24 Маусым, 2014

* Құттықтаймыз!

584 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

CӨЗ СОЙЫЛ

Әзіл - оспақ, сын - сықақ

Берик САДЫРҚазақ сатира­сының қазіргі танымал өкілдерінің бірі, әріптесіміз Берік Садыр да алпысты алқымдап, бедерлі белеске көтеріліпті. Ол ҚазМу-дің филология факультетін бітіргеннен кейін туған ауылына барып, еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған болатын. Бірақ сүйір тілмен сүйкеп жіберетін қасиет жанын жай таптырмаған қалам иесі сатириктер ауылына көз салып, Алматыға қайта жол тартады. Сол кездегі «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде корректор, макетші болады. 1982 жылы «Қазақ әдебиетінде» аға тілші, 1987 жылы «Ара-Шмель» журналында жауапты хатшының орынбасары 1990 жылы балалар газеті «Ұланда» жауапты хатшы қызметін атқарады. Ал 1996 жылдан бері табан аудармай «Егемен Қазақстан» газетінде жұмыс істеп келеді.

Қаламгердің 1987 жылы «Не десем екен?!» атты алғашқы әзіл-сықақ кітабы жарық көрсе, одан соң «Қосымша ми», «Біз өсек айтпаймыз», «Ойсоқты», «Ойхой, өмір!..», «Социализм сатирасы» жинақтарын шығарды. Аударма саласына да атсалысып, «Күллі әлемнің күлкісі» атты шағын көлемдегі шетел әзілдерін аударып, оқырманға ұсынды. Сондай-ақ әлемге әйгілі тұлғалар мен қазақ қайраткерлерінің тауып айтқан тапқыр сөздерін құрап «Ауылдың айтқыштары» және «Ауыл әзілдері» деген қос жинақты қалың көпшілікке тарту етті. Біз бүгінгі «Сөз сойылдың» Бекеңнің шығар­машылығына арнал­ғанын, оның әр алуан тақырып­та­ғы дүниелері беріліп отырғанын айта келіп, әріптесімізді алты асу мерейтойымен құттықтап, алдыңғы толқын сатира сардарларының ізін басып, соқпағын жалғап, саптағы сарбазы болып жүре бер демекпіз. Егеменқазақстандықтар.

«ҚҰЗҒЫН» ҚУАНЫШ

Берік САДЫР. Қызметтес Пықып Асабас­пен жас шама айырмамыз тура бір мүшел болса да, әңгімеміз жарасып кей-кейде кең отырып «құрдастардай» қауқылдасып қалатынымыз бар. Ортамызға біреу киліккен күні Пықекең: «Біз Ғабаң екеуіміз «жастымыз», бұл да жылқы жылы дү­ние­ге келген» деп жымиып алатын. Алғаш Пықекең қызметі өсіп көңілі көрім болып отырып маған: – Жеңгеңе өскенімді атап өтіп жібермеймін бе, – десем: «Қоя тұр, бұныңда тек қызметтестерің, бірлі-жарым ағайын ғана бас қосады... Сәл шыдасаң, бұйыртса, аз айда немерелі боласың... Қазір кемі екі-үш қуанышты бір-ақ тоқайластырып тойлау әдетке айналған» деп тоқтатып тастады, – деді. Мен де үнсіз қалуды жөн көрмей: – Жеңгей бір нәрсе біледі, – деп қалдым. Пықекең немерелі болғалы да біраз болған. Бір оңаша отырғанымызда «құрдастығыма» басып: – Қос қуанышыңызды кешіктірмейтін шығарсыз? – деп қалдым. Пықекең көбікті сырадан толғай сіміріп барып: – Баяғы жеңгең: «Қызметің көнере қоймас... Сәл шыда, немерең де адам танитын қалыпқа келсін... Осы үлкен мереке қарсаңында медаль-орден үлестірілмеуші ме еді? Білуімше, ұжымың соған бір өзіңді ұсыныпты деп естідім?.. Әп, бәрекелді! Ұжымың беделді, ұсынылған бір өзің болсаң, аласың!.. Сол бұйырған күні қызметтестерің бастап, әрине ағайын, құда-жегжат төрімізде отырады. Орден алған тойыңа курстас-кластас атаулыңа да хабар береміз, бәрі-бәрі арқа-жарқа бір тойласын» деп тағы да тоқтатып тастады, – деді. Мен де қарап қалмай: – Бұл да білгендік, – деп қалыппын. Е, жеңгей көріпкел екен, жыл аяғында Пықекеңе орден бұйырды. Лезде жыл өтіп, менімен оңаша отыруға қашқақтай беретін «құрдас» ағаммен бірде тоқайласып қалып: – Енді не дейді? – деп сұрағымды қысқа қайырып едім, ағам қипақтап отырып: – «Хан жарлығынан қатын жарлығы күшті» заман-ай! Пәлекет: «Биыл мерейтойың... анау-мынау емес, бақандай бес белестен өтесің... Сәл шыда, күркіреп күз келсін, аман­дық болса тойыңды дүркі­ретіп өткіземіз! Ойхой, онда қызметтесің бе, ағайын, құда-жегжат, кластас-курстас дейсің бе, ең аяғы анау алыстағы аға­йын сымақтарыңды түп-түгел шақы­рамыз, сені білетін бүкіл иісі қазақ тоқайласып тойлайды» деп мысымды басып мыш етті, – деді. Бұл жолы мен: – Табылған ақыл! – деп қалдым. ...Қайтейік, ажал аяқасты... Неден болды дерің бар ма, дәм-тұз таусылған болуы керек, Пықекең жарықтық бір-ақ күнде ұйқыдан оянбай қалды... Не дері бар, қызметтестері бар, туыс-туған, құда-жег­жат, кластас-курстас, сонау алыстағы ағайын болып Пықе­кең­ді білетін бүкіл иісі қазақ соңғы сапарға шығарып салдық. «...Біреу өлмей біреу күн көрмейді» деген... Пықекеңнің қырқы өткен соң ол кісінің орынтағы маған бұйырып, онымды үйге келіп келіншегіме айта қалсам, ол: «Жуып үйренген басың сенбі-жексенбі «дүркіреп» кетпекшісің ғой! Сәл шыда, бұйырса, аз күнде немерелі боламыз...» деп желпініп келеді екен: – Оттапсың! – деп алғаш рет ақырып тұрып кетіп... сенбі-жексенбі қызметтегі «дені дұрыстардың» басын қосып аттың басын жіберіппін...

СҰРАҚ-ЖАУАП

– Оташылар опера­ция кезінде неге бетперде киіп тұмшаланып алады? – Операция сәтсіз болған жағдайда ауру адам кім жасағанын білмес үшін. *** – Халің қалай? – Жаман емес. Жағдайым нашарлаған кезде “жедел жәрдем” алып кетеді. Ал жағдай жақсарып, көңіл көтеріл­се полиция дайын тұрады... *** – Егер шет тілінде түс көру қайталана берсе не істеген жөн? – Келесі жолы қа­сыңызға аудармашы бикешті алып жату керек. *** Жұмыстан неге кешіктің? Бәрі де кемпір-шалдың кесірі. Неге? – Автобуста отырсам бір шал мінді. Орнымды қимай көзімді жұма қойған едім: көзім ілініп кетсе керек, төрт аялдама өтіп кетіппін. *** Сіз өмірде махаббаттың бар екендігіне сенесіз бе? Жоқ. – Сонда қалай? Қозы мен Баянның махаббатын да жоққа шығарғалы отырсыз ба? – Иә, себебі, Қозы мен Баянның өмірі ұзаққа созылғанда олар да түбі ұрсысып, ажырасып тынар еді. *** – Құрметті досыңыздың қазасында көзіңнен бір тамшы жас тамбады-ау? – Үлкен креслода отырғанда жағдайымды айтып талай жылап барғанмын. * Қалжың қалта

Сезікті секіреді

– Неменеге күрсіне бересің, мұндай керемет оқиғалы шығарма әлі жазылған емес... – Оған күмәнім жоқ-ау... – Енді не, сонша толқып, сонша әбіржіп? – XVІ ғасырдағы үнді комедияларын оқыған біреулер шығып қала ма деп тұрғаным... «Есті» ескертпе Жапал атты жазушы тұңғыш кітабы жарық көргенде әйеліне: «Сен де мен жөнінен мағлұмат жинай жүрсеңші, кейін естелік жазсаң таптырмайды ғой...» дегені бар. Жөн екен – Оу , Тыңеке, соңғы кезде балалардың арасынан шықпайтын болдыңыз ғой?.. – Екі баспа табақ « Бала тілі – бал» жинағына тапсырыс алып едім... «Өлшеулі» өкініш – Кітабың шықты, жабырқауыңа жөн болсын?! – Е, бүйтіп көркем дүние жазып кетерімді білгенде... – Ол не, айта алмай аңырап отырғаның? – О баста нем бар еді-ау сын жазып... Үйдегі боран Ұйытқып соққан боранда тұлып киіп, есігінің алдында отырған көршісін көріп біреу: – Мұндай боранда неге далада отырсың? – деп сұрапты. – Ей, көрші-ай, бұл боран ба! Үйдегі – толас таппай, алай-дүлей құйын, жауын-шашыны аралас боранды айтсаңшы! – депті. Сөйтсе, ол кісі үйдегі әйелі мен қызының жанжалынан қашып, далаға шығып отыр екен.

ТОҢМОЙЫН  ТОК

«Пенде үш күннен соң көрге де үйренеді» деуші еді, біз тұратын елді мекенде жарық сөніп, ток атаулы тиылғалы бері тоғыз айдың жүзі болды. Бармаған жер, баспаған табалдырық қалмады... Не керек, табан тоздырып, кеңірдек қыздырып тоқтағанбыз... Көнбеске амалың жоқ, басқа түскен соң көнесің. Міне токсыз томпаң тірлік кешкенімізге тоғыз айдан асыпты... Өз басым, басындағыдай емес, етім үйреніп, көндігіп, қазір елең қылмайтын да болдым. Мектепте мұғалім емеспін бе, бұрындары аптаның алты күні қырынып, сақал-мұртты тұқыл етіп томпаңдап жатпаушы ма едік, қазір рахат! Басында қол ұстарамен мықшыңдап, келе-келе одан жалығып, бар кінәні электрге сырғытып мектепке қырынбай баруды әдетке айналдырдық... Алғашқы күндері ыңғайсызданып, оқушылар алдында иегімізді көлегейлеп әбігерге түсуші едік... Қазір үйреншікті, қайта өскен сақалды салалап салмақ арттыра түсеміз. Бәрінен де күндегі қыбыр-жыбырынан құтылғанымызға тәубе делік. Бір қияңқының: «Күнде қырынғанша жылына бер рет барып-келіп босанған әлдеқайда артық», деген әзілін түсінгендей болдық. Айтпақшы, сақалым қауғадай боп өсіп, аздап университетте араб тілін меңгергенім бар, молда болсам ба деген ойға беріліп те жүрмін... Мына заманда бала оқытып бақалшы болғанша, сәлде оранып «молдеке» болған тиімді ме деп қоямын... Үйде де, түзде де ток тып-типыл, күн­діз-түні теледидар, компьютер алдынан шықпайтын бала-шаға амалсыз таласа-тармаса кітап, газет оқып ғажап болды... Батырлар жыры дейсің бе, ертегілер дейсің бе, тек тауып бергеніңді оқып бала біткен тақылдап тұрады. Төбеде жатқан кеңес заманғы әдебиеттер құнды дүние болып қолдан-қолға өтуде. Бір заманда оқи алмаған «Ботагөзді» оқып көңілім орнықты. Теледидар көріп тарсыл-гүрсіл, алаң-жұлаң болып кеткен бала – кітап оқып, газет қарап, сөз тыңдап – салиқалы ер жете бастағанына тәубе деп жүрміз. Несін айтайық, «Бір жоқшылықтың бір тоқшылығы» дегендей, ауыл болып тып-типыл болған тоңмойын токтың «тоқшылығын» көре бастадық. Соның көзге ұрар бір-екі ірілісін айтайын. Жарық жоқ, мал-жанды қараңғы түспей жайлап, ертерек жатамыз... Айтпағым, ерте жатқандікі, түн баласы ұзақ – кейінгі кезде ауылымызда екіқабат келін-кепшік, алды тоғыз айда «топырлата» бастады... Міне демография! Үйдегі де: «Алтыншымды туып алдым, жетінші не тәйірі, екі-ақ жылда «Алтын алқаны» неге алмасқа», деп қояды. Түн ұзақ, жарық жоқ... Ол ойы орындалатынына сенімдімін... «Болмаған ток болмай-ақ қойсын, мына секілді қазағымды қаптататын пиғылдан айырылмайық!» деп қоямын өзімше. Біле бермейді екенбіз, әзір әлемді энергетика тапшылығы жаулап, пәлекет қымбаттап қырғидай тиіп жатқан көрінеді ғой... Өз басымыз ток тоңқалаң асқан тоғыз айда одан аман қалыппыз... Есептеп кеп жіберсем, тоғыз айыңда тоғыз тоқтым тырапай асқан­дай екен... Пәлекеттен аман қалғаныма бір тоқтымды құрбандыққа шалып, ертерек күн жарықта лықа тойып төсек астына кірейін... ...Не дейді?! Біздің ауылға ток тартатын бопты дей ме! Неғып десек, іргемізден қазба табылыпты дейді. Оны игермек ие біздің ауылды шамшыраққа бөлемекке міндеттеніпті дейді... Не істейін, жарықсыз тірлікті құп көрген басым, ойлана келіп, бақұлдасқан болып – сонау қиян шеттегі өмірі ток тартылмаған, бұл ғасырдың бел ортасына дейін ол «бақыт» бұйырмас елді мекенге көштім де кеттім... АСТАНА. * Шолақ мылтық Жалқау жылан Жыланға: бізде қазақта – “Шың басына самғай ұшып қыран да, жорғалай жылжып жылан да жетеді” деген мақал бар десе, “Е, егер шың басын­да қыранның ұясы, ұяда тілге жұмсақ жас балапан болса – шығуға болады, әйтпесе сонау құзға өрмелеп нем бар” деп жылекең сәл тыныстап, сонау шыңға көзін көлегейлей қарап ерініп жатып: “Ана ғалымдарыңа айта барыңдар, осы менің айтқанымды ескере отырып, мақалдарына өзгерту енгізсін” деген екен. “Ақылды есек” Есектен: “Атпен жарыссаң сен озар ма едің, әлде ат оза ма?” деп сұраса: “Әрине, ат!” депті Есек. Оған: “Оу, неге?” десе Есекең: “Алаөкпе боп шабатын ат сияқты миғұла деп пе ең мені! Бәйгеге қатысып, шаң қауып, арам тер болғанша үйреншікті митыңмен жүре бермеймін бе!” деп мұрнын шүйіріпті. Өз қалпымызда қалайық Бір есек жолбарыстың терісін жамылып алып аң біткенді аралап жүріп кеп берсін. Жол-жөнекей сиыр табыны үркіп, отар қой оңды-солды бытырай шашырайды кеп. Құдай ұрып, күшті дауыл тұрып, есектің жолбарыс терісі сыпырылып түсіп, масқарасы шығып, әйда аң біткен есекеңді төпелеп сабасын кеп. Сондықтан да, жолбарыс та, есек те болмай өз қалпымызда қалайық, ағайын! Құрмет Облыс әкімшілігі Бопыр ақсақалдың 90 жасқа толған мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, жастық шағын өткізген жерлерге қыдырып барып қайтуына мүмкіндік жасау үшін жол шығынын өз мойындарына алды. Сөйтіп, ол ақсақал ҚарЛАГ-қа, СтепЛАГ-қа және Мәскеудегі Бутырька түрмесіне барып қайтты.

СОТТАҒЫ "СОЛАҚАЙ СӨЗ"

Сот: – Бұл ұрлықты бір өзіңіз ғана жасадыңыз ба? Айыпталушы: – Құзырыңызға құлдық, заман қиындады – біреуге сенуден де қалдық қой… *** Сот көп жасап құзғын жасына келген айыпкерге: – Сізді жасаған қылмысыңыз үшін он жылға бас бостандығыңыздан айыру туралы шешімге келдік, – дегенде, жаза өтеуші ағынан жарыла ризашылық кейіппен: – Сізге мұндай сеніміңіз үшін үлкен рахмет! Өйткені, менің енді мұнша жыл ғұмыр кешу өңім тұрмақ түсіме енбеп еді, – депті. *** Судья мәжіліс залынан ішек-сілесі қатып шығады. – Не болды?– дейді әріптесі. – Ішек түйілетін анекдот естідім! – Айтып жіберші?! – Айта алмаймын, жаңа ғана сол үшін он бес жыл беріп шықтым... *** Сот барымташыдан: – Көршіңіздің сиырын сойып, етін базарға сатып жібергеніңіз қалай? – Таңертең тұрсам, сиырым жоқ. Көршінің мал қорасынан қарай салайын деп төбесіне шыққанымда шатыры сынып кетіп, топ етіп сиырдың үстіне барып түстім емес пе! Шошып кеткен мал алды-артына қарамай зыта жөнелді. – Содан соң не болды? – Жан тәтті ғой, сиырды тоқтату үшін шабына пышақ ұрып сұлатуға тура келді. Терімді сүртіп, жан-жағыма қарасам, тура ет сататын базардың жанына келіп құлаған екенбіз…