24 Маусым, 2014

Ханафи мәзһабы – Орталық Азияның рухани мұрасы

510 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Ақтөбе қаласындағы орталық мешіттің ашылуына орай «Нұр Отан» партиясы облыстық филиа­лының ғимаратында «Ханафи мәзһабы – Орталық Азияның рухани мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Аталған конференцияның мақсаты – қазіргі замандағы Ор­та­лық Азия халықтарында қалып­тасқан дәстүрлі діни қаты­настар мен оның өзекті мәселе­лерін талқылау, Орталық Азия аймағындағы діни ахуалдар дамуының негізгі үр­дістері мен тетіктерін ашып көр­сету, Ханафи мәзһабының қо­ғам­ға беретін рухани-өнегелік құн­ды­лықтарының рөлін дәріптеу, діни ағартушылық жұмыстарын жүр­гізу арқылы экстремизм мен лаң­кестіктің алдын алу, діни салада туындаған талас-тартыс мәсе­ле­лерін шешу жолдарын іздестіру. SAM_2968 SAM_3007 Конференцияны облыс әкімінің орынбасары Марат Тағымов ашып, жүргізіп отырды. Ол өңірдегі діни ахуал, Ханафи мәзһабы туралы әңгімеледі. Дін өкілдері, теолог ғалымдар, үкіметтік емес ұйым­дар жетекшілері, жоғары оқу орын­дарының оқытушы-ғалым­дары және басқа зиялы қауым өкілдері қатысқан алқалы жиында Қазақстан Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан Маямеров, Ресейдің Мүфтилер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Дамир хазрет Мұхетдинов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситеті дінтану кафед­расының профессоры, теология және философия ғылым­дары­ның докторы Досай Кенжетай, Ресей Федерациясы Татарстан Республикасы Қазан қаласындағы Ресей Ислам уни­вер­ситетінің ректоры Рафик Мұха­метшин, Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының басшысы Бауыржан Есмахан Хана­фи мәзһабының шығу тарихы, оның қоғамдағы рөлі, қазір­гі таң­дағы діни ағартушылық жұ­мыс­тар­ды жүргізудің жәйі мен бағыт­та­ры, дін мен қоғамның байланысы, лаң­кес­тік әрекеттердің алдын алу, жас­тардың жат ағымдар­ға бой ұруы­­­на қарсы күрес мәселе­лері ха­­қын­­да баяндап, өзекті мәсе­ле­лер­ді шешу туралы ойларын ортаға салды. Конференция барысында елі­міздегі азаматтардың діни сауат­ты­лығын жетілдіру мақсатында Ресей Федерациясы Татарстан Рес­пуб­­ликасы Қазан қаласында орна­ласқан Ресей Ислам уни­вер­ситеті мен Ақтөбе облысы «Дін істері бас­қармасы» мемлекеттік мекемесі жанындағы «Аңсар» ақпараттық тал­дау орталығы» коммуналдық мем­­лекеттік мекемесі арасында қа­­шық­тықтан білім беру бойынша екіжақты келісімшартқа қол қойылды. Конференцияға қатысушылар «Пікірталастан шешімге», «Діни сана және рухани азық «Діни ағартушылық – экстремизмнің ал­дын алу факторы» атты сек­ция­­лар­ға бөлі­ніп, жұмыс істеді, күн тәрті­бін­дегі мәселені тереңірек тал­қылады. Содан кейін олар Ақтөбе қала­сындағы 111 жылдық тарихы бар қалалық орталық мешіттің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Жалпы, бұл мешіттің іргетасы 1901 жылы қаланып, 1903 жылы пайдалануға беріл­ген екен. Араға 111 жыл салып аталмыш мешіт күрделі жөн­деу­ден өтіп, 8 есеге үлкейтіліп отыр. Күр­­де­лі жөндеуден деген аты ғана, мұ­ны тың жерден салынған жаңа ме­­шіт десе де болады. Ғимарат үш қа­баттан тұрады, құлшылық ету зал­дарының сыйымдылығы 2800 адам­ға арналған. Бірінші қа­батта 2300 адамдық ерлер намаз­хан­асы мен әкімшілік бөлмесі ор­налас­қан. Екінші қабатта 500 кісілік әйел адам­дар намазханасы, неке залы, оқы­ту­шылар бөлмелері мен оқу аудиториялары бар. Төменгі қа­бат­та 150 адамға асхана, дәрет алу орын­дары орналасқан. Күрделі жөн­деу­д­ен өткен ескі мешіт ғимараты бо­ла­шақ­та музей болады деген ұйғарым бар. Мешітті күрделі жөндеу-жаңар­ту жұмыстарына ұлтжанды азамат Есімхан Есенбаев басқаратын «Ғасыр нұры» қоғамдық қоры ұйыт­қы болды. Имандылық үйінің әше­кейлеу, әрлеу және безендіру жағы­ның сәулеттік жобасын Қазан қала­сындағы «Құл-Шариф» және Ақтөбе қаласындағы «НұрҒасыр» ме­шіт­терінің авторы А.Саттаров жаса­ды. Жаңа мешіт құрылысын, соны­мен бірге, ескісін жаңғырту жұмыс­тарын «Интерстиль» ЖШС жүр­гіз­ді. Серіктестік құрылыс жұмыс­тарын екі жылда бітірді. Ақтөбе қа­ла­сын­дағы орталық мешіттің жаңа ғимаратын салуға және ескісін жаң­ғыртуға 680 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Осыншама қар­жы­ны тек қана демеушілер мен меце­наттар салған көрінеді. Мұнда негі­з­і­нен сапалы құрылыс материал­дары пайдаланылды. Алтын жалатқан және көркемделген ұсақ арнайы әйнектер Италиядан, тұтас жайма кілемдер Түркиядан, сәнді әрі қымбат аспалы шамдар Чехиядан, күмбезді қаптайтын материалдар Челябіден, граниттер Алматыдан жеткізілген. Күрделі жөнделіп, жаңартылған Ақтөбе қаласындағы орталық ме­шіт­тің ашылу салтанатында сөз ал­ған Қазақстан Мұсылмандары ді­ни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан Маямеров қазір елі­мізде мешіттердің көптеп салы­нып жатқанын, адамдардың дінге бет бұра бастағанын атап өте ке­ліп, мұның барлығы елі­міз­дің еге­мендігімен келген игілік­тер еке­нін еске салды. Ақтөбе қала­сы­ның әкімі Ерхан Омаров та бұл ша­руа­ның жамиғат үшін жасалып жат­қанын айтып өтті, имандылыққа ұйи­тын ұл – қыздарымыздың көбейе беруіне тілектестігін білдірді. Жаңа мешітте құран оқылып, жамиғат жұма намазына жығылды. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан Маямеров діни уағыз айтып, жиналғандарды ислам қағидаттарына қанықтырды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.