Спорт • 06 Ақпан, 2023

Алматы облысының аты озған спартакиада

259 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Қазақстан Республикасының VI жазғы спартакиадасы жалғасып жатыр. Жексенбі күні әйелдер күресінен белдесулер өтті. Бұл жарыста Алматы облысының арулары алдарына жан салмады. 144 ұпай жинаған олар жалпыкомандалық есепте жеке-дара көш бастады. Екінші және үшінші орындарды Ақмола (115 ұпай) мен Түркістан (113 ұпай) облыстары олжалады. Сондай-ақ Астана қаласы (100 ұпай) мен Қарағанды (97 ұпай) өңірінің өкілері де жақсы нәтижеге қол жеткізіп, үздік бес команданың қатарына қосылды.

Алматы облысының аты озған спартакиада

Суретті түсірген Юрий БЕККЕР

Грек-рим күресі шеберлерінің са­йысын­да сенсациялық нәтижелер көп тір­келсе, бұрымдылардың бәсекесінде таң­дай қағарлықтай еш оқиға болған жоқ. Фи­налға шыққан балуандардың барлығы да бұған дейін де елішілік додаларда қарсылас шақ келтірмей, халықаралық ареналарда да елеулі табыстарға қол жеткізіп жүрген сақа спортшылар еді. Мәселен, 68 кг салмақтағы шымкенттік Елена Шалыгинаға Алматы облысының өкілі Гауһар Мұқатайды жеңу еш қиын­дық туғызған жоқ. Гауһардың жасы – 24-те. Ал Елена – 36 жаста. Шалыгина 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында үшінші орынды иеленсе, әлем чемпионаттарында үш мәрте жүлдегерлер санатына қосылды. 2010 жылы Азия ойындарын ұтып, құрлық біріншілігінде бес рет (2 алтын+2 күміс+1 қола) жеңіс тұғырына көтерілді. Кейіннен үлкен спорттан қол үзді.

Арада 10 жыл өткен соң спортшы боз­­кілемге қайта оралды. Келген бетте бір­ден өзінің мықтылығын мойындатты. Был­тыр Елена ел чемпионы атанса, биыл спар­такиадада бас жүлдені олжалады. Бір кереметі, Алматыдағы жарыста еліміздің бірде-бір балуаны ардагер балуанның ек­пініне шыдай алмады.

Бірер жылдан бері 72 кг сал­мақ дәрежесінің тізгінін ешкімге бер­мей жүр­ген астаналық Жәмила Бақ­бер­­­­геноваға алғашқы кезеңде жастар ара­­сындағы әлем мен құрлық бірін­ші­ліктерінің жүлдегері, Батыс Қазақстан облысынан келген Анастасия Панасович әжептәуір қарсылық көрсетті. Бірақ мық­тының аты мықты ғой. Бірте-бірте Жә­мила оны сабасына түсірді. Соңғы екі әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы деген дардай атақтары бар балуан ақырында Анастасиядан бақандай 11 ұпай озды. Төрешінің белдесуді мерзімінен бұрын тоқтатудан басқа амалы қалмады.

55 кгдағы Марина Седнева (Алматы облысы) ақтық сынға дейін алқынбай жет­ті. Жастардың әлем біріншілігінің екі дүркін қола жүлдегері, Азия чемпионы және әйелдер арасындағы құрлықтың басты додасында үшінші орынға табан ті­реген ол шешуші тұста Гүлсамал Нұр­ланды (Ақтөбе) айқын басымдықпен ұт­ты. 57 кг салмақта Нилуфар Раи­моваға (Түркістан) тең келер ешкім табылмады. Жастар арасындағы әлем чемпионы финалда Айнұр Әшімовадан (Алматы облысы) айласын асырса, 59 кгдағы Диана Каюмова (Астана) Әйгерім Ибаршеваны (Ақтөбе) қапы қалдырды.

62 кг салмақ дәрежесіндегі Ирина Кузнецова (Ақмола) мен Аяулым Қасы­мованың (Алматы облысы) өзара бәсе­кесі өте тартысты өтті. Бұл айқас сәл ғана басымдықпен Кузнецованың пайдасына шешілді. 65 кгда Әлбина Қайыр­гелдинова (Ақмола) жеңіс тойын той­лады. Финалда ол Дариға Әбен­ді (Түркістан) жеңді. Ал аса жеңіл сал­мақта жастар буы­нының өкілі Эллада Махяддинованың (Ақмола) мерейі үстем болды.

Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына жиналған жұрт 76 кг салмақ дәрежесіндегі ақтық сайысты асыға күт­­­ті. Бозкілемге қарағандылық Ел­ми­ра Сыздықова мен астаналық Гүл­ма­рал Еркебаева шықты. Елмира – Рио Олим­пиадасы мен Жакартадағы Азия ой­ындарының қола жүлдегері. Соны­мен қатар ол құрлық чемпионатында алты рет (1 алтын+2 күміс+3 қола) же­ңіс тұғырына көтерілген. Гүлмарал – Азия чемпионатының төрт дүркін қо­ла жүлдегері. Осы балуандардың өзара ай­қасы әркез аса шиеленісті өтеді. Көп жағдайда бәсеке тағдырын бір немесе екі ұпай ғана шешкенін көзіміз көрген. Бірде Сыздықова жеңсе, енді бірде Ер­кебаеваның бағы жанады. Бұл жолы да дәл солай болды. Екеуі соңғы секундтарға дейін аянбай айқасып, ақырында бір ғана ұпай айырмашылығымен қарағандылық спортшы жеңіске жетті.

Тағы бір айта кетерлігі, дәл сол күні атақты балуанымыздың туған күні еді. Осылайша, Елмира өз-өзіне керемет сый жасап, спартакиаданың жеңімпазы атанды. Қазақстан күрес федерациясы мен Азия күрес конфедерациясының пре­зиденті, Біріккен күрес әлемінің бюро мүшесі Дәулет Тұрлыханов чемпионды ту­ған күнімен құттықтау үшін спорт сарайына арнайы ат басын бұрды.