Ғылым • 26 Ақпан, 2023

Жанкешті жастар: ғылымды алға сүйреп келеді

304 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізде ғылымдағы жастардың саны көңіл көншітпейді. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, Қазақстанда 22 мыңнан астам ғалым бар. Оның тек 35 пайызы ғана жас зерттеушілер. Мұндай дерек жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы қаулы жобасында келтірілген. Тіпті құжатта тәуелсіздік алғалы ғалымдардың саны екі есеге қысқарғаны да айтылған.

Жанкешті жастар: ғылымды алға сүйреп келеді

Олқылықтың орнын толтыру мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаевтың қолдауымен ғылым саласын да­мытуға қатысты заңнамаларға бірқатар өзгеріс енгізілді. Атап айтсақ, отандық ғылым саласын дамытуға бөлінетін қаражат көлемі мен ғалымдардың жалақысы өсті. Сондай-ақ зерттеушілерді қолдау шаралары көбейді. Мәселен, жас ғалымдардың ғылымға келуін ынталандыру үшін «500 ғалым» жобасы қолға алынды. Игі бастама көмегімен жыл сайын зерттеуші­лер әлемнің жетекші ғылыми орталықтарынан тағылымдамадан өтеді.

Осыдан екі жыл бұрын іске қо­сылған қанатқақты жобаның игілігін көргендердің бірі – Гүл­мира Мұхиева. Жас ғалым 2022 жылы Польшаның Быдгощ қаласындағы «Ұлы Кази­мир» университетінен тағы­лым­дамадан өткен. Ол алты ай бойы оқу ордасының ғалым­дары­мен етене жұмыс істеп, сол ел­дің білім беру мекемелеріне барып, тәжірибе жинақтаған. Мұға­лімдерді акаде­миялық дең­гейде даярлау бойы­нша зерттеулер жүргізген.

– Мен 2019 жылы Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қа­зақстан университетінде «Педа­гогика және психология» маман­дығы бойынша педагогика ғы­лымдары магистрі дәрежесін алдым. Кейін осы оқу ордасында педагогика факультетінің мектепке дейінгі және бастауышта білім беру кафедрасында оқытушы болып қызметке орналастым. Жұмыс істеп жүріп «500 ғалым» жобасы туралы естіп, қабілетімді сынап көрмекке бекіндім. Талапқа сай құжат тапсырып, шетелдік ЖОО-дан шақырту алдым. Сөйтіп, іріктеуден өттім. Ғылым жағына тоқталатын болсақ, ол жақта өз елдерінің азаматтарына және поляк, ағылшын тілдерін жетік меңгерген шетелдіктерге докторантураға оқуға түсу жеңі­лірек. Оқу барысында да өзге мемлекеттер немесе біздің ел­дегі­дей «Scopus» базасындағы журналдарға мақала жариялау міндетті емес. Бастысы зерттеу жұмысың өзекті әрі мақалаң нақты дәйектелген болуы шарт, – деді жас ғалым Г.Мұхиева.

Сұхбаттасымыз айтқан сөздің жаны бар. Елде докторантураны тамамдағандар түгел диссертацияларын қорғап, ғылыми дәреже алып үлгермей жатыр. Оның әртүрлі себептері бар. Басты қиындық – шетелдік «Scopus» немесе «Web of Science» сынды халықаралық базадағы жур­нал­дарға ғылыми мақала жариялау. Онсыз елімізде диссер­тация қорғауға рұқсат етпейді. Салдарынан отандық ғалымның 65 пайызының ғылыми дәре­жесі жоқ. Айтпақшы, сол «Scopus» деректер базасындағы журналдарға қазақ тілі мен әде­биетін, қазақ филологиясын, Қазақстан тарихын, қазақ философиясына қатысты білім беру бағдарламалары бойынша оқитын докторанттарға мақала жариялау міндетті емес. Сонда да статистика өзгермей тұр.

Бұл мәселені шешу мақса­тында министрлік ғылыми қыз­­меткерлерді ынталандыру тетік­терін енгізу керек деп есеп­тейді. Мәселен, гранттық жобаларды қаржыландыру көлемін арттыру – соның бір жолы.

– Елдің ғылыми-техникалық дамуына бөлінген қаржының жалпы үлесі шамамен 55,1 млрд теңгені құрайды. Іске асырылған 152 жобаның портфелін талдай отырып, көп жағдайда грант алушылар бизнес өкілдері және жоғары оқу орындарының нә­ти­жесі төмен екенін атап өтуге болады. Мұндай жағ­дай дайын инновациялық өнім­дер мен қызметтерді сату көрсет­кіштерімен айқындалады. Мұнда бизнес өкілдері ең жоғары 79 па­йыз нәтижені көрсетеді, жоғары оқу орындары тек – 4,5, ғылыми-зерттеу институты – 5 және ғы­лыми-өндірістік орталықтар 11 пайыздан сәл асады. Бұл жағдай ғылым мен бизнесті интеграциялау бойынша жұмыстарды күшейту қажеттілігін тағы бір рет растайды, – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Ғалымдардың нанына бизнесмендер ортақтасып отыр. Сондықтан ғылыми жобаларға берілетін қаржыландыруды қайта реттеу керек. Бұл жерде министр алдағы үш жылда ғы­лым­ды қаржыландыру үш есе өсе­тінін де айтты. «Биыл 150 млрд теңге, келер жылдары 240 млрд теңге, яғни үш жылдың ішінде біз 640 млрд теңгеден астам инвестиция құямыз. Оның басым бөлігі өңірлік университеттерге, өңірлік ғылымға бағытталады», деген еді С.Нұрбек. Ал кадрлық әлеуетті 2025 жылға дейін 1,5 есеге арттыруды көздеп отырмыз. Жауаптылар шара қолданып-ақ жатыр, бірақ салынған инвестиция бірден нәтиже беретініне күмән бар. Бұған қоса аз уақыттың ішінде 13 мыңға жуық ғалымды қатарға қосу да оңай шаруа емес. Яғни бұл отандық ғылымда ойласар мәселе көп деген сөз.

Қазір қоғамда құр атақ үшін ғылыми дәреже алғысы келетін­дер бар. Бұл жағымсыз үрдіске айналып барады. Еліміздегі іргелі оқу орындарындағы магистр дәрежесін оқып жатқан жастардың басым көпшілігі ғылыммен айналысқысы кел­мейді. Грантқа оқуға түскендердің бірі жұмысқа қажет деп ашық айтса, енді бірі стипендиясына қызығып оқып жатыр. Демек, ғылыми атаққа ие болғанымен, ғылым жолын жалғастырмайды. Салдарынан мемлекеттің қан­шама қаражаты зая кетеді. Айта кетейік, жыл сайын еліміздің білім беру ұйымдарынан орта есеппен 905 докторант және 20 мыңға жуық магистрант түлеп ұшады. Тағы бір ойланатын тұсы – отандық ғылымдағы жалақының ұзақ жылдар бойы аз және тұрақсыз болуы. 2021 жылы орташа жалақы 187,7 мың теңге еді, биыл 252 мың теңгеге дейін өсті. Әрине, бұл – жақсы жаңалық. Бірақ биылғы қаңтар-ақпан айындағы азық-түлік пен пәтер, басқа да тұрмыстық қа­жеттіліктің қымбаттағанын да ескеру керек. Бұған қоса еліміз­дегі 35 жасқа дейінгі жас отба­сылардың кемінде 1-2 баласы бар. Демек, нағыз ғылым жолын тек жанкештілер ғана таңдайды деген сөздің жаны бар.