Туризм • 24 Ақпан, 2023

Меймандос мегаполистің мүмкіндігі

254 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

БҰҰ жанындағы Дүниежүзілік туризм ұйымы (UNWTO) 2022 жылдың нәтижесін қорытындылап, әлемнің 5 құрлығындағы 22 мемлекеттен саяхатқа ең қолайлы деген 32 елді мекен, қаланы анықтады.

Меймандос мегаполистің мүмкіндігі

Ұйымның тәуелсіз сарапшылары бұл туристік аймақтарды 9 өлшем бойын­ша саяхатқа лайықты деп таңдаған. Басты талаптардың ішінде сол өлкелердің мә­дени, табиғи ерекшеліктері, қоғамдық, экономикалық тұрақтылық, байланыс және инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым мәселелері, сондай-ақ денсаулық сақтау саласы қамтылды. Туризмге жайлы деп танылған елдердің тізімінде Вьетнам, Түркия, Испания, Аус­трия, Перу, Мексика, Иордания, Қы­тай секілді мемлекеттер бар. Дүние­жү­зілік туризм ұйымына мүше елдерден 57 мемлекет әрқайсысы 3 елді мекеннен әлемнің таңдаулы туристік аймағына үміткер ретінде ұсынған. Солардың ішінен төрткүл дүниедегі 32 өлкенің бағы оза шапты.

Туризм тақырыбына тұздық болған бұл ақпарат адамды біраз ойға жетелейді. Расында да Дүниежүзілік туризм ұйы­мының таңдауына Қазақстаннан, тіпті Орталық Азия мен ТМД мемлекеттерінен бірде-бір саяхатқа лайықты аймақтың ілінбегені көп жайтты аңғартады. Бұл туризм саласы жергілікті жерде әлі де дамуды, өркендеуді қажет етеді деген түсінікті қалыптастырып отыр.

Осы ретте республиканың үшінші мегаполисіндегі туризм төңірегіндегі мәселені шама-шарқымызша саралап көрсек. Сонымен қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Қалқабаевтың мәлімдеуінше, жыл сайын шаһарға келе­тін саяхатшылар саны артып жатқанға ұқсайды. Нақты сандардан деректер келтірген маман 2021 жылы мегаполисті тамашалаған туристер 200 мыңнан асса, өткен жылы 300 мыңнан көп саяхатшы Шымкентті таңдағанын айтты. Негізінен рес­публиканың түстігіндегі қаланы кө­руге Өзбекстан мен Ресейден туристер көп келеді. Сонымен бірге Түркия, Қы­тай, Еуропа елдерінен де туристік бағы­тын Шымшаһарға бұратын саяхатшылар жетерлік.

Аталған органға мұндай мағлұматты ұсынып отыратын – қаладағы қонақүйлер. Сол себепті қонақүйлерге қонбаған жал­дамалы пәтерлерде тұратын алыс-жақын шетел азаматтарын қосқанда жоғарыдағы статистикалық дерек одан әлдеқайда көп болып шығуы мүмкін. Қысқасы, өткен жылы туризм саласы шаһардың жергілікті бюджетіне 10 млрд теңге салықтық кіріс түсірген. Жалпы, қаланың жылдық бюджеті шамамен жарты трлн теңгеге жетеді. Сондықтан туризмнен түсетін табыс ішкі жалпы өнімге пәлендей әсер етеді деуге әлі ертерек сияқты. Дегенмен қосымша кіріс мегаполистің күн тәртібіндегі әлеуметтік мәселесінің аз да болса оңалуына сеп бола ма деген үміт те жоқ емес. Осыған орай туризм саласын дамыту шаһар әкімшілігінің назарында тұрған басты мәселенің бірі болып қала береді.

Басқарма өкілі Шымкенттің турис­терді өзіне тартатын екі ерекшелігі бар екенін алға тартады. Бұл – жайлы климаты мен дәмі тіл үйірер әрі бағасы басқа өңірлермен салыстырғанда арзандау болып келетін тамағы. Сонымен бірге саяхатшылар шаһарға келгенде жүзден аса туристік нысандарды тамашалай алады.

«Тарихы 2 мың жылдан асатын Шымкентте туристер қызығатын тарихи-мәдени орындар баршылық. Мәселен, Ескі қалашықтағы қорған, қазақ даласына Ислам дінін таратқан Қараханидтер дәуірінен қалған Сайрамдағы көне базар. Кезінде сол маңда құлдар да саудаланыпты. Сайрамдағы бұл базар әлі күнге дейін бар. Ал Ескі қалашықта Кенесары ханның ұлдары Сыздық сұлтан мен Ахмет тұрған және сол жерде жұмыс істеген. Бұған қоса 1949 жылы ашылған шаһардағы тұңғыш ресторан «Аралды» айтуға болады. Бүгінде бұл дәмхана атауы «Жеті тандырға» өзгерген», деді Азамат Қалқабаев.

Қала тұрғыны Бақтыбай Әбдірайым – шетелге көп саяхаттауды ұнататын азаматтардың бірі. Шағын бизнесін дөң­гелетіп, содан түскен пайдаға әртүрлі ел­дерді аралап, жер кезіп жүргенді жаны сүйеді. Өзінің айтуынша, туризм дегеніміз – жан рақаты. Адам еңбек етумен бірге көңіл көтеріп, бірауық де­малу да керек. Осы мақсатқа орай отбасымен саяхатқа шығып, дүниенің төрт бұрышын аралауды әдетке айналдырған. Бәрі де салыстырмалы түрде білінеді деген ол еліміздің туристік әлеуетін әңгіме барысында таразылап, баяндап берді. Қазақтан әлемдік қауымдастықтың бір бөлшегі болғандықтан сыртпен байланыс бүгінде күшейе түскен. Оның айғағы дүние жүзіндегі әйгілі туристік аймақтарға Шымкенттен ұшатын тікелей әуе рейстері ашылған. Адамдардың ел көріп, жер тануына ол әрине жақсы. Алайда жергілікті туристермен бірге капитал да сол елге ұшып барады. Туристер сонда бар ақшасын жаратып қайтады. Ал ол қаражат әлгі мемлекеттің экономикасын күшейтуге жұмсалатыны түсінікті. Дәл осындай жағдайды Қазақстанда да тудыру керек, деп есептейді кейіпкеріміз.

«Азаматтар неліктен сыртқа көп сая­хаттайды. Өйткені климаты бөлек экзотикалық елдерді көргенді қалайды. Мұхит, теңіз сулары жағалауын шайған мұндай туристік аймақтар сонысымен де адамдарды өзіне қарай тартады. Деген­мен Қазақстанның да, соның ішінде Шым­кенттің өзіне тән табиғаты мен басқа да ерекшеліктері бар. Біз әлі де сол мүм­кіндікті пайдалана алмай жатырмыз. Оның екі себебі бар. Біріншіден, жергілікті халық еліміздің өзінде қан­дай керемет демалатын, табиғаты та­мыл­жыған орындар бар екенін жөнді білмейді. Екіншіден, білгенімен ол жаққа серуендеп бару, сейіл құрып қайтуды қалтасы көтермейді. Міне, осы екі мәселе ішкі туризмнің аяғына тұсау салып отырған секілді. Оның үстіне мегаполисте, тіпті тұтастай елімізде десе де болады, тиісті инфрақұрылым мәселесі толық шешімін таппаған. Қауіпсіздік жағы да көңіл көншітпейді. Нақты туристік маршруттар жоқтың қасы. Мәселен, шетелде саяхатшыларды алдын ала белгіленген туристік бағыттар бо­йынша алып жүреді. Осындай әдісті отандық туризм саласына да енгізу қажет. Туризмді мемлекеттің тікелей күшімен дамыту дұрыс емес. Бұл сала нарықтың заңдылығы бойынша ұсыныс-сұранысқа қарай өздігінен өркендеуге тиіс. Бізде керісінше туризмнің ұранымен талай нысан, ғимараттарды салып тастады. Алайда көбісі жұмысын жартылай істеп немесе қаңырап бос қалды», деді Б.Әбдірайым.

Мегаполисте 13 туроператор мен отыз­дан аса гид қызмет көрсетеді. Со­ның ішінде 4 туроператор – шетелде. Олардың жұмысы – шетелдік турис­терді Шымшаһарға тарту. Жалпы, бұл тәжірибе әлемдегі туризмі дамыған мемлекеттерде кеңінен қолданады екен. Осы ретте басқарма өкілінің айтуынша, кейбір шетелдік турпакеттердің арзан болу себебі олар алдын ала туристерді дайын­дап, қонақүйді, ұшақтың билеттерін брондап қояды. Алайда бұл сол елдерде бәрі арзаншылық дегенді білдірмейді. Ал шетелдік туристер жеке өздері тур­пакетсіз келетіндіктен, Шымкенттегі сервистің бағасы оларға қымбатқа со­ғып жатады. Сондықтан арнайы тур­ба­ғытпен ә дегенде жүздеген турист бір-ақ әкелетін дүниежүзілік тәжірибе Шымкентте де жүзеге асырыла бастады. Мұнымен қоса қазір шетелдің азаматын шаһардың кескін-келбетімен таң­ғалдыру қиын. Оларды қызықтыратын – халықтың байырғы тұрмысы, салт-дәстүр мәдениеті. Осыған байланысты мегаполистегі шеткі елді мекендердің бірінен ауылдың тіршілігін көрсететін сондай бір жобаны қолға алуды жоспарлап жатқан секілді.

Өз кезегінде БҰҰ жанындағы Дү­ние­жүзілік туризм ұйымы жергілікті жердегі туризмді аяққа тұрғызуға, соның есебінен елді мекендердің эконо­микасын көтеріп, қосымша жұмыс орындарының ашылуына күш салып, кедейшілікпен күресуге барынша атсалысып жатыр. Осы орайда ұйым арнайы бағдарлама жасап, саяхатшылар легін дәстүрлі туристік орталықтардан бұл салаға енді қадам басып келе жатқан аймақтарға бұруға тырысады. Ал мұның еліміздегі туризмнің әлеуетін арттыруға қаншалықты әсер беретінін уақыттың өзі көрсетер.

 

ШЫМКЕНТ