20 Маусым, 2014

Футбол. Әлем чемпионаты: Колумбия - Кот-д`Ивуар 2:1

309 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

19-06-14-kolumbia-ivuar-5

АСТАНА. 20 маусым. Бүгін маусымның 20-на қараған түні Бразилияның астанасы – Бразилиа қаласындағы ұлттық стадионда С тобындағы Колумбия және Кот-д`Ивуар құрамалары екінші турдың ойынын өткізді. Матч 2:1 есебімен америкалықтардың пайдасына шешілді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Колумбия - Кот-д`Ивуар 2:1 (0:0). 19 маусым. Бразилиа. Ұлттық стадион. Төреші - Ховард Уэбб (Англия). Колумбия: Давид Оспина, Хуан Сунига, Кристиан Сапата, Марио Йепес, Пабло Армеро (Сантьяго Ариас, 72), Абель Агилар (Алекс Мехия, 79), Карлос Санчес, Хуан Куадрадо, Хамес Родригес, Виктор Ибарбо (Хуан Кинтеро, 53), Теофило Гутьеррес. Кот-д`Ивуар: Бубакар Барри, Серж Орье, Дидье Зокора, Сулейман Бамба, Артур Бока, Сере Дье (Матис Болли, 73), Шейк Тиоте, Жервиньо, Яя Туре, Макс Градель (Саломон Калу, 67), Вилфрид Бони (Дидье Дрогба, 60). Голдар: Хамес Родригес (64), Хуан Кинтеро (70), Жервиньо (73). Ескертулер: Дидье Зокора (55), Шейк Тиоте (90). Бұл күні осының алдында жеңіс тойын тойлаған екі команда ұшырасты. Оңтүстік Америка құрлығының өкілдері Грекия құрамасын өте сеніммен (3:0) ұтып шықса, африкалықтар жапондарды 2:1 етіп сүріндірді. Букмекерлер осы матчтың алдында колумбиялықтардың аздаған басымдықпен фаворит болатынын айтқан екен. Түптің түбінде өзі де солай болып шықты. Ал бұл матчтың жеңімпаздары іс жүзінде келесі кезеңге шығатын еді. Әр таймның әртүрлі көрініс бергеніне қарамастан, ойын жұрттың күткен деңгейінен табылды. Үзіліске дейін шын мәнінде екі командада да гол соғатындай мүмкіндік болған жоқ. Ең бір қолайлы сәтті Хамес Родригес жеткізген допты қақпаға тура бағыттай алмаған Теофило Гутьеррес жіберіп алды. Екінші таймның басы тура бірінші бөліктегідей жоғары қарқынмен басталды. Мұны, әсіресе, Колумбия құрамасы көбірек ұстанды. 58-минутта Хуан Куадрадо допты қиыс бұрыштан ұрып, қақпа бағанына тигізді. Көп ұзамай «кофешілер» бұл басымдылықтарын голға айналдыра білді. Доп бұрыштамада берілгенде, айып алаңы ішінде болған таласта Родригес жанындағы Дидье Доргбадан бұрын қимылдап, оны басымен қақпаға бағыттап үлгерді. Арада 6 минут уақыт өткенде, әлгіндегі Родригес қарсы бетте допқа қол жеткізіп, кезекті кең қанатты шабуылды бастап берді. Оның аяғынан жеткен допты ойынға енді қосылған Хуан Кинтеро қақпаға дәл ұрып түсірді. Есеп осылайша демде 2:0-ге жетті. Бірақ бұл ивуарлықтардың еңсесін қатты түсіре қоймаған сияқты. Мұны осыдан кейін олардың бірнеше рет тегеурінді шабуыл ұйымдастырулары байқатты. Сондай жігерлі жорықтардың бірін өзі бастаған Жервинье сол қапталмен атылып шығып, жолай бірнеше бәсекелесін орағытып өтті. Сосын айып алаңының ішіне кірді де, бірден қақпашынның оң жағын ала ұрды. Гол! Ол осылайша Родригес сынды осы турнирдегі голы санын екеуге жеткізді. Итальянның «Рома» командасының шабуылшысы осы арқылы атын тарихқа енгізді – осы кезге дейін Кот-д`Ивуар құрамасының бірде-бір ойыншысы әлем чемпионатында екі ойын қатарынан гол соғып көрмеген екен. Осы доптан кейін «пілдер» ойынның қалған уақытында қарсы қақпа жақтан шықпай қойды. Алайда, сол толассыз шабуылдардан тиісті нәтиже шығара алмады. Дамир Қожамқұл. Дереккөз: Чемпионат.Ру. Фото: Sportbox.ru.

19-06-14-kolumbia-ivuar-2 19-06-14-kolumbia-ivuar-3 19-06-14-kolumbia-ivuar-4 19-06-14-kolumbia-ivuar-6 19-06-14-urugvai-anglia-1