20 Маусым, 2014

«Болашақтың» игі бастамалары

219 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Орталық коммуникациялар қызметінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығметовтің қатысуымен брифинг өтті. Күні кеше Ақордада Әділбек Жақсыбековтің төрағалық етуімен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтіп, онда 201 адамның «Болашақ» стипендиясын иеленгені айтылған еді. Бұлар осы жылдың бірінші кезеңінде құжат тапсырып, шет мемлекеттерге оқуға және тағылымдамаға жіберілетін стипендиаттар екен. Ал жаңа жылға дейін әлі де қорытынды шығуы тиіс. Бұл туралы брифингте Ғ.Нығметов былай деді: «Біздің азаматтарға 201 стипендия тапсырылды. Оның 50 пайы­зы магистратураға болса, 50 пайызы тағылымдамаға тиесілі. Ал ендігі байқаудың кезеңі мау­сым айының соңынан шілденің соңына дейін жалғасады. Осы аралықта біз құжат қабылдаймыз. Тамызда кезекті отырыс өтіп, стипендиаттар белгілі болады. Биылғы жылға 1100 стипендия белгіленген. Әлі 800-ден аса стипендия тапсырылады». Жаңа бастамалардың арқа­сында «Болашақ» бағдар­ла­ма­сының жылдан-жылға көркейіп келе жатқаны белгілі. Бүгінде талабы бар, білімі зор кез келген жастың осы бағдарлама арқылы оқи алатынына куә болып жүрміз. Тіпті, биылғы жылы бағдарлама те­тіктерінің жетілдірілгені сон­ша­лық, «Болашақ» арқылы шет мемлекеттерде оқығысы келе­тін жастарға Астанаға не Алма­тыға келіп сабылмай-ақ, жер­гі­лікті жерлердегі халыққа қызмет көрсету орталықтарынан «e.gov» жүйесі арқылы құжаттарын жіберуге мүмкіндік жасалған. «Бағ­дарламаға «e.gov» жүйесі арқы­лы аймақтардан құжат тапсы­ру­шылардың саны биыл рекорд­тық көрсеткішке жетті», деді «Ха­лықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті. Жалпы, бағдарламаның негізгі мақсаттарының бірі – елдің ин­дустриялық-ин­но­вациялық әлеуе­тінің артуына өзіндік үлес қо­су екені белгілі. Сол үшін инже­нер­лік-техникалық бағыттағы ма­мандықтарға басымдық бері­летіні де рас. Бірақ, биылғы жылы үміткерлерді іріктеуде бір­шама өзгерістер де бар екен. Мысалы, осы жылы шет елдерге магистратураға түсу үшін мәдениет саласының қызмет­кер­лері мен БАҚ өкілдері де құжат тапсыра алады. Олардың ағылшын тіліне дайындалуы үшін арнайы бағдарлама жасалған. Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы – докторантураны оқытуда split PhD жүйесі енгізілген. Яғни, ғылымды таңдаған жастар бұрынғыдай 4-5 жыл шетелде жүрмейді. Екі жыл өз елімізде білім алса, екі жыл шет елде оқиды. Оны бітірген соң докторант екі диплом алады. Ғ.Нығметовтің айтуынша, ол бағдарлама биыл Назарбаев Университетінде жүзеге асырылуда, ал келер жылдан бастап еліміздің басқа да жоғары оқу орындарын қамтымақ. Брифинг барысында Ғ.Нығ­ме­тов мемлекетіміздің Үдемелі ин­дустриялық-инновациялық да­­му бағдарламасының екінші бес­­жылдығына арнап мамандар даярлау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. «Самұрық-Қазына» АҚ-пен бірлесіп, ақпа­рат­тық технологиялар саласы бой­ынша Калифорнияда 100 тех­никалық маман дайындау жобасы әзірленуде. Бүгінде әлемнің 30 елінде техникалық мамандықтар бойынша 800-ден астам адам білім алады. Жалпы, алдағы 3 жылда 3,5 мыңдай техникалық маман дайындау көзделуде», деді ол. Ол, сондай-ақ, шетелде тағылымдамадан өтуге қатысты да ақпараттармен бөлісті. «Бейінді мемлекеттік орган­дардың, өндірістік кәсіпорындар мен ұйымдардың инженер-техникалық қызметкерлері ше­телдік жетекші мекемелерде бі­лі­к­тіліктерін жетілдірудің бірегей мүмкіндігіне ие болды. Бүгінгі таңда АҚШ-та, «Colo­ra­doSchoolofMines» мекемесінде «Кен ісі» мамандығы бойынша бес адам тағылымдамадан өтуде. 10 стипендиат Берлин технологиялық университетінде «Энергетика менеджменті» ма­мандығы бойынша тағы­лым­дамадан өтуде, алдағы уақытта осы оқу орнында тағы 4 стипендиат оқуға келеді. Сондай-ақ, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің өтінімі негізінде 19 адам «Машина жасау» мамандығы бойынша тағылымдамадан өтті», деді ол. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті таяу­да Майамиде (АҚШ) өткен үлкен конференцияда «Бола­шақ» бағдарламасын халық­ара­лық сарапшылардың үздік бағ­дарламалар қатарында атағанын да айтып өтті. Әлемде «Болашаққа» ұқсас 11 ғана бағдарлама бар. Халықаралық сарапшылар Қа­зақстанның қолданып жүрген моделін ең тиімді және халыққа қолжетімді, жан-жақты ойластырылып жасалған деп бағалаған және еліміздің бұл бағдарламадан өзге елдерге қарағанда анағұрлым нәтижелі жетістіктерге қол жет­кізіп отырғанын баяндаған. Айта кетейік, бағдарлама іске қосылған 1993 жылдан бастап бүгінге дейінгі аралықта 6954 адам «Болашақ» түлегі атанған болса, қазіргі кезде әлемнің бірқатар дамыған елдерінде 2092 адам осы бағдарлама бойынша білім алуда. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан».