20 Маусым, 2014

Халық денсаулығының қамқоры

869 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

 ҰЛТ БАҒЫНА ТУҒАН ТҰЛҒА

001-06.12.07 Біз – бірінші байлықты денсаулыққа балаған халықтың өкіліміз. Сондықтан болар, менің есіме әрдайым Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Халық денсаулығы, ол – Қазақстанның өзінің стратегиялық мақсаттарына жетудегі табысының ажырамас бөлігі», деген жолдары жиі оралады. Менің туған өлкем – Сыр бойында да бұл саланың дамуы Елбасының өз еліне басшы ретінде қызмет ете бастаған жылдарымен бірге ілгері қарай өрлеп келеді. Әлі есімізде, кешегі алып Одақ тарардың қарсаңында, өткен ғасырдың 1990-жылдарының басында Қызылорда облысында халықтың аурушаңдығы кең етек ала бастап еді. Әсіресе, әлеуметтік мәні бар аурулардың көрсеткіші тым жоғарылай түскен болатын. Осы уақыттары медициналық мекемелердің құрылысы немесе күрделі жөндеуден өту мәселелері тұралап қалған. Әйелдердің туу көрсеткіші төмендеп, халықтың демографиялық  көрсеткіштері азайған. Дәрігерлер мен орта буын мамандар саны кеміді. Халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайларының төмендеуі негізінде денсаулық сақтау саласы да дағдарысқа ұшыраған. Мұның бәрі тек егемен ел болғаннан кейін ғана біртіндеп түзетіле бастады. Осы­ның арқа­сында соңғы жылдары халықтың денсаулық жағдайы айтарлықтай жақсара түсті. Бұған Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен жарияланған «Денсаулық жылы», «Ауыл жылы» кезеңдері, 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламалары орасан зор септіктерін тигізуде. Осы игі істердің ізімен облыста біршама жұмыстар атқарылды. Денсаулық сақтау саласының негізгі мақсаттарының бірі –  емдеу,  алдын алу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту. Облыс орталығында ТМД елдерінде теңдесі жоқ қос ғимарат –  облыстық кеңес беру диагностикалық орталығы мен облыстық медицина орталығы бой көтерді. Өтпелі кезең уақытында салынған, ғасыр талабына сай көңіл толатын емдеу орындары бұлар. Сонымен  қатар, жаңадан бірнеше емхана мен аурухана, көптеген ауылдық емханалар мен дәрігерлік амбулаториялар салынып іске қосылды, тағы қаншама емдеу орындары күрделі жөндеуден өтті. Ал мұндай жұмыстар үшін бюджеттен бөлінетін қаржылар жыл санап арта түсуде. Жоғарыда айтылған нысандар  халықаралық стандарттарға сай құрал-жабдықтармен толықтырылып келеді. Емдеу орталықтарында қазіргі заманғы жоғары технологиялық  аппаратуралар КТ, МРТ, инсультті  науқастарға ми қан айналымы кеселдеріне жедел түрде толық зерттеу жүргізіп, емдеу тәсілдерін анықтауда зор пайдасын тигізуде. Қазіргі кезде облыста емдеу, алдын алу меке­мелерінің материалдық- техникалық  базасын жақсарту одан әрі жалғасын табуда. Биылғы жылдың өзінде облыс орталығында 200 орындық перинаталды орталық, Жалағаш, Сыр­дария, Қармақшы аудандарындағы ауысы­мына 250 келушіге арналған емханалар, 10 дәрі­герлік  амбулатория, 2 ауылдық емхана іске қосыл­ғалы тұр. Осыған  қоса, аймақта бірнеше емдеу орындарының жобалық құжаттары жасалуда. Облыста саланы қаржыландыру жыл сайын бірнеше есеге артып келеді. Мысалы, 2013 жылы 24 млрд. теңге бөлінсе, 2014 жылға 30 млрд. теңге қаралып, өткен жылмен салыстырғанда, 25 пайызға артты. Соңғы жылдары облыс мамандары, әсіресе, емдеу орталықтарында жұмыс жасап жатқан жас мамандар алыстағы  АҚШ, Сингапур, Чехия, Испания, Түркия, Қытай, Ресей елдерінде білімдерін жетілдіріп, жаңа емдеу тәсілдерін жүргізуде. Көптеген шетелдердегі семинарларға мастер-класс шараларына қатысып,  шеберліктерін шыңдауда. Елбасының 2009 жылғы тапсырмасымен Қазақстанның барлық өңірінде кардиологиялық орталықтар ашылған болатын. Осындай орталық біздің жерде ашылып, соңғы жылдары мыңдаған  науқасқа коронография жасап, артерияға стент қойылуда, жүрекке ашық ота істеу қолға алынды. Соңғы 2 жылда жоғарғы технологиялық ішкі инвазиялық эндоскопиялық оталар 2 есеге көбейді. Жоғары техникалық медициналық аппараттарды арнайы дайындықтан өткен  мамандар  қолдануда. Соңғы жылдарда облыста өмір сүру ұзақтығының 70,2 жасқа деңгейге жеткені қуантады. Өлім көрсеткіші азайып, жаңа туған нәресте өлімі төмендеп келеді. Әлеуметтік науқастар саны жылдан жылға кемуде. Еліміздің болашағы – ана мен бала денсаулығына байланысты мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Аурушаңдықты азайту тұрғысында скринингтік тексеруден өткізу жолға қойылуда. Денсаулық сақтау  саласының  өзекті мәселелерінің бірі саламатты өмір салтын қалыптастыру болып табылады. «Әр адамның өз денсаулығы өз қолында» екендігін тұрғындарға жеткізе білу негізгі мақсатқа айналды. Бүгінде, ең алдымен, тұрғындар денсаулығын сақтаудың  нарықтық-экономикалық жүйесі пайда болды және ол беки түсуде. Осы орайда медицина қызметкерлерінің негізгі міндеті облыс тұрғындарының денсаулығын нығайту және сапалы емдеу шаралары болып табылады. 2011-2015жылдарға арналған  «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын басшылыққа алып, бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі аясында денсаулық сақшылары  өздерінің жұмыстарын одан әрі мақсатты түрде жүргізе беретіні сөзсіз. Халықаралық стандарттар негізінде Денсау­лық сақтау министрінің 2012 жылғы 5 жел­тоқсандағы №844 бұйрығына сәйкес біздің «Облыстық медицина орталығы»  рес­публикада 5 медициналық мекеменің бірі болып, халықаралық стандарттар бойынша қанатқақты  жобасына енгізілді. Олай болса, келешекте атқарылар  шаруа жеткілікті, ауқымы да зор. Осы айтылған жетістіктеріміз тәуелсіздігіміздің жемісі болып табылады. Ең бастысы, медициналық сапалы  қызмет көрсету уақыт талабына сай болуға тиіс. Бұл – біздер үшін  мерейлі міндет.  Оны өз деңгейінде атқару үшін баршамыздың  шын жанашырлығымыз, ынтымағымыз бен береке-бірлігіміз қажет. Қазіргі таңда медицина саласы қызметкерлерінен Елбасының талап етіп отырған міндеттерінің бірі де осы. Тұрғанбай МАХАНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері. ҚЫЗЫЛОРДА.

Мәдинаның математикалық моделі

Өскеменде Мәдина Еркінова есімді дарынды қыз бала бар. Биыл қаладағы №3 мектеп-гимназияның 11-сыныбын тәмамдады. Математикаға жүйрік М.Еркінованы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан Өскемендегі Оқушылар үйінің тұсаукесер сәтінен білеміз. Мемлекет басшысы былтыр Шығыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапарында жас таланттың жобасымен танысып, жоғары бағасын берген болатын. DSC_7405Қазақтың қаршадай қызының «Автомобильді жолдар жүйесінің математикалық моделі» атты жоба­сы­ның мақсаты – көлік инфра­құ­рылы­мының дамуы мен көзге көріне бермейтін резервтерін теориялық тұр­ғыдан талдауға мүмкіндік бере­ді. Өмір сүріп отырған ғасырда ғалам­шардың ластану мәселелері өте өзекті болып табылады. Қоғамның дамуы қаншалықты жылдам өріс алып келе жатса, қоршаған ортаның лас­тану деңгейі де қауіпті мөлшерге жа­қын­дай түсуде. Сондықтан, қазіргі ғы­лым­да маңызды мәселенің бірі – та­би­ғи және антропогенді факторлар әсері мен экожүйенің өзгеруі дер едік. М.Еркінованың математикалық модель құру арқылы жол-көлік жүйесі қозғалысын реттеуге ұмтылуы, қор­ша­ған ортаға көліктен бөлінетін газ мөл­шерін азайтуға тырысуы – ірі жә­не өндірісті шаһарлар үшін қажетті жоба. – Мен бала кезімнен математикаға қызығушылық таныттым. Нақты ғы­лымдарға қызығушылығым атам­ның арқасы деуге болады. Ол оқуға, шахмат пен дойбы ойнауға үйретті. Шахматтың арқасында терең ойлауды және математикалық сараптамаларды дұрыс жасауды меңгердім. Тіпті, әлемдегі ең мықты математиктердің бірі Г.Харди адам әрекетінің осы түр­леріне сараптама жүргізіп «Мате­матиктің сыры» атты мақала жазды. Шахматтың шешімдері мате­ма­­т­и­­калық жаттығу, шахматта ойнау, ма­тематикалық әуенді орындау іспетті әсер қалдырады. Биікке, көз­деген мақ­сатқа жету үшін жан-жақ­ты, ақыл­ды әрі шығармашыл болу­ға тиіспіз. Байқауларға, ғылыми-тәжі­ри­белік конференцияларға және қала­лық, өңір­лік, республикалық, халық­ара­лық пән олимпиадаларына белсене қа­ты­суды жолға қою қажет. Мен ба­ла кезімнен математика мен физика пәнін тереңдетіп оқып келемін. Түр­лі зияткерлік байқаулар мен пән олим­пиадаларының, оқушылардың ғы­лыми жарыстарының жеңімпазы­мын, – деді дарынды қыз өз әңгімесінде. Ол мектептегі сабағының басым бөлігін «Дарын» орталығында өткізеді. Айтуынша, онда әдіскерлер әр оқушының бойындағы талантын ашу үшін жағдай жасайды. Жаңа дос­тар тауып, жеңістерге жол бастайды. Келешекке жарқын жол ашып, ел патриоттарын тәрбиелейді. – Орталық әдіскерлері менің Алматы мен Мәскеу қалаларында «Мате­матика және жобалау» бойынша халықаралық, сондай-ақ, республикалық олимпиадаларға қатысуыма мүмкіндік берді. Олардың үмітін ақтап, үшінші орынды жеңіп алдым. Мұндай нәтижелерге жету бір жылда жүзеге аса бермейді. Жанат Айтпаева басқаратын «Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығына алғысым шексіз. Жоғары оқу орнына түсетін грантқа осы байқаулар арқылы ие болдым. Алдағы уақытта геология мамандығы бойынша Астанадағы Назарбаев Университетіне неме­се Ал­матыдағы Қазақ-британ техни­ка­лық университетіне оқуға түсуді жос­парлап отырмын, – деді жас түлек. М.Еркінованың тағы бір ұтымды жобасы – шағын мультикуптер құрастыру. Тікұшақ іспетті аспанға еркін көтерілетін мультикуптерді пульт арқылы басқаруға болады. Ал ол құрастырған мультикуптердің ерекшелігі – қазір кез келген қазақ­стандықтың қолында жүретін смартфон телефонының бейнекамерасын қосып, мультикуптерге бекіту арқылы оны төтенше жағдайлар, табиғи апаттар кезінде қолдануға болады. Яғни, өрт немесе су тасқыны болып жатқан жердің үстімен ұшып өткен мультикуптер берген мәліметті қауіпсіз жерде компьютерден тікелей көріп отыруға болады. – Әрбір қазақстандық оқу­шы біртуар тұлға Нұрсұлтан Назарбаев­пен жеке кездескісі келеді. Өткен жылы ғана оқушылардың ғылыми жобалары көрмесінде маған Елбасы­мызды жақыннан көріп, сөйлесу бақыты бұйырды. Көрмеде Нұрсұл­тан Әбішұлы жоба жасаушылар мен жас авторларды мұқият тыңдады. Мен Елбасының көздері жалт ете қалғанын, жүзіне жылы күлкі үйірілгенін байқадым. Мүмкін, Мемлекет басшысы Қазақстанның келешегі – біз үшін қуанған болар. Президенттің менің жобама назар аударып, сұрақтар қоюы, жоба жұмысын жалғастыруға ұсыныс жасауы мерейімді өсірді. Президентпен кездесуден соң өзіме сеніммен қарап, Нұрсұлтан Назарбаевтың көкейкесті арманы – Қазақстанды қуатты және өсіп-өркендеген елге айналдыруға өз үлесімді қосуға міндеттімін деп есептедім, – дейді Мәдина Еркінова. Бүгінде оның математикалық модельге негізделген жобаларын өндіріске енгізу бойынша сарап­тамалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» ӨСКЕМЕН.

Елбасы

Қиюы қашқан, Қилы заманда қым-қуыт. Айта алмай ойын жүргендер қанша булығып. Тәуекел еттің тәуелсіз елдер алдында, Қажымұқанша қайратты белін бір буып. Тобылғы сапты, Қамшыны сонау... жеті өрме, Толағай қарттар бермеген саған бекерге. Қасым хан сынды қасқайып салдың қасқа жол, Қасыңдағылар тарасып тағы кетерде. Абылай ханша абайлап арғы-бергіні, Ажырамас үшін ендігі  жерде ел жігі. Береке-байлау – Бес ұсынысың да белгілі: «Әуелі керек әскердің  тепе-теңдігі». Бас шұлғып қалды жайсаңдар менен қасқалар, Кереғар келмей келіссөз енді басталар. Бөгенбай батыр кеудеңнен сонда оянды, Бөгенбай ма екен бөгеліп сөзден жасқанар. Төле биден тартқан Сөзіңнің текті төркіні, Көкала бұлттар сөгіліп көкте жөңкіді. Айыр қалпақты Абылай бабаң елесі, Аймаңдайыңнан «айналайын»  деп желпіді. Мазасыз ойлар инедей шаншып миыңды, Асқақ даланың алып жүрегі жиі ұрды. Кеудемде менің Бұқар жырауым бұлқынып «Ғажайып сәтті өлеңге қос»,деп бұйырды. Осынау шақта күмбір де күмбір күй еніп, Жиналғандар жасадық жалғыз иелік. Нұр аға! Нұрлы жолыңды халқың тіледі, Бекет атаның аруағына сүйеніп! Аманқос ЕРШУОВ. Атырау облысы, Жылыой ауданы.