24 Маусым, 2014

Парламентаралық байланыстар жайы қаралды

269 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
02-сенат2Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Иордан Хашимит Корольдігі Парламенті Сенатының Төрағасы Абдур-Рауф Салем Рауабдемен келіссөз жүргізді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. Жоғары мәртебелі мейманмен кездесу кезінде Қ.Тоқаев бұл сапар екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне және парламентаралық байланыстарды нығайта түсетініне сенім білдірді. Жүздесушілер екі елдің достық және өзара тиімді қатынастарын дамытудағы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Иордания Королі Абдалла II-нің ерекше рөлін атап өте келіп, оған иордан монархының таяудағы Астанаға сапары дәлел екенін айтты. Тараптар парламентаралық байланыстарды нығайтуға уағд­аласты, ол үшін Қазақстан мен Иордания се­нат­тарында пар­ламентаралық достық топтары жетекшілерінің кеңесулері болады. Қазақстан Парламенті жоғары пала­тасының Төрағасы әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруді көздейтін «Қа­зақстан-2050» Даму стратегиясы тура­лы әңгімеледі. «Қазақстан бүгінгі таңда табиғи байлықтардың ғана емес, ең алдымен, Президент Н.Назарбаев ұдайы жүргізіп ке­ле жатқан жүйелі рефор­малар­дың арқасында бұрынғы кеңес­тік кеңістіктегі ең дамы­ған елдердің бірі болып таныл­ды»,  деді Қ.Тоқаев. Ол Қазақ­стан басшысының атына Ам­ман қаласында көше бергені үшін Иордания тарапына риза­шы­лығын білдірді. Сенат басшысы Қазақстан Пар­­ла­ментінің құрылымы және қызметімен, еліміздің сыртқы саясатымен, сондай-ақ, Орталық Азиядағы ахуалмен таныс­тырды. Иордания Сенатының Төрағасы өз кезегінде соңғы жылдарда өзінің елінде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар және адами капиталды дамыту шаралары, медициналық туризм саласындағы Иордания жетістіктері туралы әңгімеледі. Ол, сондай-ақ, Таяу Шығыстағы жағдай және жақын елдердегі қақтығыстар мен дағдарыстарды бастан кешкен босқындардың ағылуына байланысты Иорданиядағы гуманитарлық ахуал туралы ойларын ортаға салды. Оның айтуынша, көші-қон  салдарынан ел халқының 20 пайызы шамасын көшіп-қонушылар құрап отыр. Кездесу қорытындысы бойынша журналистермен кездесуде Абдур-Рауф Салем Рауабде өзінің сапары туралы әсерлерімен бөлісті. «Біз бұрын Қазақстан туралы кітаптардан оқып, бұқаралық ақпарат құралдарынан білген болсақ, бүгін сіздердің елдеріңіздің жетістіктерін көзбен көрдік әрі жоғары бағалап отырмыз. Сіздер қазіргі замандағы мемлекет құра алдыңыздар және қоршаған ортамен ізгі ниетті қарым-қатынастар орната алдыңыздыр. Оның бәрі Президент Н.Назарбаевтың дана басшылығының, Үкіметтің және Қазақстанның қарапайым халқының күш-жігерінің арқасында жасалды», деді ол. Оның айтуынша, «Иордания Қазақстанды Еуропа мен Азияның қақпасы ретінде қарастырады, дәл сол сияқты Қазақстан да Иорданияны Таяу Шығыс аймағының қақпасы ретінде қарастыра алады». Иордания Парламенті делегациясының сапары 27 маусымға дейін созылады. Сапар барысында Астана, Алматы және Бурабайда кездесулер мен шараларға қатысу көзделген.