19 Маусым, 2014

Еліміздің ғалымдары туберкулезге қарсы теңдесі жоқ дәрі ойлап тапты

296 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Preparat03АСТАНА. 19 маусым. Ғалымдарымыз туберкулезге қарсы әлемде теңдесі жоқ дәрі жасап шығарды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Жұқпалы ауруларға қарсы препараттар ғылыми орталығы» акционерлік қоғамының президенті Александр Ильин осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы i-news.kz хабарлады. А.Ильиннің айтуынша, туберкулезбен ауыратын адам ЭФ-ЭС-1 препаратын қабылдаса 2 айдың ішінде дертінен құлан таза айығып шығады. Сондай-ақ, ол: «GLP стандарты техникалық реттеу нысандары ретінде тек дәрі-дәрмектерді ғана емес, сонымен қатар басқа да салаларды қамтиды. Олардың қатарында химиялық өнеркәсіп, ауылшаруашылығы саласы, ветеринарлық дәрі-дәрмектер бар. Аталған стандарт отандық өнімнің бәсекеге қабілеттігін арттырады және оның халықаралық нарыққа шығуына мүмкіндік береді», – деді. ЭФ-ЭС-1 препаратын жасаушы ғылыми топтың жетекшісі Мұрат Құлманов: «Қазіргі біз клиникалық сынақтың үшінші кезеңіне кірісудеміз», – деді. Жұқпалы ауруларға қарсы препараттар ғылыми орталығы» акционерлік қоғамы өзінің GLP халықаралық стандартына сәйкестігін дәлелдеп отыр. Қазір бұл орталық ТМД аумағында ғылыми зерттеулер және инновациялық дәрі-дәрмектер өндірумен айналысатын бірден-бір ұйымға айналды. Бүгінде мұнда 200-ге жуық адам жұмыс істейтін 10 зертхана бар. Парламент Мәжілісінің депутаты Надежда Петухова: «Бізге әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу керек. Оған тек озық экономикамызбен ғана емес, ғылымдағы сапалы жетістігімізбен де баруымыз керек. Бұл тұрғыдан келгенде Халықаралық стандарттарға жауап беретін тәжірбиелік зертхана біздің ғылымымыздың үлкен жетістігі саналады», – деді. Тағы бір айта кетер жәйт, «Жұқпалы ауруларға қарсы препараттар ғылыми орталығы» акционерлік қоғамы келешекте кадрлық және өндірістік жағынан орта азиядағы алғашқы және бірден-бір GLP-халықаралық талаптарға сай орталық болып қалуы мүмкін. Жолдыбай Базар. Дереккөз: i-news.kz. Фото: Livejournal.com.