24 Маусым, 2014

Қазыналы өңірдің қарышты қадамдары

268 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
01-12.jpg-23-06 Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына келді. Ақтөбе жеріне келісімен Мемлекет басшысы өткен жылдың желтоқсан айында іске қосылған, республикалық Индустрияландыру картасына енген ең ірі ақтөбелік инвестициялық жоба болып табылатын «ТНК «Қазхром» АҚ-тың жаңа ферроқорытпа зауытына барды.

Елбасы іргетасын қалаған бірегей жоба

Президентті жаңа ферро­қорыт­па зауытының балқыту цехында ERG директорлар кеңесінің төра­ғасы Александр Машкевич пен «Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Вик­тор Тиль қарсы алды. Өндірістік алаңда орнатылған LED-панель металлургияның даму тарихы туралы бейнесюжеттерді көрсетіп жатты. Акционерлік қоғамның президенті Виктор Тиль Елбасына жаңа ферроқорытпа зауытының Қазақстан Прези­дентінің капсул-құты салған сәті­нен бастап, оның іске қосылғанға дейінгі жұмыс барысын, сонымен қатар, компанияның стратегиялық дамуын баяндады. Содан кейін Нұр­­сұлтан Назарбаев бірінші балқыту пешін салтанатты түрде іске қосты. – Осы өндіріс әлемдік метал­лур­гияда жаңа трендтің негізін салатынына біз сенімдіміз,– деп атап өтті Виктор Тиль. – Иннова­ция­лардың арқасында жаңа ферро­қо­рытпа зауыты мемлекеттік үде­мелі индустриялық-иннова­циялық бағдарламаға еніп қана қоймай, компанияның хром қорытпаларының әлем­дік нары­ғындағы жетекші позиция­ларының кепілі болып табылады. Біздің қазіргі таңдағы негізгі мақсаттарымыз – қолданыстағы өндірістерді қарқындандыру және жаңа жоғары технологиялық өндірістер құрылысы, еңбекті және қоршаған ортаны қорғаудың халықаралық қағи­даттарын сақтау, әлеуметтік серіктестік дәстүрін жал­ғастыру. Біздің ойымызша, ком­пания қызметкерлерінің әлеуеті зор және олар заманауи құ­рал-жабдықтармен жұмыс жасауға лайықты. – Мен осы зауытта қырық жыл­дан астам уақыт еңбек етіп келе­мін. Осы жылдарда қатардағы бал­қы­ту­­шыдан цех бастығына дейінгі еңбек жолынан өттім, қазір кәсіподақ коми­­тетінің төрағасымын. Бұл кезең­­дерде қиындықтар да, табыс­ты кез­дер де болды. Сіз жұмысшы өмірін кім-кімнен де артық білесіз, сондықтан бізді кешегі доллар мен теңге айырмашылығындағы өзгеріс болғанда да қолдадыңыз. Біз жұмысшылардың еңбек­ақы­сын көтергеніңіз үшін де риза­шылығымызды білдіреміз.Сіз жаңа зауыт құрылысының тұғыр­тасын қалауға капсул-құты салға­ныңызға төрт жыл болды, біз қазір әлемде теңдесі жоқ бірегей кәсіпорынға ие болып отырмыз. Кәсіпорын әлемдік экономикадағы күрделі жағдайда салынды, біздің компания жұмысшылары Сіздің сеніміңізді абыроймен ақтады Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, біздің компанияның металлургтері атынан Қазақстанның бас метал­лургі ретінде Сізге мықты ден­сау­лық және барлық игіліктерді тілей­міз, – деді кәсіпорын кәсіподақ ко­митетінің төрағасы Бақыткерей Каванов. Жаңа зауыттың жетекші инженер-технологы Жәнібек Нұр­мұ­ханбетовтің Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі де әсерлі болды. Ол 2010 жылы жаңа зауыт­тың іргетасы қаланғанда Елбасына барлық инновациялардан озық болып, ілгері басуға уәде берген еді. Бұл оның игерілген технологиялық жаңашылдықтар және жасалған жұмысы туралы өзіндік есеп беруі десе де болғандай. Жаңа зауыттың құрылысы 2010 жылы басталған-ды. 28 қазақ­стандық мердігер фирма құры­лысқа қатысты. Жаңа өндіріс өнім­ділігі жылына 440 мың тонна жоғары көміртекті феррохром шығаратын тұрақты токпен жұмыс жасайтын төрт пештен тұрады. Зауыт 11 негізгі өндірістік нысанды қамтиды. Кешенді түрде олар аяқталған, яғни шикіқұрам материалдарының кіруінен бас­тап дайын өнімді тиеуге дейінгі өндірістік циклды құрайды. Биылғы жылдың соңына дейін 226,5 мың тонна өнім шығару жоспарланып отыр. Кәсіпорындағы жұмыс орындарының саны 500-ге таяу. Жалпы құны 843 млн. долларды құрайтын жоба Еуразиялық топтың инвестициялық бағдарламасында неғұрлым маңызды және болашағы зор жоба болып есептеледі. Мұнда тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемдік ферроқорытпа өндірісінде бірегей, теңдесі жоқ тұрақты ток пештерінде балқыту технологиясы пайдаланылады. Барлық өндіріс үдерісі мейлінше автоматтандырылған. Жаңа зауыт ағынды суларды тазартудың үш кезеңдік жүйесімен қамтылған. Сонымен қатар, су тазарту жүйесінен өтіп, шығынсыз жұмсалатын тұйықталған кері цикл да қарастырылған. Зауытта тазарту деңгейі жоғары екі түр­лі қазіргі заманғы газ тазарту қон­дырғылары орнатылған. Пештерде отандық шикізат – ұсақ кен мен көміртекті қалпына келтіргіштер қолданылады. Жаңа зауыт «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамына жергілікті құрам үлесін көбейтуді, өндірістің өзіндік құнын азайтуды, еңбек өнімділігін арттыруды қамтамасыз етеді. Нысанды пайдалануға беру Қазақстанның жоғары көміртекті феррохром шығару бойынша экспорттық әлеуетін 16 пайызға, ал Ақтөбе облысының экспорттық әлеуетін 46 пайызға көбейтуге мүмкіндік береді. 03-4.jpg-23-06 04-3.jpg-23-06  

Елдің ертеңі – дені сау ұрпақ

Сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев «Достық» судағы спорт түрлерінің орталығында болды. Халықаралық стандарттарға сәйкестендірілген «Достық» орта­лығы 2013 жылдың желтоқсан айын­да пайдалануға берілген. Мұн­да спорттық және синхрондық жүзу, су добы бойынша 2012 жыл­дағы FINA стандартындағы олим­пия ойындары мен әлем чемпио­наттарын, түрлі деңгейдегі спорт­тық сайыстарды өткізуге толық мүмкіндік бар. Орталықта спорттық жүзуге ар­налған он жолақты 50 метрлік бас­сейн, ырғақтық гимнастика жат­тығуына арналған, жаттығуға дайындық залдары бар. Бассейннің сыйымдылығы бір ауысымда 250 адамға дейін суда жүзумен ай­на­лысуға мүмкіндік береді, мұн­да бір тәулікте 10 ауысымға дейін қабылдау жүргізуге болады. Бассейнде Австриядан шы­ға­рылған түрлі спорттық жо­лақ­­тар­дағы хронометраждар көр­­се­тіліп тұратын көлемі 6х9 метр­лік ақпараттық табло орна­тылған. Жаттығу залында Мемлекет бас­шысы ақтөбелік спортшылармен және жаттықтырушылармен жүздесті. Олардың арасында КСРО-ның ауыр атлетикадан спорт шебері, спорт ардагері Қадыржан Ізғарин және 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына суда жүзуден қатысушы Александр Тарабрин де болды. Спорттың судағы түр­лерінің орталығында болған кезінде Мемлекет басшысының назарына кешенді жүзу бойынша спортшылардың көрсеткіштері ұсынылды.

«Дәру» – дертке дәру

Мемлекет басшысы 2013 жылдың ақпан айында жұмысын бастаған «Дәру» клиникасы» медициналық оңалту орта­лығына атбасын тіреді. Кли­ника мақсаты – тұрғындарға ден­саулық сақтау қызметінің қол­же­тімділігін арттыру, көрсе­ті­летін қызметтердің сапасы мен басқарудың нәтижелілігін көте­ру болып табылады, орталық ден­сау­лық сақтаудағы ұзақ мер­зім­ді салалық стратегиялық мем­ле­кет­тік-жекеменшік әріптестік аясында салынған. Жобаның жалпы құны 1,6 мил­лиард теңгені құрады, оның ішін­де 414,7 миллион теңге – мемлекеттік қолдау жасалып, сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 385,4 миллион теңге қаржы салынған. Құрал-жабдықтар 774,2 миллион теңгеге түскен. Клиника директоры Ғалымжан Елеуов жан-жақты амбулаторлық және стационарлық көмек көр­сетілетін медициналық мекеменің қызметі жөнінде баяндады. Оның айтуынша, амбулаторлық көмек педиатрия, терапия, кардиология, гастроэнтерология, эндокринология, неврология, хирургия, ортопедия, урология, гинекология, дерматовенерология, офтальмология, оториноларингология, психотерапия, логопедия мамандықтары бойынша көрсетіледі. Сондай-ақ, педиатрия, терапия, кардиология, эндокринология, неврология, медициналық оңалту, физио­терапия, бальнеология, емдік денешынықтыру, массаж, ине рефлексотерапиясы, кинезиотерапия мамандықтары бойынша стационарлық мамандандырылған көмек беріледі. Қайта оңалту ем-шарасы бөлмесінде қонақтарға құны 600 мың еуро тұратын, Швейцарияда шығарылған «Hocoma-Locomat» заманауи, жоғары технологиялық жабдықтың және Францияда шығарылған «Kinotek» емдік кешенінің мүмкіндіктері таныс­тырылды. Бұл арада Ақтөбе өңірінде денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға жіті назар аударылып отырғандығын айта кету орынды болмақ. 300 кереуеттік көпсалалы облыстық аурухананың пай­далануға берілуімен «100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасын тиімді жүзеге асыру аяқталды, аурухана заманауи диагностикалық және емдеу медицина құрылғыларымен жабдықталған. Сонымен бірге, «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт­тер және 50 емхана» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында 250 орындық Темір аудандық емханасы, облыс орталығында 500 орындық қала­лық емхана және жоғары даму әлеуетіне ие 9 елді мекен­де дәрігерлік амбулатория пай­да­лануға берілді. Нұрсұлтан Назарбаев кли­ни­ка­лық орталықтың күту залында ор­та­лық ұжымының өкілдерімен және облыстағы денсаулық сақтау саласының ардагерлерімен кездесті. Кездесу барысында Темір аудандық орталық ауру­ханасының кардиолог-дәрігері, жас маман Айнұр Нұрекенова жас мамандарға жә­не денсаулық сақтау саласын дамы­туда көрсетіліп жатқан қолдауға риза­шылығын жеткізді. Нұрсұлтан На­зарбаев медициналық орта­лық­тағы емделушілермен әңгімелесті. Олардың қатарында Елбасы өзін бала кезінен білетін 93 жастағы Е.Санжаровамен жүздесіп, есте­ліктерін айтты және оған ден­саулық тіледі. Қазақстан Президенті, сонымен қатар, медициналық орталық ұжы­мының өкілдерімен және облыстың денсаулық сақтау саласы ардагерлерімен әңгімелесіп, осы саланы мемлекеттік қолдаудың ұлғайғанына тоқталды. – Қаражат бөлініп, медици­на­лық нысандар құрылысы жүріп жатыр, жаңа жабдықтар сатып алынуда. Бірақ, ең бастысы – дәрігерлердің жоғары біліктілігі, қазір сіздер үшін оқуға, соның ішінде шетелде тағылымдамадан өтуге  барлық мүмкіндік бар. Бүкіл жұмыстың көзделген басты нә­тижесі адамның өмір жасын ұзарту, ана мен бала өлімін азайту болып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қара алтын өндіретін қабырғалы компания

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «СНПС-Ақтө­бе­мұнайгаз» АҚ бизнес орталығына келді. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз АҚ бас директоры Ван Цзюньжэнь компанияның өндірістік қыз­ме­тімен таныстырып, оn-line режі­мінде Жаңажол кен орнынан бас директордың аға орынбасары Тах­талифум Есенғұлов үшінші Жаңажол газ өңдеу зауытының 2-ші кезегі құрылысының аяқталуы жөнінде баяндады. Қуаттылығы жылына 6 миллиард текше метрді құрайтын үшін­ші Жаңажол газ өңдеу зауы­тының құрылысы «СНПС-Ақтө­бе­мұнайгаз» АҚ-тың негізгі жобасы болып табылады. Зауыттың бірінші кезегі 2007 жылдың ая­ғында пайдалануға берілді, бүгінде зауыттың екінші кезегі аяқталып отыр, үшінші кезекті іске қосу 2014 жылдың аяғына жоспарлануда. Аталған жобаны жүзеге асыруда 750 миллион АҚШ доллары игерілді. Зауыт іске қосылып, толық қуатына шыққан кезде еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырлары халықаралық талаптарға сай келетін, таза өңделген газбен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, өнімді экспорттық бағыттау және компанияның халықаралық газ рыногына шығу мүмкіндігі, мұнай айналымынан түсетін табыс көлемі ұлғаяды, сәйкесінше мемлекетке түсетін салық көлемі да артады. Бұл кәсіпорынның электр қуа­ты­на деген қажеттілігін қамта­масыз ету үшін газтурбиналық электрстансаның қуаттылығын 160 МВт-қа дейін кеңейту жұмыстары жүргізілуде, оны 2014 жылдың екінші жартыжылдығында пай­далануға беру көзделген.

Өңірдің экономикалық мүмкіндігі мол

Осы компанияның конфе­ренц залында Мемлекет басшы­сының іскер орта және жұртшы­лық өкілдерімен кездесуі өтті. Кез­десуде сөз алған Елбасы Н.На­зар­баев облысқа жолы түскеннен кейін іскер адамдармен және инвесторлармен кездесуді шеш­кенін жеткізе келіп, жинал­ған­дарды алғаш рет аталып отырған Мемлекеттік қызметшілер күнімен құттықтады. Содан кейін ол об­лыс­тың экономикалық дамуы­на тоқталды. – Ақтөбе – хромға, никельге, фосфорға, титанға бай өңір. Об­лыс Қазақстандағы ең үлкен өндіріс ошағы болып табылады. Қаланы миллион тұрғыны бар төрт қаланың қатарына енгізу бағы­тында жұмыс істеліп жатыр. Болашақта Ақтөбе шаһары Ал­маты, Астана, Шымкент қала­ларындай үлкен мегаполиске айналады деп күтілуде. Қазір 250 мың тұрғынға есептелген «Ақтөбе Сити» ауданы салынуда. Облыстың аумағынан «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық дәлізі, теміржол өтеді. «Жезқазған – Бейнеу» теміржолы облыстың оңтүс­тігіндегі сайын даладағы ауыл­дардың тұрғындарын жұмыспен қамтуға алғышарт жасайды. Күні кеше қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ еліміз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазақстан үшін 170 миллион адам тұратын, жалпы экономикалық көлемі 2,3 триллион АҚШ доллары болатын Ресей рыногына шығуға алғышарт жасалды. Облыс осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануы керек. Соңғы үш жылда ішкі аймақтық өнім 1,5 есе, өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,4 есе өскен. Индустрияландыру картасына жалпы құны 577 миллиард теңге болатын 78 жоба енгізілді, – деп атап өтті Елбасы. Нұрсұлтан Әбішұлы осы ке­зең­де 31 мектеп, 144 балалар ме­ке­месінің пайдалануға берілге­нін, мектепке дейінгі мекемелермен қамту көрсеткіші 85 пайызға жеткенін жақсы бағалады. Денсаулық сақтау саласында да ілгерілеу бар екенін айта келіп, бұған ақтөбеліктердің өмір жасының 71 жасқа дейін ұлғайғанын мысалға келтірді. Елбасы өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына да тоқталды. – «Бизнестің жол картасы-2020» бағ­дарламасы жүзеге асырыла бас­та­ғаннан бері шағын және орта бизнестің 400 нысанына 7 миллиард теңге қолдау көрсетілген. Кәсіпкерліктің белсенді нысандары 60 пайызға өскен. Мұндай көрсеткіш, әрине, қуантады. Мен Бура­байда өткен шетел Инвесторлары кеңе­сінде кәсіпкерлікті дамытуға байланысты бірқатар жеңілдіктерді жария­ладым. Жаңа салынған кәсіпорынға 8-10 жылға дейін салық салынбайды. Шетелден жұмысшы және маман шақыруға мүмкіндік бар. Зауыт толық салынып болғаннан кейін жұмсалған қаржының бір бөлігін қайтару да қаралған. Ал барлық инфрақұрылымды жүргізуді мемлекет мойнына алып отыр. Менің шешіміммен шағын және орта бизнесті қолдауға 1 триллион теңге бөлінді. Адамдарды, соның ішінде, жастарды еңбек етуге үйрету керек. Қазір барлық салалар бойынша мемлекетік бағдарламалар қабылданды. Еңбек етемін деген адамға жұмыс табылады. Жұмыс істейтіндердің нашар тұруына болмайды. Мен ақтөбеліктердің жағдайының жақсы екенін білемін. Сол үшін мемлекет барлық жағдайды жасауда, қолдау көрсетуде. Осыны халық айқын сезінуі керек, – деп қорытты сөзін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Содан кейін Мемлекет басшысы кездесуге қатысушылармен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрды. Елбасы пайдалануға берілген кәсіпорындардың жобалық қуатына шығуына, қала маңында азық-түлік белдеуін жасауға, әлеуметтік салаға бөлінген қаржының игерілуіне байланыс­ты сауалдарға жауапты лауа­зым иелерін тұрғызып, нақты жауап алды. Н.Назарбаев облыста жасалып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің іскер басшы екенін, өз міндетін абыроймен атқарып келе жатқанын атап өтті.

05-1.jpg-23-06

Қала сыртындағы шағын шаһар

Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе облысына сапары кезінде құрылысы 2012 жылы басталған «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабына келді. Президент кешенді аралау кезінде өңірдегі барлық тоғыз бағыт бойынша табысты жүзеге асырылып, жыл сайын көлемі артып келе жатқан тұрғын үй бағдарламасымен танысты. Тек өткен жылы ғана 460 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, нәтижесінде 4371 отбасы жаңа қонысқа ие болды. «Тұрғынүй құрылыс жинағының» арқасында 1131 отбасына 100 мың шаршы метр алаңға құрылыс салынды, «Самұрық-Қазына» АҚ» ҰӘҚ (32,2 мың шаршы метр) арқылы 560 отбасы жаңа пәтерге қоныстанды. 2014 жылы барлық қаржыландыру көздері арқылы 465 мың шаршы метр тұрғын үй алаңын пайдалануға беру көзделіп отыр. Қала әкімі Ерхан Омаров тұрғын үй аудандарының құрылысы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Бес шағын ауданнан тұратын тұрғын үйлердің биіктігі 9-дан 25 қабатқа дейінгі аралықта болады, тұрғындар саны шамамен 250 мың адамды құрайды. Болжам бойынша құрылыс 15-20 жылда аяқталады. Әр шағын ауданда 1000-1200 орынға арналған 2 мектеп және 280-320 орындық 4 мектепке дейінгі балалар мекемесін салу қарастырылған. Қазіргі уақытта мектеп және балабақшаның құрылысы жүргізіліп жатыр, олар 2014 жылдың соңында аяқталады. Тұрғын үй алабы барлық инженерлік инфрақұрылыммен, қоғамдық тамақтану орындары және әлеуметтік-мәдени, сау­да нысандарымен қамтылады. Саябақ аумағында барлық инфрақұрылымы жүргізілген балалар алаңы, аттракцион­дар және жабық стадион, мәдениет мекемелері – мұражай, театр, кітапхана орналасады. Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе қала­сында салынып жатқан осы жаңа тұрғын үй алабының құрылыс жұмыстары барысымен танысып, оның макеттік үлгісін көрді. Бұл ретте құрылыс жобасын сынға алып, оны заманауи архитектуралық талаптарға сәйкестендіру қажеттігін айтты. – Сіздерге осындай ауқымды тұрғын үй алабын салудың бірегей мүмкіндігі туып отыр, сондықтан бұл міндетке бар­лық жауапкершілікпен қараған жөн. Архитектуралық әралуандықты қамта­масыз етіп, ең жоғары стандарттарды ескеру керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.