Әлем • 13 Ақпан, 2023

Құтқарушылар Түркиядан кете бастады

440 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатқан құтқарушылар тонаушылардың кесірінен елден кете бастады, деп хабарлайды Egemen.kz Türkiye Gazetesi басылымына сілтеме жасап.

Құтқарушылар Түркиядан кете бастады

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған елдегі төтенше жағдай кезінде тәртіп бұзғандар қатаң түрде жазаланатынын ескерткен. Өкінішке қарай  мемлекет басшысының сөзіне құлақ аспай, елдегі жағдайды пайдаланып, оңай олжаға кенелгісі келетіндер де табылып жатыр.

Нақтырақ айтқанда, Израильдің United Hatzalah іздестіру-құтқару тобы  «қауіпсіздікке айтарлықтай қатер» төнгендіктен, алты күннен кейін Түркиядан кетіп қалды.

United Hatzalah басшысы Эли Поллак пен операция жөніндегі вице-президенті Дов Майзель израильдік делегацияға нақты және тікелей қауіп туралы ақпарат алғандарын және қызметкерлердің қауіпсіздігін бірінші орынға қою керек екенін айтты.

«Біз өз тобымызды Сирия шекарасына жақын Түркия аймағына жіберген кезде белгілі бір тәуекел деңгейі бар екенін білдік, бірақ біз адам өмірін құтқару миссиясы үшін қауіпті азайтуға қажетті қадамдар жасадық», деді Майзель.

Түркияның Әділет министрлігі хабарлағандай, табиғи апаттан кейін тонаушылар көбейіп кеткен. Бұзақылар дүкендерді тонап, құрбан болғандарың бағалы заттарын ұрлай бастаған. Тіпті, көшелерде түрлі топтар арасында қақтығыстар басталып, жер сілкінісі болған аймақтарда оқ атылған.

Сонымен қатар, Австрия қарулы күштерінің өкілдері де Түркиядағы жер сілкінісі аймағынан қауіпсіздіктің жоқтығына және қарулы тонаушылар тобының және мерзімді атыстардың салдарынан әскерилер мен құтқарушылардың өміріне қауіп төнгендіктен кетіп жатқандарын мәлімдеді.

Германиядан жеткен көмек ұйымы да зілзаладан зардап шеккен Түркияда қауіпсіздікке алаңдаушылық пен адамдар арасында қақтығыстар, атыс болғаны туралы хабарларды алға тартып, құтқару жұмыстарын тоқтатқан.

Неміс Халықаралық іздеу және құтқару ұйымы (ISAR) мен Германия Федерал техникалық көмек агенттігі (THW) Түрік азаматтық қорғаныс агенттігі AFAD жағдайды қауіпсіз деп таныған бойда жұмысын қайта бастайтындарын айтты. ISAR операциялық менеджері Стивен Байер апаттан кейін күн өткен сайын қауіпсіздік жағдайы нашарлап бара жатқанын жасырмады.