Қоғам • 22 Ақпан, 2023

Шектеулі мүмкіндіктің шетін мәселесі

262 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мүмкіндігі шектеулі жандарға жәрдемақы беру жүйесін әлі де жетілдіру керек. Онсыз да ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға медициналық әлеуметтік сараптамадан өту үшін құжат жинау қиындық тудырып отыр. Қамкөңіл жандар бітпейтін кезектен қажып, мүгедектікке шығу үшін амалсыз жемқорлыққа жем болса, енді бірі комиссияның бітпейтін тексеруінен жүйкесі сыр беріп жүр. Денсаулығы жарамсыз болса да соған сай мүгедектік тағайындалмай, тиісті жәрдемақысын ала алмай жүргендер қаншама?

Шектеулі мүмкіндіктің шетін мәселесі

Оразғали Орынбаев 2018 жылы инсульт алып, арбаға таңылған. Денсау­лығына байланысты жұмысқа жарамсыз болса да биыл медициналық сараптама қорытындысы бойынша комиссия мүшелері «ІІ топ мүгедегі» деген статус­ты тек 3 жылға тағайындапты.

– Жыл сайын жолдасымның құжаттарын өзім өткіземін. Күтімін де өзім жасаймын. Жасым болса 60-қа таяды. Мүгедектікті ресімдеу үшін емханадағы талаптарды жеңілдету керек. Кабинетті торып, кезек күту қажытады. Барлығы да мен секілді бір шаруамен келіп отыр. Оларға қалай қиылып «өтіп кетейін» деп отырасың. Амал жоқ, күтеміз, – деді О.Орынбаевтың жұбайы Г.Омарқызы.

Мүгедектікті ресімдеу ме­ди­ци­налық ұйымның дәрі­гер­лік-консультациялық комиссиясының жолдамасы – №031/е нысаны бойынша медициналық әлеу­мет­тік сараптамаға (МӘС) қоры­тынды негізінде халықты әлеу­мет­тік қорғау саласындағы уә­кі­летті органның аумақтық бө­лім­шелерінде жүзбе-жүз, куә­лан­дырылатын адамды қарап-тексеру немесе сырттай меди­ци­налық-әлеуметтік сараптама жа­сау арқылы жүргізіледі. Яғни ауыл тұрғыны 4 ай ішінде диагнозын қойып, оңалту бағдарламасы мен дәрігердің бақылауынан өту кестесін жасау үшін аудан орталығына келуі керек. Содан кейін ғана түрлі құжаттарды жинауды талап ететін облыстық бас­қармаға, МӘС-ке жіберіледі. Ұсы­нылған құжаттарды қарау, куәландырылатын адамды тексеру, организм функцияларының бұзылуы мен тыныс-тіршілігінің шектелу дәрежесін бағалау жолымен МӘС бөлімі басшысының және кемінде екі бас маманның қатысуымен жүргізіледі. Кейін мүгедектігі бар адам деп танылған жанға бірінші, екінші немесе үшін­ші топтағы мүгедектік, жеті жасқа дейінгі адамға «мүгедектігі бар бала» санаты, ал жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі адамға бірінші, екінші, үшінші топтағы «мүгедектігі бар бала» санаты белгіленеді. Осылайша, мүгедектік дәрежесін алу мерзімі орта есеппен 2 айдан бір жылға дейін созылады. Демек бұл айтарлықтай уақытты талап ететін үдеріс. Міне, осыдан бастап, ерекше күтімді қажет ететін жандардың шаруалары шатқаяқтайды.

Жәрдемақы тағайындаудағы қа­ғазбастылыққа шағым­дан­ған­дар­дың бірі – атыраулық Альбина Рысмағамбетова. Көпбалалы ана 9-да ашылатын МӘС-ке таңғы 7-ден бастап кезек алып тұрады. Содан дәрігердің қабылдауына тек сағат 11:00-де ғана кіреді. Бұған қоса туылғанынан ауыз қуысында кінәраты бар бала­сы­ның мүгедектік статусын комиссия мүшелері жыл сайын тоқ­та­та­мыз деп «қорқытады» екен.

– Мүгедек статусын алу үшін таба­нымыздан тоздық. Жыл са­йын медициналық сараптамадан өтеміз. Міне, осымен екінші жыл қатарынан ІІІ топқа жататын қызымды кезек күтіп, әр кабинеттің есігін қағып, дәрігер­лер­дің толық бақылауында бол­дық. 15 жастағы балам әлі дұрыс сөйлей алмайды. Сол үшін логопедке апарамын. Өзінің қа­тар­ластарынан қалыс қалған соң, қазір 5-сыныпты оқып жатыр. Олардың қағытпа сөзі, қызымның жүйке жүйесіне, қоғамға, ортаға бейімделуіне қиындықтар тудыруда. Сондықтан психологтың көмегіне де жүгінеміз. Жолдасым жұмыс істемейді. Бұл қыздан бөлек, тағы 4 балам бар. Қазір маған да, қызыма да мемлекет тара­пынан жәрдемақы төленеді. Осы­мен күнелтіп отырмыз. Егер алда­ғы уақытта, сараптама нә­ти­жесінде мүгедекті рә­сім­­демесе, жағдайымыздың не бо­­ла­рын білмеймін, – дейді А.Рысмағамбетова.

Альбина секілді таңмен таласа өңірге қарасты аудандардан тағы біраз адам келеді. Бірақ дәрігерлер олардың құжаттарында қандай да бір мөр немесе қол қойылмағанын байқаса, кері қайтарып жіберетін көрінеді. Бұл да барып тұрған бюрократия.

Былтыр жұртшылықтың көңі­лін күпті еткен дәл осы мәсе­ле­ні ақпан айындағы Мәжілістің жалпы отырысында экс-депутат Ғани Ташқараев көтерген еді. Сондай-ақ ол мүгедекті ресімдеу кезіндегі жем­қорлық туралы да дәлелдер келтірген-ді.

– Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігінің рес­ми деректері бойынша 2021 жылы сотқа 102 талап-арыз бе­рі­ліп, қаралды. Оның ішінде 77 (75,5%) іс бойынша талап-арыздар қанағаттандырудан бас тартылды және 25 іс бойын­ша арызданушылардың талап­тары қанағаттандырылды. Мү­ге­­дектікті танудың қолда­ныстағы тетігімен сыбайлас жем­қорлық тәуекелдері бар. Мүге­дектердің пікірінше, қайта сарап­тамадан өту мәселелері мүл­дем ақылға сыймайды және көп жағ­дай­да осы мәселелермен ай­на­л­ысуға уәкілетті органдар мен маман­дар­дың әрекетіне наразы­лық туғы­зады, – деген еді Ғ.Ташқараев.

Осылайша, жәрдемақы та­ғайын­дау жүйесінің олқылығы та­лай жанның обалына қалып отыр. Негізі Қазақстанда тағдыр­дың тәлкегіне табандылық танытып, сынағына сынып кетпей жүрген 711,8 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның ішінде 104,3 мыңы мүгедектігі бар балалар. Был­тыр­дың өзінде қолданыстағы заң­намаға сәйкес медициналық ұйымдар қайта куәландырудың кезекті мерзімін ескере отырып, мүгедектігі бар 169,9 мың адам кезекті куәландырудан өткен. Яғни бұл тізімдегілердің басым көпшілігі жоғарыда аталған проблемамен бетпе-бет келді деген сөз.

Айтпақшы, биылғы 1 қаңтар­да­ғы жағдай бойынша мүге­дек­тігі бойынша мемлекеттік әлеу­меттік жәрдемақы алушылар саны шамамен 531,3 мыңға жуық адамды құрайды екен. Ал мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөл­шері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленетін ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына қарай, мүгедектік тобына және себебіне байланысты тағайындалады деп түсіндірді бізге салалық министрлік өкілдері.

– Биыл аталған әлеуметтік жәр­демақы көлемі 40 567 теңгені құрады. Бүгінде «Қазақстан Рес­пуб­ликасында мүгедектiгi бо­йын­ша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы» заңның 12-бабына сәйкес мүгедектігі бо­йынша тағайындалатын жәрдем­ақы­лардың мөлшері мынадай: бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға ең төмен күнкөріс дең­ге­йі мөлшерінде есептелетін ақы – 77 889 теңге, екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде есептелетін ақы – 62 068 теңге, үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға 1,04 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде есептелетін ақы 42 190 теңге, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік қам­сыз­­дандыру және әлеуметтік сақ­тан­дыру департаментінің сарапшысы Дулат Байбатшаев.