ел» ұлттық идеясы мен мәнiн батырлар рухын ұлықтаумен байланыстырған конференцияда Қазақстан мен шетелдерден келген қазақ ға­лымдары қазақ жерiн азат етуде ерен ерлiк көрсеткен баһадүр Жәнiбек Бердәулетұлының ер­лiгi мен XIX ғасырдағы тарихи кезең жайлы ғылыми-зерттеулерден баяндамалар жасады. Тұрсынбек Кәкіш бастаған қазақ зиялылары батыр туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Мерейтой аясындағы шара­лар Ақмола облысы, Цели­ноград ауданындағы Қоянды ауы­лында Ер Жәнібекке арнайы ас пен спорттық, мәдени ша­раларға ұласты. Қоянды ауы­лының орталығында, батыр аттас саябақта орнайтын батыр ескерткішінің іргетасын қалау рәсімі жібін Ақмола облысы әкі­мінің орынбасары Дәурен Әділбеков пен республикалық Ардагерлер ұйы­мының төрағасы Өмірзақ Оз­ғанбаев кесті. Ал Пар­ламент депутаттары, Ақ­мола облысы әкім­дігінің, Де­нешынықтыру және спорт агент­тігінің өкілдері, әлем чемпиондары, ғалымдар мен жазушылар, шетелден келген қонақтар салтанатты шараларға бастан-аяқ қатысты. Ер Жәнібектің есімін ұлық­тау шараларының басы-қа­сында жүрген «Ер Жәнібек» халықаралық қорының басшысы Мақсұт Темірбайдан игі­лікті істің мән-жайын кеңірек ашып беруді сұрағанбыз. Ол баба есімін ұлықтау, ел жадын­да жаңғырту ісі 2006 жылдан басталғандығын жеткізді. «Қазақстанда Ер Жәнібектің насихаты төмен, көп жерде біле бермейді. Бұл істің бастауында Қытайдағы қандастарымыз тұр. Елімізге оралған соң Ер Жәнібектің аты шыға бастады. Сол жылы алғашқы конференция да өтті. Бабаның жатқан же­рі нақтыланып, Қалба тауда шақшақ Жәнібек емес, Ер Жәнібек Бердәулетұлының жерленгендігі анықталды. Семейдің меценат азаматы Қанат Сүлейменов 300 мың доллар қаражат бөліп, Қалба таудың басына үлкен ескерткіш орнаттық. Бұл 2009 жылы болатын. Басын көтердік. Бұдан кейін де бірқатар баспасөз мәс­лихаттары өтіп, ғылыми баяндамалар жинақталып, кітаптар шығарылды. Батырдың туған жылына орай, 300 жылдығы қарсаңында 2014 жылға көп шаралар жоспарланды. Биыл Ер Жәнібекке байланысты үш кітап жарық көрді. Бұл – тарихшылар мен қазақ әдебиеті институтымен жасалған тығыз байланыстың нәтижесі. Институт басшысы Уәлихан Қалижан өте көп көмек көрсетті. Қытайдан келген 290-нан астам кітаптың барлығын зерттеп, Жәнібек Бердәулетұлына қатысты тың деректермен толықтырылған кітап шықты. Моңғолиядағы қандасымыз, Сұлтан Тәукей есімді ағамыз «Ақыр Жәнібек» атты роман жазып шықты. Еуропада, атап айтқанда, Берлинде батыр баба есімі насихатталды. Ал жария­ланған кітаптардың көп­шілігі тегін таратылды», деді ол. Жыл соңына қарай Қалба тауда бабаға арналып үлкен ас берілмек екен. «100-ден астам үй тігіледі деп жоспарлап отыр­мыз. Бұл шаралар облыс әкі­мі Бердібек Сапарбаевтың, Се­мей қаласының әкімі Айбек Кәрі­мовтің қолдауларымен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, пошта маркасы шығарылмақ. Мем­лекет қаржы бөліп, үлгісі бе­кітіліп қойды», деді тағы да М. Те­­мірбай. Ал батырдың жетінші ұрпағы Сағадат Мырзахметұлы мерейтойға қатысты өткізіліп отырған шараларға кел­геніне қуанышты екендігін жет­кізді. «Абылай ханды жау қолы­нан құтқарғанда берген ту біздің сандығымызда тарихи жәдігер ретінде күні бүгінге дейін сақ­таулы тұр. Бабаға қатысты 2006 жылдан бастап атқарылып келе жатқан шаралардан қалған емес­пін. Батыр бабамыздың аруа­ғы қолдап жүрсін! Той ме­рейлі болсын, егемендігіміз жасай бер­сін, қазақты бірлігінен айырмасын», деп жиналғандарға бата берді. Киелі ту салынған сандық туралы сұрағанымызда, ол құнды жәдігерге ие болып отырған аға-інілерінің бар екен­дігін кейін елге әкелуге болады  деген ойын жет­кізді. Ал батырдың саптыаяғы Ал­маты мұражайында тұрған көрінеді. Шараның ауқымдылығын, маңыздылығын шағын мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Ас беріп жатқан ауылдың қызықтары өз алдына. Аспан айналып жерге түсетіндей ыстыққа қара­мас­тан, мерейтой қызығына беріл­гендердің бір тобы ән салып думандатса,  екінші бір шетте белдескен жастар көрінді. Оны ұйымдастыру ісінің ортан белінде жүрген Жәди Шәкенұлы, мерейтойдың бастапқы идеясы қазақты тұтастыру екенін айтудан жалықпаған профессор Т.Кәкіш және басқа да азаматтарға елі риза. Дәйім бірлігімізден ажырамайық, деген оймен тойдан разылықпен қайттық. Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан».