Спорт • 16 Ақпан, 2023

«Бурабай» ұлттық паркінде мұзда жүгіруден халықаралық жарыс өтеді

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстандық және шетелдік əуесқойлар 19 ақпанда «Бурабай» ұлттық саябағына жиналып, Жұмбақтастың жанында, қалың мұз қатқан айдын бетінде экстремалды жарысқа қатысады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Бурабай» ұлттық паркінде мұзда жүгіруден халықаралық жарыс өтеді

Президент Іс Басқармасына қарасты «Бурабай-Даму» ЖШС, «Бурабай» ұлттық паркі, «Экстремалды Атлетика» қоғамдық бірлестігі және «Rebel Running» ЖК бірлесіп арқаның қатал қысына, ызғарлы желіне жəне кристал мұзына қарсы тұратындарға осындай ерекше сынақ дайындап отыр.

Жарыс бірнеше қашықтықта өтеді: 7 км, 14 км жəне 21,1 км жүгіру немесе 7 км скандинавиялық жүріс.

Сайысқа қатысуға 200-ден астам спортшы тіркелді. Олардың арасында АҚШ, Канада, Африка, Еуропа елдерінің, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия спортшылары, сондай-ақ Қазақстанның барлық облыстарының спортшылары бар. Тіркеу әлі жалғасып жатыр.

«Қыс мезгілінде көлдің мұзайдынында бұқаралық спорт жарысын өткізу елімізде бұрын-соңды болып көрген емес. Біз алғаш рет қолға алып отырмыз. Табиғаты әсем Бурабай өңірінде, аты аңызға айналған Жұмбақтастың жанындағы экстремалды сайыс өте қызықты өтеді деген сеніміміз мол. Әрине әуесқой спортшылар үшін бұл сынақ оңайға түспейді. Дегенмен осындай сынақ адамның ерік-жігерін шыңдауға да көмектеседі. «Бурабай-Даму» серіктестігінің мақсаты – осындай іс-шаралар арқылы өңірдің әсем табиғатын жұртшылыққа насихаттай отырып туристердің қызығушылығын арттыру, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау. Біздің компанияның құрылғанына биыл 8 жыл толады, сол себепті биыл осындай іс-шаралар көбірек өткізілетін болады», деді «Бурабай-Даму»ЖШС бас директорының орынбасары Қасымжан Кенжешов.

Бұл жарысқа кез келген жастағы спортшылар мен жастар қатыса алатынын айта кетейік. Мәреге жеткен спортшылардың қай-қайсысы да жүлдесіз қалмай, барлығы марапатталады.

Спортшылар жарыс жолына 19 ақпан күні сағат 10:00-де мәреден аттанады.