19 Маусым, 2014

«Жүректегі жазулар» кітабын оқығаннан кейінгі ой

408 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
журектегы жазыларЖүрек. Лүп-лүп соққан жұдырықтай жүректегі мейірім шуағынан артық не бар?! Адамның жүрегі – тіршіліктің тірегі. Ол елім, жерім деп соғады. Дамыл таппайды. Тарам-тарам қан тамырларында махаббат пен ізгіліктің іздері қалады. Дос-жаран, анаң мен балаңа, қала берді айналаңдағы жақсы жандарға деген пейіл-ниетті де жүрегіңмен қабылдайсың. Міне, жүрекке түсетін салмақ осындай. Жасыңа жас қосылып, есейсең де жүрегіңнен берік орын алғандардың бейнесі өшпейтін ақиқат. Демек, жақсылықтар ғана орныққаны, жазу болып қалғаны абзал. Содан да болар, жаңа кітаптың «Жүректегі жазулар» деп аталғанын құп көрдік... Тарихтың бетбұрысты кезеңдері кемел тұлғаларды, білгір саясаткерлер мен қайраткерлер шоғырын сахнаға шығарады. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Бүгінде әлем танып отырған дана саясаткер, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстан аспанының жарық жұлдызы десек, асыра айтқандық емес. Елімізде Президент алға қойған бағалы бастамаларды мүлтіксіз орындайтын мемлекетшіл қайраткерлер қатары молынан саналады. «Жүректегі жазулар» жинағы белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Әбікенұлы Үмбетовтің қоғам дамуына қосқан өзіндік үлесі жайлы бөлек-бөлек көсемсөз бен рухы асқақ арнау өлеңдерден құралыпты. Жарқын тұлғаның кесек келбетін сомдаған кітаппен толық танысқан оқырман бүгінгі халық қалаулысының еңбек, өмір жолдарының өнегемен өрілгендігіне куә болары кәміл. Көп дегенде жүз жасармыз, бәлкім, біз, Алда әйтеуір келері анық салқын күз. Өзіңе бір риза болып көрдің бе, Еске алардай қалдырдың ба артыңда із? – деп ақын айтқандай, қамшының сабындай қысқа тірлікте айналаңдағы адамдарға жақсылық жасап, ізгілігіңмен із қалдыру оңай емес. Мұндай ірілік азаматтың азаматына ғана тән. Жұмыс істеп, лауазымды қызметтер атқарған жерінде өзіндік қолтаңбасын ғана емес, адамдардың да жүрегіне із қалдырған Серік Әбікенұлы шын мәнінде осындай атпал азамат. Және тіршілігінде не тындырдым, жұртқа қандай пайда келтірдім деп өзіне жиі есеп беретінін ұғасың. Осы орайда Абай дананың «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса жұмасына бір, ең болмаса, айына бір өзіңнен-өзің есеп ал» деген көсем ойына кейіпкер өмірінен жауап табасың. Жинақ Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «...Қолдан келсе, кісіге жақсылық жасағанға не жетсін» деген айшықты сөзімен ашылыпты. Кітаптағы бір-бірімен жалғастырылған алтын арқау да негізінен осы тұжырымға келіп тіреледі. Бірін-бірі толықтырып, азаматтың бітім-болмысын, адами қасиеттерін ашады. «...Ел бақытына туған асылдар аз емес. Солардың арасында, ел басқарған мықты жігіттердің ішінде мен білетін Серік Үмбетов те бар. Үмбетов – аса кішіпейіл, иманжүзді, қадірлі азамат. Екі облысқа әкім болды. Халқына жақын болды. Басқа да үлкен қызметтер атқарды. Абыройлы болды. Серік Үмбетов – сертке берік. Басшы үшін бұл өте-мөте керек қасиет. Әсіресе, үлкен саясатқа араласқан адамдар үшін». Кітаптың беташары Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның ыстық лебізімен осылай ашылыпты. Мұндай жылы лебіздер мен тұшымды пікірлерді Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов, Парламент Мәжілісінің депутаттары – Серікбай Нұрғисаев пен Сәкен Жылқайдаров, Жамбыл жыраудың ұрпағы, ақын Әлімқұл Жамбылов, еңбек ардагерлері Нүсіпжан Нұрманбетов пен Бәтима Сақауова, тіл жанашыры Асылы Осман, жазушы Несіпбек Дәутаев пен әріптестеріміз Мейрамбек Төлепберген мен Мақұлбек Рысдәулеттің көсілте жазғандарынан да көптеп келтіруге болады. Мақалада оның бәрін келтіруге мүмкіндік жоқ, әрине. Сол себепті барлық лебіздерге тән ортақ бір ерекшелік жайын ғана сөз етіп өтпекпіз. Ол ерекшелік авторлардың шынайы пікірі, тек шындықты ғана дерек пен дәйекке сүйене отырып келтіруінде деуге болады. Шын мәнінде жүректен шықпаған сөз жүрекке жетпейді. Жинақтың басты артықшылығы да шынайылығында жатыр. Бұл тұжырымды, әсіресе, жинаққа топтастырылған өлеңдер турасында бөле-жара айтуға болады. Ақын Рафаэль Ниязбектің «Болашақтың төрінен көрем сені» поэмасының атынан көрініп тұрғандай, ақын өз қаһарманының дәйім асқар биіктен табылатындығына, болашақтан да өзінің лайықты орнын алатындығына бек сенімді. Бұл сенім негізсіз де емес. Серік Әбікенұлының өнегелі өмір жолы мен ізгілікті істері қандай құрметке де лайықты деп білеміз. Жинақтағы «Ой-толғам орамдарында» Серік Әбікен­ұлының Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дара тұлғасына, қоғам дамуы мен жастар тәрбиесіне, адамгершілік асыл қасиеттерге қатысты өзіндік көзқарасы айшықталыпты. Кітапты баспаға дайындаған белгілі ақын Нүсіпбай Әбдірахымның ардақты азаматтың осындай нұсқалы ой-пікірлерін елеп-екшеп бергені орынды болған. Мұнда да көңілге ұялайтын терең тұжырымдар, парасатты пайымдаулар молынан кездеседі. Әр сөзі жастарға жігер, рух беретінін аңғарасың. Айтқанының бәрі өмір мектебінен алған тасқайрақ дәрістей. Бұл пайымдауларды мысалға келтіріп, қайталап шығу аздық етеді. Сондықтан, көзіқарақты оқырманға кітапты толық оқып шығуға кеңес берер едік. Ал оқыған адамның өз көкейіне өнеге өрнектерін тоқыры анық. Қорғанбек Аманжол, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.