20 Маусым, 2014

Маңызды іс-шаралардың мазмұны қандай?

241 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
001-203ҮКІМЕТ Үкімет отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері талқыланғаны мәлім. Сондай-ақ, жылдың бес айлық көрсеткіштері мен Үкіметтің алда атқаратын жұмыстары пысықталған-ды. Ауқымды мәселелердің маңызы мен мазмұны жөнінде Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бастаған ведомство басшылары Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әңгімелеген болатын. Бюджеттің табысы өсті Үкімет басшысының орынбасары журналистерді мемлекеттік бюджеттің осы жылдың 5 айында орындалуы мен бюджет қаржысының жұмсалу тиімділігі туралы қорытындымен таныстырды. «Табыс бойынша барлық бюджет деңгейінде жоспар орындалды. Мемлекеттік бюджеттің табысы 3 088 млрд. теңгеге жетіп, жоспар 104,5 пайызға артығымен орындалды. Республикалық бюджеттің табысы да көздегеннен асып жығылды. Дәлірек айтсақ, 2,2 пайызға асыра орындалып, 2 546 млрд. теңгеге жетті», деді Б.Сұлтанов. Мұнымен бірге вице-премьер, 2014 жылдың 5 айында мемлекеттік бюджеттің табысы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,5 пайызға артып, 461 млрд. теңгені көрсеткенін айтты. Табыстың артуына Ұлттық қордан 350 млрд. теңге көлемінде трансферт тарту әсер еткенін жеткізді. Бұдан басқа, темекі және алкогольді ішімдіктерге акциздің, экспорттық кедендік баж салығының, көлік пен мүлік салығының артуы да оң нәтиже бергенін атап өтті. Баспасөз мәслихатында салық түсімі де сөз болды. «Көрсетілген салық түрлері бойынша қазынаға 11 млрд. теңге түсті, оның басым бөлігі ЭКБ салығының есебінен орындалды. Ал, республикалық бюджеттің тапшылығы 150,3 млрд. теңгені құрады», деді ол. Жыл ішінде – 100 жоба Қазақстан әлемдік экономиканың бір бөлігі екені аян. Сондықтан әлемдегі кез келген экономикалық өзгеріс біздің елдің даму қарқынына әсер ететіні белгілі. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаев осы жөнінде айтты. «Әлемдік экономикадағы қалыптасқан үрдістер елдегі экономикалық белсен­діліктің бәсеңдеуіне әкелді. Атап айтқанда, Еуроодақ экономикасының жандануының арқасында дамыған елдерде экономикалық белсенділік байқалды. Мәселен, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында еуроаймақтың ішкі жалпы өнімінің өсуі 1,4 пайызды құрады, ал 2013 жылдың сәйкес кезеңінде ол 0,7 пайызға төмендеген болатын. Сонымен қатар, дамушы елдердің экономикасында өсу қарқынының бәсеңдеуі сезіледі. Мысалы, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Қытай экономикасының өсімі 7,5 пайызды құрады, бұл 2013 жылғы тиісті кезеңдегі 7,7 пайыздық өсімнен төмен. Ресей экономикасы ағымдағы жылғы қаңтар-сәуірінде Экономикалық даму министрлігінің бағалауы бойынша 1 пайызға ғана өскен. Ал өз елімізде, өткен жылғы 5 айда негізгі капиталға салынған инвестициялар 8,3 пайызға өскен болса, биылғы сәйкес кезеңінде ол тек 2,9 пайызға ғана көтерілді», деді министр. Мұнымен қоса, ведомство басшысы экономиканың жоспарланған өсуін қамтамасыз ету бағытында мемлекеттік органдар салалардағы өнім шығарылымының өткен жылдың деңгейінен төмендеуіне жол бермеу бойынша түбегейлі шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, өсу серпінінің оң үрдістері байқалып отырған салаларда өсу қарқынын ұлғайту мүмкіндігін қарастыруға басымдық берілмек екен. Ағымдағы жыл 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыруды аяқтау жылы екені белгілі. Осыған байланысты 10 мың жұмыс орнын құра отырып, 2014 жылға жоспарланған сомасы 500 млрд. теңге болатын бүкіл 100 жобаны уақытылы іске қосуды қамтамасыз ету қажет. «Экономиканың өсуін қосымша ынталандыру бойынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде 2014 жылға 500 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде 100 млрд. теңге шағын және орта бизнесті екінші деңгейлі банктер арқылы қолдауға және несиелеуге бағытталған. 2014 жылғы 9 маусымдағы жағдай бойынша ШОБ субъектілерінің өңдеу өнеркәсібіндегі жалпы сомасы 35 млрд. теңге 116 жобаны ЕДБ мақұлдады, оның ішінде 6,6 млрд. теңгеге 56 жоба қаржыландырылды, деді Е.Досаев. Ауыл шаруашылығын жаңғырту шаралары Үкімет отырысында Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі тарапынан «АӨК саласында салық салу тәртібін жетілдіру туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу» ұсынылып, ол қолдау тауыпты. Атап айтқанда, жер салығы бойынша шаруа қожалықтары үшін аймақтарға байланысты жер учаскелерінің нормативін енгізе отырып бірыңғай жер салығын сақтау ұсынылып отыр. Арнайы салық режімі қайта өңдеумен, өзі өндірген ауылшаруашылық өнімдерін сатумен айналысатын, ҚҚС төлемшісі болып саналмайтын заңды тұлғалар үшін сақталады. Мұнымен жер салығынан 70 пайыздық жеңілдіктер алынады. Оның орнына ауылшаруашылық тау­ар өндірушілері қоршаған ортаның эмиссиясы үшін төлемінен босатылады. Қазіргі таңда жалпы көлемі 6,8 млн. гектарды құрайтын 18 мың жер телімдері игерілмей босқа тұр. Нақты айтқанда иелері ол жерді пайдаланбай жүр. Осы ретте, жер салығы құнын 5 есеге өсіріп, аймақтарға пайдаланылмай жатқан жерлердің құнын ұлғайтуға құқық бере отырып 10 есеге өсіру ұсынылып отыр. Мұнымен, өсім ұлғайту бірыңғай жер салығы негізінде арнайы салық режімін қолданатын фермерлік және шаруа қожалықтарына қатысты болмайды. Бұдан басқа, дайындаушы ұйымдардың ауылшаруашылық өнімдерін сатудан түскен жылдық жиынтық табысы 90 пайыздан кем болмаған жағдайда, дайындаушы ұйымдармен бюджетке төленген ҚҚС сомасына субсидия түрінде өтемақы беріледі. Жеке қосалқы шаруашылықтарда өндіріліп, қайта өңдеу кәсіпорындары немесе дайындаушы ұйымдарға сатылған, белгілі бір ауылшаруашылық өнімдерін сатудан түскен табыс, жеке табыс салығынан  босатылады, деді Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков. Сондай-ақ, министрлік ауыл шаруа­шы­лығы жануарларының жүндері мен терілерін, балықты, мақтаны қайта өңдеу, кондитерлік және макарон өнімдерінің өндірісі сияқты бағыттарға Салық кодексінің 267-бабында көрсетілген ҚҚС бойынша салықтық 70 пайыз жеңілдіктің мүмкіндігін тағы кеңейтіпті. Бұл шара дайын өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, отандық компаниялардың тауар көлемін ұлғай­туға септігін тигізеді екен. Бұдан өзге импортталатын тауарлар тізімі тауарлы малдардың барлық түрлерімен, же­міс-жидек пен жүзім көшеттері, құс шаруашылығы, етті қайта өңдеу мен жемазық өндірісімен толықтырылды. Бұлар бойынша қосымша құн салығы есепке жатқызу әдісімен төленетін болады. Астана маңындағы ауылдар көркейеді Елорданың айналасына орналасқан ауылдарды көркейту шаралары ел аузында көптен бері жүр. Ол игі жұмыстардың қалай жүзеге асырылатыны жөнінде де әртүрлі әңгіме болды. Өткен Үкімет отырысында осынау сұрақтарға нақты жауаптар айтылды. «Аталған шара бірнеше ауылды қамтиды. Олардың ішінде 6 ауыл заманауи мектептермен, 8-і балабақшалармен, 15-і денсаулық сақтау нысандарымен, 6-ы сумен, 5-і электрмен, 2-і жылумен жабдықталады, 7 ауылдың жолы жөнделіп, Ақмол ауы­лында тұрғын үй салу, Қосшы ауы­лын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету шарасы аяқталады. 4 ауылдың бас жоспары әзірленіп, 1 ауылда жерасты сулары қорын растау жөніндегі іздеу-барлау жұмыстары жүргізіледі», деді Өңірлік даму министрі Б.Жәмішев. Негізінен, Астана қаласына iргелес аумақты дамыту туралы кешендi жос­пар 2011-2014 жылдарға арналған. Ал ағымдағы жылда жоспардың жүзеге асу мерзiмi аяқталады. Кешендi жоспар 30 шақырымдық аумақты қамтитындығын, елдi мекендер саны 20-дан 42-ге дейін артқандығын және халық саны 108 мыңға жеткенін ескеретiн болсақ, бұл жоба барлық инженерлiк-коммуникациялық және әлеуметтiк саланы жетілдіруге міндеттенетіні түсінікті. Алайда, бағдарламада көрсетілген бірқатар жүктемелерден тыс, тағы да шешілмеген бірсыпыра мәселелер бар. Осы мақсатта біз 11 іс-шараны жүзеге асыруды жалғастыру үшін 2014-2016 жылдарға республикалық бюджеттен 6,6 млрд. теңге қаражат бөлуді көздеп отырмыз,  деп түйіндеді сөзін ведомство басшысы. Зияткерлік меншік қорғалады Зияткерлік меншікті қорғау Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік шеңберінде экономикалық интеграцияның басым бағыттарының бірі болып табылады. Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың негізгі міндеттерінің бірі ретінде белгіленген. Ал қазіргі уақытта заңнаманы және әділет органдарының құқық қолдану тәжірибесін әрі қарай жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Бұл туралы брифингте Әділет министрі Б.Имашев айтты. Ол елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша кеңес отырысында зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, тауар таңбалары мәселелері бойынша тақырыптар қозғалғандығы жайында әңгімеледі. Оның айтуына қарағанда, инвестициялық ахуалды жақсарту кеңесінің отырысында жекелеген қатысушылардың жұмыс тәртібінде ұсынған құжаттарын зерделеп, көтеріліп жатқан мәселелер Әділет министрлігінің құзыретіне ғана жатпайды екен. «Десек те, «Әділет органдары туралы» заңның 3-бабына сәйкес Әділет министрлігі зияткерлік меншік құқығын қорғау саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға уәкілетті», деді министрі. Мұнымен қатар, біздің еліміз Дү­ние­жүзілік зияткерлік меншіктің негізгі 19 конвенциясы мен келісімінің қатысушысы болып табылады. Ратификацияланған халықаралық келісімшарттардың баптары ұлттық заңнамаларға толық енгізілген. «Қазақ­стан Республикасы «институттар» факторы бойынша 2013 жылы Дүниежүзілік экономикалық форумының Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің «Зияткерлік меншікті қорғау» индексі бойынша өз көрсеткішін 19 бірлікке жақсартып, 73-ші орынға тұрақтады», деді Әділет министрі. Жаңа әуе бағыттары ашылмақ Елімізде кейбір кемшіліктерге қарамастан, көлік саласы жылдан-жылға дамып келе жатқаны даусыз. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Көлік және коммуникация министрі Ж.Қасымбек айтты. «Елдегі ішкі маршруттардың аптасына ұшу жиілігі жыл сайын 20 пайызға артып келе жатқанына байланысты, біздің министрлік алдағы жылда нарыққа тағы бір отандық әуе компаниясын қосуды жоспарлауда. Бұл компания, тек республикаішілік бағыттарда ғана қатынауды қамтамасыз ететіндіктен, компаниялар арасында өзара бәсеке­лестікті қалыптастырады және жолаушылар үшін таңдау мүмкіндігін кеңейте түсетін болады. Сондай-ақ, өз кезегінде баға мәселесінің оң шешілуіне де әсерін тигізеді деген ойдамын», деді министр. Министрдің айтуына қарағанда, әуе компаниясын 2015 жылдың үшінші немесе төртінші тоқсанында толық қолданысқа беру көзделіп отырған көрінеді. Мұнымен қатар, биыл халықаралық бағытта 9 рейс ашу да жоспарда екен. «Эйр Астана» әуе компаниясы «Астана – Бангкок» және «Астана –Прага» рейстерін ұйымдастырмақ. Ал «Скат» әуе компаниясы болса, өз кезегінде «Ақтау – Сочи» мен «Ақтау – Волгоград», «Астана – Челябі», «Астана – Том» және «Өскемен – Новосiбiр» бағыттарында жаңа рейстерін жолға шығармақ. Сонымен қатар, «Bek Air» әуе компаниясы «Орал – Мәскеу» және «Орал – Санкт-Петербург» бағыттарында ұшақтармен жолаушылар тасымалдайтын болыпты Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».