24 Маусым, 2014

Ықпалдастықты арттыру жолында

241 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Парламент Мәжілісінде палата Төрағасы Қабиболла Жақыпов пен Иордания Парламенті Сенатының Спикері Абдур-Рауф Рауабде кездесіп, парламентаралық ынты­мақтастықты одан әрі нығайту болашағын талқылады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. Тараптардың, пікірінше екі ел басшыларының тұрақты кездесулері қос ел ықпалдастығының дамуына серпін беріп, бүгінгі күні өзара достық және берік әріптестік орнаған. Мәжіліс Спикері Таяу Шығыста тұрақ­тылық пен бейбітшілікті қамта­масыз етуде аталған мемлекет рөлін жо­ғары бағалай келіп, Иорданияның әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар жолындағы жетістіктеріне тоқталды. Қабиболла Жақыпов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамаларына, оның әлемде бейбітшілікті қамтамасыз ету­дегі маңыздылығына  айрықша назар аудара келіп: – Осы ретте иорданиялық тараптың яд­ролық қаруды таратпауға қатысты қазақстандық бастамаларға көрсетіп жат­қан қолдауын өте жоғары баға­лаймыз. Сондай-ақ, Иордания Королі Абдалла II-нің Таяу Шығыста ядросыз аймақ құру жолындағы идеясын қолдаймыз, – деді. Абдур-Рауф Рауабде өз кезегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығының нәтижесінде қол жеткізілген біздің еліміз дамуына жо­ға­ры баға берді. Сондай-ақ, Спикер Орталық Азия аймағындағы Қазақ­станның маңызды рөліне тоқталды. Одан әрі Қ. Жақыпов өз әріптесін 2014-2015 жылдарға арналған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелерін сайлауда Иордания мемлекетінің жеңіске жетуімен құттықтап, жаңа табыстар тіледі. Мәжіліс Төрағасының атап өткеніндей, Иордания – Қазақ­стан­ның Таяу Шығыстағы жақын одақ­тас­тарының бірі. Сондықтан, біздің еліміз алдағы уақытта да екіжақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, сондай-ақ, парламентаралық өзара іс-қимылды күшейтуге ниетті. – Біз иорданиялық әріптестерімізбен бейінді комитеттер деңгейінде ық­пал­дасуға дайынбыз. Және біздің парла­менттеріміз арасында ынтымақтастық жөніндегі топ құру да маңызды болып табылады, – деді Қ.Жақыпов.