24 Маусым, 2014

Сақшылар қызметі маңызды

433 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Астана қалалық ішкі істер департаментінде полиция күніне арналған мерекелік шара болды. Аталған шараны елордалық полиция басшысы, генерал-майор Амантай Әубәкіров ашты. Ол барша әріптестерін төл мерекелерімен құттықтап, сақшылар қызметі мен маңызын атап өтті. Сондай-ақ, ардагерлер кеңесінің төрағасы Е. Танабергенов те елордалық полиция қызметкерлерінің ерен еңбектерін бағалай келе, алғыс айтты. Сақшылар қызметі аталды фото Сөйтіп, аталған мереке дәстүрге сай ең үздіктерді марапаттау рәсімімен жалғасты. Одан әрі «Қазақ елі» монументі алаңында жаңа автокөліктердің кілті табыс етілді. «Астана қаласы әкімдігінің арқасында жыл сайын елордалық полиция департаментінің жағдайы жақсарып келеді. Міне, бүгін соның тағы бір дәлеліндей, департаменттің жол-патрульдік полиция полкі отандық жаңа көлік­термен толықты. Бұл жақ­сылықтардың бәрі Аста­намызды одан әрі көркейте түсу үшін және адамдардың қауіп­сіздігі мен тыныштығын қорғау­ға лайықты негіз болар сенім шаралары» деп атап өтті А. Әубәкіров. Бұл күн Қазақстан полиция­сын құрған және сол полиция қатарында аянбай қызмет етіп жүргендерге алғыс жаудыру күні болды. Өйткені, қазіргі полицияда қызмет атқару – әділетсіздікпен күрес жолында өз кәсібіне адал адамдардың ғана қолынан келетін күрделі, сонымен қатар, қауіпті және аса жауапкершілігі зор міндет болып табылады. Қазақстан полициясы күнін мерекелеу патрульдік полиция полкі ерлер хорының 10-жылдығымен тұспа-тұс келді. Хордың құра­мын­д­а кәдімгі кәсіби музыкант пен әнші ретінде танылған полицейлер бар. Хордың жетекшісі – республикалық конкурстардың дипломанты, Қазақ ұлттық өнер университетінің концертмейстері  Ғалия Садымова. Хордың орындауында «Нұр Астана», «Полиция Маршы», «Сарбаз парызы» атты әндер шырқалды. Онда түрлі конкурстардың жеңімпазы, талантты ұжым – Астана қаласы ІІД-нің «Жігер» фольклорлық ан­самблі де өз үлесін қосты. Соны­мен қатар, Бауыржан Исаев, Мер­уерт Түсіпбаева, Маржан Арап­баева сияқты Қазақстан эстрада жұл­дыздары полицейлерді құттықтап,  ән шырқаса, астаналық филармония мен астана циркінің әртістері де өз өнерлерін ортаға салды. Мерекелеу бағдарламасында елорда аумағында жедел ахуалды бақылайтын, қажет жағдайда бас бұзарларды бұлтартқызбай бұғаулайтын «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлініс сарбаздары керемет өнер көрсетті. Сонымен қатар, қару-жарақ, арнайы экипировка және техниканы жасақтау, сондай-ақ, «Робинсон – R-44» тікұшағы көрсетілді. Оған қоса қызметтік-іздестіру иттерін жетектеген кинологиялық қызмет орталығының кинологтары ортаға шықты. Кинологиялық қызмет орталығында неміс, шығыс-еуропалық, қасқыр тұқымдас кәсіби дайындалған қызметтік иттері бар инспектор-кинологтар жұмыс істейді. Қызметтік-іздестіру иттерінің қатысуымен көптеген қылмыс түрлері ашылды. Мерекелеу аясында спорттық іс-шаралар: гір тасын көтеру, қоян-қолтық ұрыс, жарыс, доп қағу, шахматтан өтетін блиц-турнир болып, жүлделі орын алған жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл мереке шаттығынан балалар да қағыс қалмады. Оларға арнап, арнайы ойын алаңы жабдықталды. Балаларға арналған батуттар, ат үстінде серуендеу, Астана қаласы Қуыршақ театры аниматорларының және елорда циркі сайқымазақтарының қатысуымен қойылған көріністер көңілге нұр құйды. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».