20 Маусым, 2014

Футбол. Әлем чемпионаты: Италия – Коста-Рика 0:1

273 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

20-06-14-italia-kosta_rika-1

АСТАНА. 20 маусым. Бүгін түнде Италия – Коста-Рика кездесуімен D тобындағы екінші тур ойындары аяқталды. Онда костарикалықтар 1:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл туралы egeven.kz хабарлады. Италия – Коста-Рика 0:1 (0:1). 20 маусым. Ресифи. «Арена Пернамбуку» стадионы. Төреші - Энрике Оссес (Чили). Италия: Джанлуиджи Буффон, Маттео Дармиан, Андреа Бардзальи, Джорджи Кьеллини, Иньяцио Абате, Антонио Кандрева (Лоренцо Инсинье, 57), Андреа Пирло, Даниэле де Росси, Тиаго Мотта (Антонио Кассано, 46), Клаудио Маркизио (Алессио Черчи, 69), Марио Балотелли. Коста-Рика: Кейлор Навас, Кристиан Гамбоа, Оскар Дуарте, Михаэль Умана, Джанкарло Гонсалес, Жуниор Диас, Ельцин Техеда (Хосе Куберо, 68), Кристиан Боланьос, Жоэль Кэмпбелл (Маркос Уренья, 74). Гол: Брайан Руис (44). Ескертулер: Марио Балотелли (69) – Хосе Куберо (71). Чемпионат басталар алдында жанкүйерлер «өлімге бас тіккендер тобы» деген әділ ат берген D квартетінде фаворит Италия да, Англия да, Уругвай де емес, Коста-Рика болады деп кім ойлаған! Керісінше жұрттың бәрі анық аутсайдер статусын осы құрамаға теліп қойған жо па еді?! Ал Орталық Американың жасағы Уругвайдан кейін Италияны да ұтып кетіп, Бразилия чемпионатындағы әзірге ең басты сенсацияны жасап отыр. Екі бірдей бұрынғы әлем чемпионын тізе бүктірген ұжым осылай екі ойында мүмкін болған 6 ұпайды түгел алып, топтың ең алдына шығып, келесі плей-офф кезеңіне бірінші болып өтті. Ең бастысы, Коста-Рика осының алдындағы сияқты Италиямен кездесуде де лайықты жеңіске жетті. Шыны керек, Чезаре Пранделлидің шәкірттері «лос тикостан» титтей басым болмады. Рас, италиялық Марио Балотелли командаласы Андреа Пирло берген екі керемет пас арқылы гол соғуы керек еді. Бірақ бұл мүмкіндіктерді ол дұрыс пайдалана алмады. Аппенин жігіттерінің осылардан басқа гол соғуға қолайлы сәттері болған жоқ. Таймның соңында костарикалықтар айтарлықтай басымдылық көрсетті. Сол шабуылдар легінде чилилік төреші Энрике Оссес итальяндардың Жоэль Кэмпбеллді өз айып алаңдарында анық шалып құлатқанына пенальти беруге батылдық таныта алмады.  Дегенмен, арада бір минут өткенде әділдік салтанат құрғандай болды – америкалықтар Брайан Руистің көмегімен гол соғып, алға шықты. Осыдан кейін Италия құрамасы екінші таймда ойын тізгінін біржола қолына алатындай көрінген. Алайда, іс жүзінде бәрі басқаша шықты. Костарикалық қақпашы Кейлор Навастың дарбазасына төнген қауіптің қатары бірінші таймдағыдан да азайып кетті. Ал «лос тикос» сәт сайын алға ұмтылып, қарсы шабуылдар ұйымдастыруларын жалғастыра берді. Олар кейде кәдімгідей қауырт шықты. Осы аралықта скуадура адзура офсайдқа түсіп қалуларын жиілетті. Осылайша қарсы жақтың екпінін басып отырған Хорхе Луис Пинтоның жігіттері жеңісті жария ететін есепті кездесу соңына дейін сақтап қалды. Дамир Қожамқұл. Дереккөз: egemen.kz. Фото: Sportbox.ru.