20 Маусым, 2014

Отандық кәсіпорындар қабілеті артты

238 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Солтүстік Каспий жобасының операторы – «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.» (НКОК) НКПОК агент­тік компаниясымен бірге жергілікті кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыу мақсатында халықаралық стандарттар бойынша оқыту мен сертификаттауды ұйымдастырады. Таяуда  консорциумның жергілікті компанияларды дамыту міндеттемелерінің шеңберінде 14 жергілікті компанияға халықаралық сертификаттар табыстады. Жергілікті қамту жөніндегі менеджер Айнұр  Неталиеваның пікірінше, Солтүстік Каспий жобасының шеңбе­рінде консорциум жергілікті қамтуды да­мытуға айтарлық үлес қосып келеді.  Бұған дәлел ретінде 2006 жылдан бері жергілікті тауарларға, жұмыстар мен қызметтерге 10 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы жұмсалғанын айтуға болады. «Біз жергілікті компаниялардың қызметтері мен жұмыстары халықаралық стандарт талаптарына сәйкес келуін қамтамасыз ету үшін оларға ықпалды көмек көрсетеміз. Сонымен бірге,  ИSО стандарттары беретін қосымша мүмкіндіктермен таныстырамыз. Олар оператор мен агент компаниялардың Солтүстік Каспий жобасы бойынша келісімшарт беру тендерлеріне қатысып қана қоймай, елімізде де, шетелдерде де өз тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыра алады.  2006-2013 жылдар аралығында консорциум 77 жергілікті компанияға халықаралық стандарттар бойынша оқу мен сертификаттауды ұйымдастырып, оларды өткізуге қаржылай көмек берді. Енді, міне, тағы да бірнеше компания солардың қатарына қосылатыны өте қуанышты жайт», дейді А.Неталиева. НКОК компаниясы жергілікті ком­па­ниялардың мүмкіндіктерін артты­руға мүдделі екендігін «Солтүстік Каспий жобасының қолдауымен компания мүлдем жаңа деңгейге жетіп, серіктестеріміздің сенімін арттырдық» деген «Жігермұнайсервис» қазақстандық компаниясының басшылығы да қуаттай­ды. ИSО-9001, ИSО-14001, ИSО-22000 және ОHSАS-18001 сертификаттары  КазНИПИИТЭС «Энергия» АҚ, «Урал­энергострой», «Жігермұнайсервис», «Архат», «CTCS Logistics», «Фирма «Фиал», «Тесла-Тан», «Adem Ecology», «Nasar Solutions» ЖШС, «Грин-Атырау», «Азияпром», «Нияз-Мохаммед»,  «Жайық-Юниверсал» серіктестіктері мен «Іскер» консорциумына берілді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.