Қоғам • 06 Ақпан, 2023

Парасатты полиция

321 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жем­қорлыққа қарсы саясат тұжырым­дамасын бекіткені белгілі. Оны жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында биыл құқық қорғау және сот органдарында парасаттылыққа тексеруді немесе integrity check енгізу тетігін пысықтау көзделген.

Парасатты полиция

Жуырда Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында ведомство басшысы Марат Ахметжанов ішкі істер органдарының қызметкерлерін парасаттылыққа тексерудің қанатқақты жобасының іске қосылғанын хабарлады. Ведомствода полицейлердің күнделікті жұмысына барынша жақын ситуациялық кейстер, оларға ден қою нұс­қа­лары және тексерілетін адамдардың іс-әре­кеттерін бағалау критерийлері әзірленген.

Ең алдымен күнделікті халықпен байланыста болатын бөліністердің қызметкерлері тексеруден өтті. Бұл – патрульдік полиция, ювеналды полиция, көші-қон қыз­меті, учаскелік полиция пункттерінің, модульдік және стационарлық бекеттердің, фронт-офистер мен кезекші бөлімдердің қызметкерлері. Бастапқы кезеңде азаматтармен қарым-қатынас құру, қызметкерлердің олардың өтініштеріне жедел әрекет ету қабілетін тексеруге баса назар аударылды. Сондай-ақ қызметкердің сыртқы түрі, яғни нысандық киімі, материалдық-тех­никалық жарақтандырылуы, қызметтік планшеттерді, бейнетіркегіштерді, жетондарды, автокөліктерді мақсатты пайдалануы бағаланды. Қаңтар айында Астана, Алматы қалаларының, Алматы, Қарағанды, Павлодар және Жетісу облыстарының полиция департаменттерінде тексерулер жүргізілді. Жоба іске қосылған қысқа мер­зімге қарамастан тексеру нәтижелері  тиім­ділігін көрсетіп отыр. Атап айтсақ, өтініштерге жедел қызмет көрсетіле бас­тады, қызметкерлердің өз жұмысына жауап­кершілікпен қарауға, дұрыс жә­не сыпайы жауап беруге ұмтылысы бай­қалады. Бұл қызмет көрсету моделінің принциптеріне сәйкес келеді. Сонымен қатар тексеру профилактикалық тұрғыдан да әсер етіп отыр. Өткен айда анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтардың саны едәуір өскен. Мысалы, тек Астана қаласында жол қозғалысы ережелерін бұзудың жалпы саны 23 800-ге дейін жетті. Қанатқақты жобаның басталуымен полиция қызметкерлерінің оларға пара беру әрекеттері туралы хабарлауы да артқан. Биыл қаңтар айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мұндай фактілердің саны 3 есеге жуық өсті. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері, сондай-ақ олардың қызметтік автокөліктері мен үй-жайлары ақпаратты автоматты түрде жедел басқару орталықтарына жі­бе­ретін заманауи фиксаторлармен жаб­дық­талған.

«Лауазымды адамға пара бергені үшін айыппұл салуды немесе бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыруды көздейтін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын еске саламыз. Полиция қызметкерлеріне қызметтік міндеттерін атқару кезінде бағынбау мен қарсылық көрсетуге жол берілмейтіні туралы хабарлаймыз. Жыл басынан бері осындай 19 факт, сондай-ақ билік өкілін қорлаудың 44 фактісі тіркелді. Азаматтарды заңға бағынуға және заңсыз әрекеттерді жасамауға шақырамыз. Бопсалау жағдайында ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік қызметіне немесе 1402 сенім телефонына дереу хабарлау қажет», делінген ведомствоның ресми хабарламасында.