Қоғам • 06 Ақпан, 2023

Ерекше балаларды қолдау

346 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстандағы ерекше балаларға шығармашылық мамандықтарды оқуға мүмкіндік жоқ. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметі алаңында Ұлттық Дельфий комитетінің директоры Құралай Түспекова мәлімдеді.

Ерекше балаларды қолдау

Оның айтуынша, коррекциялық мек­тептерді тәмамдаған мүмкіндігі шек­теу­лі жандар үшін бұл бағыттағы арнайы бағ­дарламалар қарастырылмаған. Сал­да­рынан оларды кәсіби тұрғыда жетіл­діруде, мәдениет мекемелеріне жұ­мысқа орналасуда қиындықтар туын­дап жатыр.

– Қазір еліміздегі ерекше балалардың театр маманы болуы үшін мемлекеттен арнайы бағдарламалар әзірленбеген. Мәселен, вокал бөлімінде «ым-ишарат» тілінде ән айту мамандығы жоқ. Соның сал­дарынан коррекциялық мектептерді бі­тірген, жаны шығармашылықты қа­лайтын мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмысқа орналаса алмайды. Өйткені мәдениет мекемелеріне арнайы диплом қажет. Сондықтан балалар көбінесе тігінші немесе етікші болады. Бұл біз үшін де, қоғам үшін де өткір мәселе. Бірақ театр – ерекше балалар үшін өнер жолында өзін шыңдауға, әлеуметпен етене байланысуға тамаша мүмкіндік, – деді спикер.

Ұлттық Дельфий комитеті өкілдері мүмкіндігі шектеулі балаларға оның ішінде есту қабілеті нашар жастармен жұмыс істеу жөніндегі әдістемелерін жетек­шілік ететін министрліктерге бір­неше рет ұсынған. Егер халықтың бұл тобына арналған ілкімді бағ­дарлама қол­ға алынса, әзірлеу үде­рі­сіне қатысуға дайын екенін де жет­кіз­ді.

– Алайда жоғары оқу орындарын­да білім сапасын арт­тыру ба­ғдар­ламаларының мазмұнын өз бетін­ше анық­тайтын академиялық еркіндік деген бар. Бұл да шығармашыл ерекше азамат­тардың мүмкіндігін кеңінен наси­хаттауға кедергі. Комитеттің негіз­гі міндеттерінің бірі – мүмкіндігі шек­теулі балалардың болашақ кәсібін, өнер­ді таңдауы үшін әр өңірде алаңдар мен театрларды дамыту. Бүгінде тек Пе­тропавл қаласында оқу орындары­мен уағдаластыққа қол жеткізілді. Соның нәтижесінде ерек­ше студенттер шығар­машылық маман­дықтар бойынша оқуға мүмкіндік алды. Қазір бізде хореография­ны бітірген 2 түлек бар. Бұған қоса театр актерлеріміз облыстық қазақ драма театрында жұмыс істеп жатыр, – деді Қ.Түспекова.

Сондай-ақ баспасөз мәслихатында «Ым-ишарат тілінде ән айту» номина­циясы бойынша Ұлттық Дельфий ойын­дарының қазылар алқасының төрағасы Хасан Исраил ым тілін үйренудегі проб­­лемалардың барын жасырмады.

– Көру қабілеті нашар адам заттан, ал есту қабілеті нашар адам қоғамнан алшақтайды. Қазіргі уақытта басты мәсе­­леміз де – осында. Біздің ерекше жандарымыз қоғамнан бөлініп кетпеуі керек. Олар әлеуметпен біте қайнаса өмір сүруге тиіс. Жалпы, Дельфий ойындары шығармашыл жастардың ашылуына көп ықпалдасып жүр. Біздің балалар үлкен сахналарда өнер көрсетіп, өз талантын жұртшылыққа дәлелдеп келеді, – деді Х. Исраил.

Айта кетейік, жуырда елордада ерекше театр әртістерінің гастрольдік сапары өтеді. 5 ақпанда көрермендер екі мәрте Дельфий ойындарының чемпионы атанған ұжымның «Сквозь тишину» атты концертін тамашалай алады. Онда есту қабілеті нашар бишілер де өнер көрсетеді. Ал 6 ақпан күні театр сүйер қауымға «Мы с тобой одной крови» атты әлеуметтік драмасын ұсы­нады. Бұл – Орталық Азиядағы ым-ишарат тіліндегі жалғыз спектакль. Театр продюсері Құралай Түспекованың ай­туынша, мұн­дағы бас­ты мақсат – халықтың на­зарын ерекше балаларға аудару ар­қылы Қазақстанда меценаттық және қайырымдылық институтты дамыту.

– Біздің актерлар сахнада ойнамайды, олар сахнада өмір сүреді. Та­лантты бала сүйген ісімен айналысса, оған ешқандай шектеу жоқ екенін қа­зақстандықтар түсінсе дейміз. Театр ар­қылы біз балаларды қоғамға бейімдеп қана қоймай, денсаулық жағдайының да белгілі бір деңгейде жақсарғанын көріп отырмыз. Еліміздің әр өңірінде ерекше театр труппаларын құруды жоспарлап отырмыз, – деді Қ.Түспекова.

Жалпы, 2019 жылы ерекше театр елі­міздің 20 қаласында және халықаралық фестивальдерде өнер көрсеткен. Тіпті 2020 жылы Қырғызстанның Бішкек қала­сына арнайы шақырылған. Дельфий комитетінің айтуынша, қазірдің өзінде ТМД елдерінен ұсыныс жиі түседі. Бұл қаржылық қолдаудың болмауы­на бай­ланысты әзірге мүмкін болмай тұр. Сондықтан олар мүмкіндігі шек­теулі жастардың шығармашылық же­тіс­тіктерін насихаттау және елімізде ме­ценаттық және қайырымдылық инс­ти­тутын дамыту бағытында бірқатар мә­дени іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.