24 Маусым, 2014

Елдік бағдарлама талқылануда

261 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Тәуелсіздік сарайында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Қазақстанға арнайы дайындаған елдік бағдарламасы талқыланды. Оған аталған ұйымның қызметкерлері мен еліміздегі бірқатар ведомство басшылары қатысты. Шараның бірінші бөлімі аяқталған соң Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев пен Экономика­лық ықпалдастық және даму ұйымының Сыртқы байланыстар жөніндегі хат­шылығының директоры Маркос Бонтури бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдына шықты. Министр бірінші сөз кезегін мәртебелі қонаққа берді. Қонақтың сөзіне қарағанда, елдік бағдарлама ұйымға да, Қазақстан мемлекетінің еркін дамуына да үлкен мүмкіндіктер тудырмақ. Қазақстан осындай бағдарламаны жүргізуге арнайы таңдалған төрт мемлекеттің бірі болып табылады. Осы орайда Қазақстанның елдік бағдарламасы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Қазақстан арасындағы қатынастарды әрі қарай нығайтуға ықпал етеді деп үміттенеміз. Сөйтіп, сіздердің елмен арадағы қатынастарға айрықша мән береміз. Бұл тұрғыда аталған бағдарлама өзара тиімді болатынына сенімдімін. Алдағы алты айда біз қазақстандық достарымызбен тығыз байланыста жұмыс істейтін боламыз. Осы бағыттағы жұмыстар бағдарламаны пысықтауға негізделеді, деді ол. Қазақстан Республикасы мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы 2015-2016 жылдарға арналған ынтымақтастықтың елдік бағдарламасы жобасын талқылау жұмысы әлі де жалғасын тауып, жыл соңына дейін келісіліп, содан кейін ғана қол қойылатын болады. Мұны Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі айтты. Елдік бағдарлама ЭЫДҰ-ның ұйымның құрамына кірмейтін елдермен өзара іс қимылдарының жаңа құралы болып табылады. Бұл бағдарлама алғаш рет төрт мемлекетке ғана дайындалып отыр. Қазіргі уақытта Елдік бағдарлама жобасы мемлекеттік басқару, фискальдық саясат, бәсекеге қабілеттілік, іскерлік ахуалды жақсарту және тұрақты даму сынды салалардағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыруды қарастырады. Бұл тізім әлі де ұзара түсуі ықтимал», деді министр. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».