20 Маусым, 2014

Қазақ тазысы тек қазақтікі болуы қажет

404 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Атам қазақ жеті қазынаның бірі деп баға берген байлықтардың соңын жүйрік тазы қорытындылайды. Тұқымын асылға балаған иттің бұл түрі жеті қазынаның біріне тегін баланбаған. Жүгірген аңның денін жібермей­тін бұл жануар жайлы сөз қозғай қалсаңыз, әсіресе, аңшы қауымның арасында қызығы бітпестей көрінетін әңгіме легі ақтарыла кетеді. Оның алғырлығы мен ақылды­лығы қатар айтылып, қауқылдасып жатады. Ал осы тазы тұқымының бүгін­­­­дері тағдыры қыл үстінде тұрға­ны тек осы жануарға жанын ауыр­тар азаматтарымызды ғана толған­дыра ма, қалай? Тағдыры деп отырға­нымыз, бүгінде әлемнің көп елдері өздерінің атадан балаға мирас болып келе жатқан асыл тұқымды жануарларын патенттеп жатқанда, жоқтан бар жасауға бейім тұратын өзге де құмар елдер тарихы ғасырлардан тамыр тартатын қазақ тазысын сертификаттап алмай ма деген мәселе бүгінде еліміздегі тазы тұқымының әуесқой жанашырларын қатты толған­дырып отыр. Нақ осын­дай жана­шырлардың бірі – «Аймақ­аралық кинологиялық орталы­ғы» республикалық қоғамдық бірлес­тігінің президенті, Халық­аралық және ұлттық дәрежедегі сарапшы Нина Макерова. – Мен өз елімнің патриотымын, – деп бастады, – бізбен әңгімесін қазақ тазысының жанашыры Нина Михайловна. – Отыз жылдан астам уақыттан бері Қазақстан жерінде тамыр жайып келемін. Мен бұл жерді ешнәрсеге айырбастамаймын. Сонымен қатар, қазақ тазысына деген ықыласымның орны тіптен бөлек. Оның алдағы тағдыры менің жаныма қатты батады. Еліміз тәуел­сіздік алғаннан бергі уақытта қазақ тазысына деген жанашырлық жоқтың қасы. Біз өстіп енжарлық танытып жүргенімізде өзге бір ел қазақ тазысын құжат жүзінде иемденіп алса, өкініштің көкесі сонда болмай ма? Міне, содан кейін не бір үлкен жарыстарға, не бір халықаралық көрмелерге баруды түсіңізде ғана көруіңіз ғажап емес. Сондай-ақ, ол бұл тұрғыда Ауыл шаруашылығы министрлігінің сырғытпа жауаптарына да көңілі толмайтындығын айтып өтті. Оның сөзіне қарағанда, аталған министрлік бұл мәселемен өздерінің айналыспайтындарын жеткізген. «Сонда кім айналысады бұл іспен және бұл тұрғыда мемлекеттік қолдау кезек күттірмейтін мәселе», дейді Н.Макерова. – Қазақ тазысы қандай сұлу, ­қан­­дай алғыр десеңізші! Бәзбіреулер ­мұны түрікмен тазысымен шатас­тырып жүр. Ал шындығында екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Басқасын былай қойғанда, қазақ тазысы одан едәуір етжеңді болып келеді. Еліміздің Семей, Қарағанды, Ақтау, Көкшетау, Павлодар секілді және өзге де аймақтарында қоян, түлкі, борсықты айтпағанның өзінде азулы арлан қасқырларды алатын тазылар бар. Бұл ретте, әсіресе, солтүстік өңір тазылары жүректі, ешнәрседен қорқа қоймайтын өжет болып келеді. Қажет болса, қабанға да әлі келетіндерін кездестіруге болады. Осындай асыл қазынамызды құнттамай жүргеніміз менің жаныма қатты батады. Ашынғаннан кейде ащы даусым да шығып кетеді. Қалай шыдамсызданбайын, өзіңіз ойлап қараңызшы, кішкентай ғана Болгарияда асыл тұқымды әр күшікке 100 еуродан қаржы беріледі екен. Ал бізде ше... Міне, бұл мемлекеттік деңгейде үлкен қолдау қажет екенін тайға таңба басқандай айқындап тұр емес пе? – дейді ол тағы да. Түрікмендер тәуелсіздік алған алғашқы жылдары-ақ тазысы мен алабайын заңдастырып алыпты. Біз әлі күнге дейін қалың ұйқы құшағында жүр екенбіз. Бұлай жата беруге болмайтыны анық. Қазірден қимылдамасақ, жоғарыда айтқанымыздай, өкінішке ұрынып қалуымыз әбден мүмкін. Осылай деп әңгімесін әрі қарай жалғады қазақ тазысының жанашыры. – Қажет кезінде үйіңді де күзе­тіп, аңға да салуға болатын абзал жануарды қалай мадақтасаң да жара­сады. Оларды ерінбей суреттерге түсіріп, каталогтарға енгізу шарала­ры да үлкен жұмыстардың баста­уы болмақ. Биылғы жылдың 21 қыр­күйегінде Астана маңында «Қан­сонар» аңшылардың қоғам­дық бірлестігі мен аңшылық шаруашы­лығы субъектілері республи­ка­лық қауымдастығының ұйытқы болуы­мен егемендік алған кезден бері тұңғыш рет ит көрме-байқауы өткелі отыр. Мұнда республиканың бірқа­тар аймақтарынан келген тазы­лар таныстырылмақ. Егер сен елің­нің шын патриоты болсаң, осы шара­ға келуге тиіссің, қазақ бала­сы! Бұл қазақ тазысы еліміздің визит­ті карточкасы іспеттес екені естеріңіз­ден шықпаса екен деймін, – дейді ол. Сарапшының жаны аши айтқан салиқалы әңгімесін тыңдағанда, бала күнімде өзім куә болған мына бір сәттер еріксіз еске оралды. Ауылда қойдың кезегі деген болатынын онда өскен кез келген бала біледі. Шамамен айына бір рет келетін сол кезектегі біздің міндет құлқын сәріден көз байланар уақытқа дейін ауылдан төрт-бес шақырым ұзап шығып, малды жайып келу еді. Сондай бір шілденің шіліңгір ыстығында әкемнің біреуге теңгесін беріп бақтыра салармын дегеніне қарамай, қойды бағайыншы деп қиылып тұрып алдым. Мен өтініп болмаған соң ол менен бір жас кішілігі бар марқұм жиенім Естөрені қасыма қосып жіберген-ді. Бала емеспіз бе, ауылдан шыға бере-ақ шөл қысып, басымыз ауырайын деді. Бір кезде отар қойдың басы бір жаққа, аяғы бір жаққа кетіп шашырай бастады. Екеуміз екі жаққа қарай жүгіріп жүрміз. Кенет отар басында бірнәрсе қарайғандай болды, артынша құдды бір адам сынды отардың басын қайтарып тастады. Екеуміз де сол көздің ұшындағы жаққа қарай жүгірдік. Жақындағанда барып таныдық, бұл Тұрған көкемнің тазысы – Алғыр екен. Қуанғаннан Естөре екеуміз де «Алғыр!» деп жарыса айқайлап жібердік. Осыншама жер қайдан және қалай еріп келгеніне қайран қалып біз тұрмыз. Сөйтсек, ол біздің сыртымыздан сусыз арна ішімен жүріп отырғанға ұқсайды. Иесінің рұқсатынсыз аттап қадам баспайтын текті тұқымның бізге кешке дейін көмекші болғанын кейін арада ұзақ жылдар өткенде барып пайымдағандаймын. Әкемнен сұранып күбірлесіп тұрған кезімде сол маңда иесімен тұрған ол әкенің буыны қатпаған жетінші сыныпты енді бітірген ұлын уайымдап, алаңдағанын сезгендей ме дерсің... Ол тек қой бағысу үшін ғана емес, ай далада бізге баласынып түлкі, қарсақ, шибөрілер айбат шегеді ме деген күдікпен еріп отырды ма деп те ойлаймын қазір. Кешкісін малдарын күтіп алуға белгіленген жерге келген жұртшылық «жоғалып» кеткен Алғырды көргенде Тұрған көкемізден итің табылды деп сүйінші сұрап жатты... Марқұм көкеміз өз көзіне өзі сенбей, басын шайқай берді. Бар айтқаны «бұл расында сендермен жүрді ме» дегені болды. Күні бойы ауылды аяғынан тік тұрғызып іздеген көкеміз Алғырдың бұл «қылығына» бір жағы сүйсініп, бір жағы таңғалумен болған еді. Кейбір адамның өзі ойлай бермейтінді ойлаған жануардағы не деген сезімталдық десеңші! Сөйлемейді демесеңіз, иесінің иегінің астымен көрсеткен ымынан-ақ түсініп, айтқызбай-ақ ұғатын киелі жануардың бүгінде еліміздегі саны мыңға жуық деседі. Алайда, бұл нақты дерек емес. Ол көбінде қадірін білетін жеке адамдардың қолында. Қазақ тазысы, құмай тазы жайында сан түрлі аңыздар сыр шертеді. Ол туралы көсіліп те жазуға болады. Әйтсе де алда оны заңдастыру сынды одан да маңызды шара тұрғанын ескерсек, оны келер күндердің еншісіне қалдыра тұрған жөн шығар... Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.