Қоғам • 30 Қаңтар, 2023

Заңнаманы жетілдіру тәсілдері

285 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздің әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі 2020 жылы қабылданып, 2021 жылғы 1 шілдеде қолданысқа енгізілгені белгілі. Құжаттың негізгі міндеті – адамдардың құқықтары мен бостандықтарын жеке немесе заңды тұлғалардың, сондай-ақ әкімшілік орган әрекет ететін әкімшілік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғау.

Заңнаманы жетілдіру тәсілдері

Орталық коммуникациялар қызме­тін­де өткен брифингте Әділет вице-министрі Алма Мұқанова әкімшілік заңнаманы жетілдіру тәсілдері туралы баяндады. Кодексте мемлекеттік орган­ның шешіміне немесе әрекетіне (әрекетсіздігіне), оның ішінде сот тәрті­бімен дауласу үдерісінде жеке тұлғаның құқықтық мүмкіндіктерін теңестіруге мүм­кіндік беретін құқықтық құралдар көзделген.

«Кодексте арнайы қағидаттар белгі­лен­ген, оларды сақтамау сипаты мен ма­ңызына байланысты әкім­шілік орган­ның шешімін заңсыз деп тануға негіз бола алады, бұл оның бар­лық туын­дайтын мән-жайлармен жойылуы­на әкеп соғады. Әкімшілік орган­дар­дың ше­шімдеріне, әрекеттеріне (әре­­кет­сіз­ді­гіне) шағымдану жөнін­дегі істерді қа­рай­тын құрылған маман­дан­ды­рылған ауданаралық әкімшілік соттар өздерінің тиім­ділігін көрсетті. Әкімшілік сот ісін жүргізудің айрықша белгілерінің бірі – соттың белсенді рөлінің жаңа қағидатын енгізу. Нәтижесінде, судьяға істі дұрыс және әділ шешу үшін бел­сенді болуға және өз бастамасымен қосымша дәлелдемелер жинауға мүм­кін­дік беріледі. Мысалы, Жоғарғы сот­тың мәліметтеріне сәйкес, әкімшілік әді­леттің жаңа форматының бірінші жы­­лында аяқталған істердің жалпы са­­нынан талапкерлердің талаптары 4 474 іс бойынша толық немесе ішінара қанағат­тан­­дырылды (52%), 4 085 немесе 48 па­йызы қанағаттандырудан бас тартылды», дейді вице-министр.

Бұл ретте ол кодекс қолданысқа ен­гізіл­генге дейін мемлекеттік органдарда азаматтармен және заңды тұлғалармен дауларда «ұтылған» істердің мұндай сыни көрсеткіштері болмағанын атап өтті. Мысалы, бұрын мемлекеттік ор­гандар азаматтық істердің 85%-ға жуы­ғын жеңіп алған. А.Мұқанова Әкім­шілік рәсімдік-процестік кодексі өзі­нің мәні бойынша мемлекеттік орган­дар мен қоғам арасындағы қарым-қа­ты­нас­тың ерекше тәртібінің кепілі екенін атап өтті.

Алма Мұқанованың айтуынша, Конституцияның 24-бабы мәжбүрлі еңбекті қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тану туралы сот актісі негізінде не төтенше немесе соғыс жағдайы кез­дерінде ғана пайдалануға жол береді. Әкім­шілік құқық бұзушылықтардың орбитасына қатысты қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті, атап айтқанда Ерекше бөлімнің 25-тарауын (белгілі бір қызметке байланысты әкімшілік жауапкершілікті көздейтін) талдауға тоқталсақ, бұл та­рау­­ларда 600-ге жуық құрам бар. Бірақ бар­лық құрам бойынша мәжбүрлі еңбекті қолдану құрамдардың сипатына, жекелеген құрамдар бойынша қоғамдық жұмыстарды енгізудің дұрыстығына бай­ланысты мүмкін емес. Жалпы ал­ғанда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер шеңберінде мәжбүрлі ең­бекті қолдану жазаның әкімшілік құ­қық бұзушылықтың сипаты мен қо­ғамдық қауіптілік дәрежесімен, оның салдарымен, жасалу мән-жайларымен және кінәлінің жеке ерекшеліктерімен салыстырымдылығын ескере отырып, бірқатар құрам бойынша мүмкін болады. Бұл ретте осы институтты іске асыру тетігі және қарастырылып отырған өндіріп алу түрін көздеу қажет нақты құрамдарды бекіту ағымдағы заң шығару қызметі шеңберінде пысық­та­ла­ды.

Оның айтуынша, қоғамдық жұмыс­тар­ға тарту түріндегі әкімшілік жаза жергілікті атқарушы органдарға сот ше­­шімі келіп түскен күннен бастап күн­­тізбелік он күннен кешіктірілмей орын­­далады. Адам қоғамдық жұмыс­тар­дан жалтарған кезде жергілікті ат­қа­рушы органдар ішкі істер органда­рына ұйғарым жіберу үшін хабарлама жібереді, ол қоғамдық жұмыстарды әкімшілік қамаққа ауыстыру мәселесін қарай отырып, қоғамдық жұмыстарды қою туралы шешім шығарды.

Сонымен қатар Конституцияның 39-бабының 1-тармағынан адамның құ­қықтары мен бостандықтары тек заң­дармен шектелуі мүмкін екендігі шыға­ды. Осыған байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заң жобасында жетекті қолдану тетігін бекіту ұсынылады, өйткені жетек әкімшілік-процестік қамтамасыз ету шарасы болып табылады және осы істі уақтылы және дұрыс қарауды қамтамасыз ету мақсатында сырттай іске асыруға болмайтын үдерістік әрекеттерді орындау мақсатында жеке тұлғаны мәжбүрлеп жеткізуден тұрады.

Тиісті заң жобалары маусымда Парла­мент­ке енгізілмек.