Әлем • 06 Ақпан, 2023

Анадолыдағы алапат апат

447 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Түркияның оңтүстік-шығысындағы Газиантеп елді мекенінде 7,4 балдық жер сілкінісі болды. Анадолы агенттігінің мәліметінше, жерасты дүмпуі Кахраманмараш провинциясындағы Пазарджик ауданында жергілікті уақыт бойынша 04.17-де, 7 км тереңдікте болған.

Анадолыдағы алапат апат

Агенттіктің мәліметінше, алдымен 6,4 және 6,6 магнитудалы екі жер сіл­кі­нісі Нурдагы және Ислахие ауда­нын­­да тір­кел­г­ен. Одан соң жерас­ты дүмпуі Адана, Анкара, Анталья, Газиантеп, Кайсери, Мерсин, Трабзон, Урфа, Хатай, Османие, Шанлыурфа, Диярбакыр, Малатияда жарты сағат бойы толастамаған. Сондай-ақ Мысыр, Ливан, Сирия, Иракта да сезілген. Жер сілкінісінен кейін 32 афтер сіл­кініс тіркелген. Ең күштісінің магнитудасы – 6,6.

Қазір елде ең жоғары төтенше жағдай жария­ланды. Билік халықаралық көмек­ке жүгінді. Барлық жерде іздестіру-құтқару жұ­мыстары мен залалды бағалау жұ­мыс­та­ры жүргізіліп жатыр. «Елде да­был­дың ең жоғары деңгейі жарияланды. Біз Төтенше жағдайлар басқармасымен бірге өңірге құтқарушылар жібердік», деді түрік елінің ІІМ.

Осы уақытқа дейін Малатия про­вин­­циясында 23 адам қаза та­уып, 420 адам жара­ланған, Диярбакыр провинциясында 6 адам өліп, 79 адам жарақат алды, ондаған ғи­марат қираған. Шанлыурфа про­вин­ция­сы­ның губернаторы Салих Айхан 15 адам қаза тауып, 30 адам жараланғанын хабарлады. Анадолы агенттігінің соңғы ақпаратына сүйенсек, алапат жер сілкінісі сал­дарынан елдің 10 провинциясында көз жұмғандар саны 1000-ға жуықтаған. Бұған қоса, Түркияға іргелес жатқан Си­рия елі де зілзаладан қатты зардап шек­кен, жергілікті денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің мәліметінше, 500-ден аса адам қаза тап­қан.

Сирияның Алеппо, Идлиб, Латакия, Хама қалаларында ондаған адам ғима­рат қирандыларының астында қалды. Сирия үкіметі Алеппо, Хама, Латакия өңірлері ең көп зардап шек­кенін айтады. Сирия қорғаныс минис­трлігі бұл аймақтарға армия тарту жос­парланып отырғанын хабарлады. Сирия мұ­ражайлар департаментінің мәлі­ме­тін­ше, жер сілкінісі кезінде БҰҰ-ның дүниежүзілік мұрасы Алеппо цитаделі за­қымданған. Ал Түркияның өзінде таби­ғи апат салдарынан Газиантептегі XVII ғасырға тиесілі тарихи қамал зардап шеккен. Сонымен қатар Түркияның оң­түс­тік-шығысындағы Хантай провин­ция­сындағы жалғыз әуежайдың ұшу-қону алаңы толық қираған. Соңғы санақ бо­йынша 140 ғимарат қираған. Сондай-ақ Кахраманмараш пен Хантай провинцияларында газ құбырларында жарылыс болған.

Жалпы, Түркия билігінің мәліме­тін­ше, елде кем дегенде 22 жерасты дүмпуі болып, 10 провинция зардап шеккен. Билік тұрғындарды көлікті пайда­лан­бау­ға, үйлерге кірмеуге, төтен­ше жағ­­дайлар қызметіне орынсыз хабар­лас­пауға ша­қы­рады.

Түркияда орын алған жойқын жер сіл­кі­нісі салдарынан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың арасында Қазақ­стан азаматтары жоқ, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

«Түркия Республикасындағы елші­лі­гі­міз­дің ақпаратына сәйкес, Түр­кияның оң­түстік-шығысындағы қуатты жер сіл­­кі­нісінен кейін Қазақстан аза­маттарынан өтініш түскен жоқ. Консул Түркияның төтенше жағдайлар жө­нін­де­гі бас­қар­масымен үнемі байланыста отыр. Қазіргі уақытта зардап шеккендер немесе қаза тапқандар тізімінде Қазақ­стан азаматтары жоқ. Сонымен қатар қиран­ды­лардың өте көп болуына байланыс­ты құтқару жұмыстарының жалғасып жат­қанын ескерген жөн», деді Айбек Смадияров ведомствода өткен брифингте.

Түркиядағы суық хабарды ести сала Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту же­делхатын жолдап, Үкіметке Түр­­­кияның оңтүстік-шығы­сында болған жойқын жер сілкіні­сі­нің салдарын ең­серуде шұғыл көмек көр­се­туді тапсырды. Осыған орай Сырт­қы істер министрлігі мен Төтен­ше жағ­дайлар ми­нистрлігі түрік билігі­мен байланыс орнатты. Жақын арада Түркия үкі­ме­ті­нің өтініші бойынша зардап шеккен өңірлерге Қазақстанның құтқару­шы­лары мен дәрігерлері аттанады.