Аймақтар • 06 Ақпан, 2023

Тасқынға – тосқын

311 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Солтүстікте қар аз. «Казгидрометтің» хабарлауына қарағанда топырақ тоңының қалыңдығы – былтырғыдан 7-40 см аралығында жұқа. Бұл дегеніңіз қар ери бастаған уақытта тоң оңай жібіп, ағын су жерге сіңеді деген сөз. Оның үстіне шағын өзендердегі су қоры да шектен тыс көп емес, қалыпты жағдайда. Осы жағдайлар су тасқынына жол бермеуге тиіс.

Тасқынға – тосқын

Жалпы, биылғы қыс терістікте жайлы болып келеді. Ауаның температурасы -20 градустан төмен­деген кездер саусақпен санарлық қана. Ашық далада борандар болып тұрғанымен елді мекендер биыл суықтан да, қалың қардан да зардап шеккен жоқ. Алдағы күндердің қандай болары, әрине, белгісіз. Бізде әлі толық екі ай қыс бар.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті табиғаттың тосын қылығына әрқашанда дайын болу­дың шараларын қарастырып жүр. Осы мақсатта жуырда ТЖД бас­тығы, полковник Рамил Кама­лов Шал ақын ауданына жұмыс сапарымен барып, Сергеев су қой­ма­сы аумағындағы жағдайды көзімен көрді. Сапар барысында ол аудан әкімімен, аудан прокурорымен және су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізуге жауапты лауазымды тұлғалармен кездесулер өткізді, су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуінің өзекті мәселелерін талқылады.

2021-2022 жылдары аудан аума­ғында тұрғын үйлерді су басуға жол берілмеді, адамдар мен ауыл шаруашылығы жануарларын эвакуациялау да жүргізілмеді, құрбандар мен зардап шеккендер де болған жоқ. Бірақ Р.Камалов бәрібір төтенше жағдайларға әрқашан дайын болу керектігін жеткізді. «Биылғы болжамдар қауіпті емес, бірақ табиғаттың тосын қылығына дайын болуымыз керек. Халқымыз «апат айтып келмейді» дейді. Тек сақтанып отырсақ қана қапы қалмаймыз», деді ол өзінің сөзінде.

Соның ішінде ол жыл сайын су тасқынына азды-көп ұшырайтын аудандағы Сергеевка қаласы, Горо­децкий, Мерген, Ақанбарақ және Новопокровка ауылдарына ерекше назар аудару қажеттігін ескертті. «Осынау су басу қаупі басым аймақта шамамен 322 тұрғыны бар 114 тұрғын үй бар. Осы аумақ үнемі назарда болуы керек», деді Р.Камалов.

2022 жылдың жаз және күз айларында жергілікті атқарушы органдар өз қызметтері және жекеменшік кәсіпорындар мен шаруалардың күшімен тасқынға қарсы инже­нерлік жұмыстардың жоспарын орындау мақсатымен біршама жұмыстар атқарған. Соның ішінде елді мекендер мен жолдардың қар суының басып қалуынан сақтау үшін қажетті материалдар үйіліп, дайындық жасалған. Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы осы жұмыстар жасалған бірнеше ауылға соғып, дайындықтың барысын өз көзімен көрді. Соның ішінде Сергеев су қоймасының маңында Есілдің жағасын көтеру үшін 100 метрлік ұзындықтың бойына тас қаланғанын тексерді. Новопокровка ауылының маңындағы Кіші Тораң­ғұл көлінің маңына диаметрі бір метр болатын екі су құбыры орна­тыл­ғанына көз жеткізді. Қар қалың жауған жылдары осы көлдің суы жиі таситын. Сонда ағын су жол тап­пай Новопокровка ауылын, «Көк­­­терек-Ыбыраев» бағытының жолын басып қалатын еді. Енді үлкен құбырлармен аққан су ауыл­дан алыстап, жол тауып кететін болды.

Сапарын Шал ақын ауданынан бастаған ТЖД бастығы Р.Камалов одан әрі Ақжар, Аққайың, Тайын­ша, Тимирязев, Есіл және Уәли­ханов аудандарында бірнеше күнге жалғастырды. Жергілікті атқа­ру­шы органдар жүргізген су тас­қынына қарсы іс-шаралардың сапасын тексеру барысында бірнеше ұсыныстар беріп, елді мекендерді тасқын сулардың ықтимал қаупінен тиімді қорғанудың жолдарын айтты. «Біз көктемгі кезеңнің кез кел­ген сценарийіне дайын болып, халықтың қалыпты өмір сүруін қамтамасыз етуіміз керек», деп түсіндірді департамент бастығы.

«Сақ жүрсең, тоқ жүресің» дейді халқымыз. Солтүстікте әлі қар мызғымай жатса да тасқынның алдын алу шараларының басталып кеткені көңілге сенім ұялатады. ТЖД баспасөз хатшысы Евгений Журавлевтің айтуына қарағанда осы ақпан айына тасқынға тос­қын барысы туралы кеңестер өткізіліп, техникалық құралдардың дайындық барысын тексеретін шаралар белгіленіпті.

 

Солтүстік Қазақстан облысы