Еңбек • 07 Ақпан, 2023

Еңбек құқығы қорғалады

386 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде еңбек құқығының бұзылуы туралы деректер бәрімізді ойландырады. Жағымсыз жағдайлар көбінесе кәсіпорындарда, құрылыс саласында болатыны белгілі. Заңсыздыққа жол бермеу үшін Бас прокуратура жүйелі жұмысты жалғастырып келеді.

Еңбек құқығы қорғалады

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Мәселен, 2022 жылы прокурорлар уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, 1,5 млрд теңге сомасына 68 кәсіпорындағы 4 мың қызметкердің жала­қы бойынша борыштарын өтеуді қамта­масыз еткен. Бүгінде жалақы бойынша берешекті жедел өндіріп алу үшін дерек­тер алмасу оң жолға қойылған. Деби­торлармен жұмыс жүргізіліп, борыш­керлердің мүлкін іздеу жалғасып жатыр.

Тексеру іс-шаралары кезінде «Тамыр» ЖШС компаниялар тобының 243 қызметкерге 60 млн теңге қарыз екені анықталады. Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының ұсынуы бойынша кәсіпорын қарыздарын толығымен өтеп, ал жұмыс беруші Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылған.

Шетелдік жұмыс күшін тартатын шаруашылық жүргізуші субъектілердің жұмыскерлерінің құқықтарын сақтауы жеке бағыт ретінде қарастырылған. Бұл бағытта ең көп таралған бұзушылық – отандық және шетелдік мамандардың еңбекақысындағы теңгерімсіздік. Анық­талған бұзушылықтар бойынша 66 ұсыну енгізіліп, 228-ге жуық адам әкімшілік жауаптылыққа тартылған. Бұған қоса, 72 млн теңгеге айыппұл салынып, әкімдіктер арқылы 266 рұқсат қайтарып алынды және 150 шетелдік азамат елден шығарылды.

Иә, Қазақстанда мигранттар құқығы жиі бұзылатыны жасырын емес. Ресми деректерге сүйенсек, кейінгі бес жылда мигранттар еңбегін заңсыз пайдаланғаны үшін 10 мыңнан аса жұмыс беруші жауапқа тартылған. Ал адам саудасы бойынша былтыр 77 қылмыстық іс тіркеліп, бес ұйымдасқан топтың заңсыз әрекеттерінің жолы кесілген.

Үстемеақы мен өтемақының төле­нуі де – басты назарда. Мәселен, про­курорлардың актілері бойынша 30 мың жұмысшыға жалақыға үстемеақы белгіленген. 600-ден аса қызметкерге өтемақы төленді. Әкімшілік жауапты­лыққа 226 адам тартылды.

Заңгерлер қызметкерлердің көбі еңбек келісімшартына мән бермей, өз құқықтарын біле бермейтінін алға тартады. Еңбек келісімшарты бол­ма­ған жағдайда екі тараптың жауап­кершіліктерін айқындау қиын­ға соға­тыны белгілі. Жазбаша келісім­шарттың болмауы адамдарды іске немқұрайдылық танытуына әсер етуі мүмкін. Еңбек келісімшарты жазбаша жасалса, кез келген адам әр әрекетінің жауапкершілігін түсініп, оны орындамаған жағдайда заң алдында жауап беретінін түсінеді. Бір сөзбен айтқанда, келісімшарт – сіздің құқығыңызды қорғайтын кепіл.

Басшылық жалақыны кешіктірсе не істеу керек? Еңбек кодексінің 134-бабы «Жалақы төлеудің тәртібі мен мерзімдері» бойынша жалақы айына кемінде бір рет немесе келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленуге тиіс. Заң бойынша оның барлығы еңбек шартында немесе ұжым шартында көрсетіледі. Жұмыс беруші жалақыны кешіктірген жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 87-бабы «Еңбекке ақы төлеу жөніндегі талаптарды бұзу» бойынша жаза қарастырылады.

Жұмыскерлер құқығы бұзылса, қай органға жүгінетінін білмей, бірден полицияны ойға алады. Әр өңірде еңбек инспекциясы деген мемлекеттік орган бар. Бұл мекеме Еңбек кодексінің, сонымен бірге «Халықты жұмыспен қамту туралы», «Қызметкер еңбек (қызметтiк) мiндеттерiн атқарған кезде оны жазата­йым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру туралы» заңдардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады. Қызметкер «әділетсіз, еш себепсіз жұмыстан шығарып жатыр» немесе жоғарыда көрсетілген заңдарға сәйкес, құқығым бұзылды деп ойласа, өзі тұра­тын мекенжай бойынша еңбек инс­пекциясына арыз жазып, жүгінуіне болады. Онда арнайы мамандар түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мәселені шешуге көмектеседі. Еңбек инспекциясы толық тексеріс жұмысын жүргізеді.