20 Маусым, 2014

Әлеуметтің әлеуетін арттыру – басты мақсат

357 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
2014-06-19 15.34.36 Қазаққа қазба байлықты үйіп-төгіп бере салған ғой. Менделеев жасаған кестедегі байлық­тың бәрі бар. Басым бөлігі шөл және шөлейтті аймақтан құралатын Қазақстан үшін бұл таптырмас олжа екені анық. Мұнай мен газ, мыс пен мырыш, одан басқа түрлі-түсті металдардың барлығы бізде өндіріліп, әлемдік нарыққа шығып жатыр. Ал осылардың арасынан жаһандық бәсекеде бәсі басым болып, айдарынан жел есіп тұрған бір сала бар. Ол – уран өндірісі. Уран өндірісі бойынша әлемдік нарықта Қазақстанның алдыңғы қатарда екенін ел біледі. Ал елімізде өндірілетін уранның басым бөлігі Қызылорда облысына тиесілі. Онда да Шиелі және Жаңақорған аудандарында өндірілген уран Өскеменде өңделіп, жер-жаһан­ға тарап жатыр. Осылайша, «Қазатом­өнеркәсіп» ұлттық компаниясына тиесілі мекемелер жер астынан ырзығын теріп, елдің игілігіне айналдырып отыр. Бұрнағы күні Қызылорда облы­сына «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының басқарма төр­ағасы Владимир Школьник арнайы сапармен келді. Шиелі және Жаңақорған аудандарындағы кен орындарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Жалпы, ұлттық компанияның басшылығы жылына бірнеше мәрте жұмысшылармен жолығып, олардың әлеуметтік жағ­дайына назар аударып, атқарылған шаруаларды саралап, алдағы жоспарларын бір пысықтап алуды бұрыннан дәстүрге айналдырған. Бұл жолы да қарапайым жұмыс­шы­лардың арман-тілегі тыңдалып, кем-кетік тұстарды жетілдіру жағдайы айтылып, біраз мәселенің басы қайырылды. Шиелі ауданындағы «Арман» мәдениет үйінде ұлттық компаниямен еншілес «РУ-6», «ТТК» секілді серіктестіктер мен «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» меке­месінің басшылары баяндама жасап, кеңейтілген мәжіліс өтті. Өткен жылы атқарылған шаруаларға шолу жасалды. Биылғы бес айда жасалған жұмысқа баға берілді. Сонымен қатар, жиында қор­шаған ортаны қорғау, өндіріс барысындағы қауіпсіздік техни­касы, кен орындарында соң­ғы тех­нологияларды ендіру, ин­дус­триялық-инновациялық бағдар­ламаға барынша атсалысу секілді мәселелер қаралды. Жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамту жағы да қозғалды. Әсіресе, күннің жылуынан, желден қуат алып, оны кәдеге жарату жайына басымдық берілді. Ол бекер емес. Шиелі ауданында «Уранэнерго» дейтін мекеме бар. Міне, осы ұжым жаңармалы энергия көздерін, атап айтқанда күн­нен қуат өндіреді. Қазірдің өзінде «Уранэнерго» шығарған өнімдер қолданысқа енді. Ал «Қазатом­өнеркәсіп» ұлттық компаниясы электр желілерін тарту қиын аймақтарға жел генераторларын орнатумен де айналысады. «Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың тіке­лей тапсырмасымен, жел гене­раторларын шығарып жатыр­мыз. Біздің өнімдерді ауыл ша­руа­шылығында пайдалану өте қолай­лы. Өйткені, қиыр жайлап, шет қонған қожалықтарға электр қуатын тарту тиімсіз. Сондықтан ондай аймақтарға желден қуат өндіретін генераторлар қондырған пайдалы. Жақында ғана Маңғыстау облысында сондай қондырғы орнат­­тық. Бүгінде ел игілігін кө­ріп отыр», – дейді Владимир Школь­ник. Былай қарасаңыз, ұлт­тық атом компаниясының ауыл шаруа­шылығына араласқаны бір­түрлі көрінетін шығар. Дегенмен, бұл қисынсыз емес. Себебі, Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазатом­өнеркәсіп» компаниясына ауыл шаруашылығына заманауи тұрғыдан қолдау жасауды тапсырған. Баяғыда мына сайын далада құдық көп болатын. Бүгінде оның бәрі бітеліп қалды. Сайда саны, құмда ізі жоқ. Міне, осы құдықтарды тауып, оларды қазып, суатқа айналдыру ісімен де аталған компания айналыспақ. Жаңа суаттарды пайдалануға беру арқылы «Қазатомөнеркәсіп» үлкен сауапты іс тындырғалы отырғанын айту керек. Ал жел генераторлары мен күн сәулесінен қуат алатын стансалар талай шаңыраққа жарық сыйлайды. Өркениетке қосады. Заман ағы­мынан қалдырмайды. Осындай істің бастауындай болып отырған «Уранэнерго» «Қазатомөнеркәсіп» шығаратын жаңғырмалы энергия көздері шоғырланған бірінші алаңы десе де болады. Сондықтан болар, Владимир Школьник бастаған топ мекеменің жұмысымен тыңғылықты танысып шықты. Бизнестің әлеуметтік жауап­кер­шілігі деген мәселе бар. Жер асты қазба байлықтарын өндірумен айналысатын ұлттық компанияның жергілікті жерге барынша қолдау көрсетіп келе жатқанын білеміз. Осындан бірнеше жыл бұрын Шиелі ауданында денсаулығында кінәрат бар балаларды емдейтін, оларды тәрбиелейтін орталық ашқанын білеміз. Оған қажетті барлық құрал-жабдықты сатып алып, балалардың емен-жарқын өмір сүруіне жағдай жасады. Бүгінде ол орталық жұмыс істеп тұр. Орталық балаларына емдік оңалту, түзету жұмыстарымен қатар, саналы тәрбие беру, әр баланың жеке тұлға ретінде өмірде өз орнын табу, бүгінгі күні қарқындап дамыған заман ағымына ілесіп, қоғамның бір мүшесі болып қалыптасуына ықпал жасау үшін тәрбиелік шаралар жүргізіледі. Орталықтың оқу-тәрбие жоспарына жас ерекшеліктеріне сәйкес тәрбиенің міндеттері және өткізілетін іс-шаралардың түрлері енгізілген. Онда балалар арнайы 5 топқа топтастырылған. Топқа бөлінген баланың денсаулығына және қабылдау деңгейіне қарай сабақ кестесі жасалған. Мысалы, «Балапан» тобында кіші жастағы балалардан құралғандықтан, сабақ кестесінде бейнелеу, тіл дамыту, құрастыру, көркем әдебиет, мүсіндеу, санап үйрену, әуезді жаттығулар, әлеуметтік-тұрмыстық бейімдеу, емдік дене тәрбиесі, су массажы қойылған. Сондай-ақ «Балдәурен» ересектер тобында жоғарыда аталған сабақтар күрделендірілген түрде жүргізіледі. Сонымен қатар, «Өзін өзі тану» пәні енгізілген. Ал «Балдырған» тобына негізінен тіл мүкістігі бар балалар жатады. Онда аталған сабақтармен қоса, тіл дамыту бойынша жеке, топтық сабақтар жүргізіледі. «Балауса» тобында жас ерекшелігінің әртүр­лілігі және диагнозының ауырлы­ғына байланысты жоғарыда айтқан сабақтар жеңілдетілген ойын, әуезді жаттығулар түрінде жүргізіледі. «Жігер» тобында церебральді сал ауруына (ДЦП) шалдыққан балалар жинақталып, қимыл-қозға­лыс жаттығулары, әуезді ойын­дар, құрастыру, жапсыру, мүсін­деу сабақтары жеңілдетілген түрде жүргізіліп, ірі және ұсақ мотори­касының дамуына ықпал етеді. Онда тек Шиелі ауданының ғана емес, басқа да аймақтардың балалары келіп емделіп кетеді. Осының өзінен-ақ, орталықтың қаншалықты маңызға ие екенін, ұлттық компания талай баланың тағдырына оң әсер етіп отырғанын аңғаруға болады. Бұдан бөлек, түрлі шаралар барысында «Қазатомөнеркәсіп» компаниясына қарасты мекемелер қаржылай қолдау көрсетеді. Бір жылдың ішінде «Қазатомөнеркәсіп» Қызылорда облысына 900 миллион теңге көлемінде көмек көрсетіпті. Бұл уран өндірісімен айналысып жатқан бірден-бір мекеменің жерасты қазба байлықтарын игеріп қана қоймай, өзге жұртқа қолындағысымен бөлісіп, ел игілігіне елеулі үлес қосып отырғанының көрінісі деп қабылдаса болатындай. Владимир Школьниктің Қы­зыл­орда облысына сапары бары­сын­да тағы бір айта жүрер­лік жұ­мыстың нәтижесі көрінді. Жаңа­қорған ауданының орталы­ғын­да «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» акционерлік қоғамының уран өндіруші еншілес кәсіпорны «Бай­кен-U» ЖШС-нің тікелей демеу­шілігімен жүргізілген жаңа бала­бақшаның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Балабақшаның салтанатты ашылу рәсіміне «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Владимир Школьник, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев, Жаңақорған ауданының әкімі Сұлтанбек Тәуіпбаев, «Байкен-U» ЖШС бас директоры Орақбай Ізбасқанов, қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және осы балабақшаның болашақ тәрбиеленуші балаларын жетелеген ата-аналар қатысты. Аудан тұрғындары үшін жаңа әлеуметтік нысан ашылуы­ның­ ма­ңызы аса зор. Бүлдір­шін­дер құрметті меймандарға арнап мере­келік кон­церт дайында­ды. Құттықтау сөз алған «Қазатом­өнеркәсіп» бас­шы­сы мектепке дейінгі мекеме құры­лысына атсалысқан, осы жобаға бар күш-жігерін салған жандарға алғысын айтып, кішкентай жаңақорғандықтарды тәрбиелеумен айналысатын ұстаздарға сәттілік тіледі. – Бұл балабақша жас бүлдір­шін­дер үшін екінші үйге айналуын тілеймін. Бүгінгі бүлдіршіндер біздің ертеңгі болашағымыз. Сондықтан, болашағымыз жарқын болсын десек, балалардың тәрбиесіне, олардың азамат болып қалыптасуына бар жағдайды жасауға тиіспіз. Ал мына балабақша сондай ізгі ойдың негізінде салынды. Осында тәрбиеленетін барлық балалар еліміздің келешегін кемел ететін тұлғалар болып өссін,– деді Владимир Школьник. Балабақша құрылысы 50 орынға есептелген. Жобаның құны 147 миллион теңгені құраған. Бұған дейін мектепке дейінгі мекеме ескі ғимаратта отырған екен. «Қазатом­өнеркәсіп» мекемесінің тікелей қолдауымен жаңа да әсем орынға көшті. Құрылыс жұмыстары толығымен «Байкен-U» ЖШС есебінен жүргізілді. Балабақша аумағында бүлдір­шіндерді тәрбиелеп, дамыту үшін барлық жағдай қарастырылған. Топтар бөлмесі кең әрі жарық, әр балаға жеке жатын бөлмесі мен жуынатын бөлме қарастырылған. Кәсіпорын балабақшаны толығымен заманауи жиһаз, тұрмыстық тех­ни­ка және ойыншықтармен жаб­дықтаған. Уран өндіруші аймақта жаңа балабақшаның ашылуы «Қаз­атомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ құрамына кіретін кәсіпорындар іске асырып отырған әлеуметтік бағдарламаның кезекті қадамы болып саналады. Бүгінде мамандарды қайта даяр­лап, еңбекке араластыру мәсе­лесі де өзекті. Осы орайда Қызыл­орда облысының әкімдігі мен «Қазатом­өнеркәсіп» ұлттық компаниясының арасында жастарға жаңаша білім беретін, мамандарды қайта даяр­лайтын білім ошағын ашу турасында келісім болған. Дегенмен, соңғы жылдарда уранның әлемдік нарық­тағы бағасы төмен түсіп кетті. Сондықтан бұл мәселе сәл кешеуіл­деп жатыр екен. – Өздеріңізге белгілі, бүгінде уран бағасы арзандап кетті. Сол себепті басталған жобаны соңына жеткізуге мүмкіндік болмай тұр. Бірақ алдағы уақытта бұл мәсе­ле­ні толықтай шешеміз деген ойда­мыз. Өйткені, маман даярлау ісі ешқашан маңызын жоғалтпайды. Өзіміз де жергілікті тұрғындарды оқытып, білім беріп, жұмысқа орналастыруға ынталымыз,– деді ұлттық компанияның басшысы. Мемлекет ісі жан-жақтан септесіп, бір-біріне болысып, шын жаны ашып жұмыс істегенде ғана алға жылжиды. Елдің іргетасы да солай қаланады, қалыптасады. Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында уран өндірумен айналысатын «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының аймақтарға қолдау көрсетуі көңілімізге шуақ орнатты. Себебі, жердің астындағы байлықтың қызығын қарапайым халық бірінші көруі керек. Сонда ғана ол берекелі болмақ. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.