Қоғам • 24 Қаңтар, 2023

Қаржы пирамидасынан қалай сақтанамыз?

221 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Атышулы қаржы пирамидасы алданғандардың ақшасын қайтарып жатыр. «Қайтқан малда қайыр бар» десек те, өкінішке қарай, жұртты зар илетіп кеткен қаржы пирамидаларына алданып жүргендер әлі де бар. Таныс туыстарымыздың арасынан да мұндай алаяқтардың ықпалына астындағы көлігін, үстіндегі үйін сатып кіріп кеткендер табылады. Тіпті ана дүниеге қайғыдан қаржы пирамидаларына салған миллион қарызымен аттанып кеткендерді білеміз. Сонда мұның атын қарапайым түйсіксіздік дейміз бе, әлде дүниеқоңыздық адамның екі көзін байлап қоя ма?

Қаржы пирамидасынан қалай сақтанамыз?

Қаржы алаяқтарын ауыз­дық­тауға қатысты жақсы жаңа­лықтарды алға тартпас бұрын, оның түрлері көбейгенін, «жетіліп», тіпті әлеуметтік желілерге, телеарналарға шығып кеткенін елдің қаперіне салып отыру – парыз. Қазір адамдар жоғарыдағыдай жайттармен бетпе-бет келген жағдайда, сол мезетте компанияларда қаржы пирамидасының белгілерінің бар-жоғын тексере алады. Яғни Қаржылық мониторинг агент­тігі өздері әзірлеген Telegram мессенд­жеріндегі азаматтарға қаржы пира­мида­ларына тартатын алаяқтардың әрекет­терінен қорғануға көмектесе алады деген ресми ақпарат таратып отыр.

Пайдаланушыға компанияның, ұйым сайтына, Instagram парақ­шасына, Vkontakte тобына немесе Telegram ар­насы­­на https://internet.zzz (com, ru, kz жә­не т.б.) немесе интернет.zzz (com, ru, kz және т.б.) форматта сілтеме енгізу жет­кі­лікті. Сонымен қатар сізге табысқа кене­ліп қаласыз дейтін компанияны БСН арқылы тексеруге болады. Іске қосу­дың бірінші кезеңінде Telegram мессенд­жерінде бір аккаунттан тәулігіне 5 реттен көп сұрау жіберу мүмкін емес.

Қаржылық мониторинг агенттігі өткен жылы қаржы пира­мидаларын ұйымдастыру фактісі бойынша 85 қыл­мыстық істі аяқтаса, биыл 29 қаржы пира­­мидасы ауыздықталды деген мәл­імет таратып отыр. Қылмыстық 15 іс бо­йын­ша үкім шығарылып, 23 адам сотталған.

 

Қайтарылған қаржы – 300 миллион теңге

Елді қуантатын ең басты жаңалық – осыдан бірнеше жыл бұрын атышулы «B2B Jewelry» қаржы пирамидасына алданған салымшылардың ақшасы қайтарылып жатыр. Бүгінге дейін 230 адамның 300 миллион теңгеден аса қаржысы өтелген. Бұл туралы Алматы қалалық экономикалық тергеу департаменті мәлімдеді.

Естеріңізде болса, «B2B Jewelry» компаниясы алғашында зергерлік бұйымдар сататын дүкендер желісі ретінде таныл­ған болатын. Алматы қала­лық экономикалық тергеу депар­таменті өзгелерге де сабақ болсын деп, өз келісімдерімен осы пирамида құрбандарының аты-жөндері мен байланыс телефондарын берген еді.

Алдағы уақытта алтын-күміске көміліп қаламын деп ойлаған сондай құрбан­дардың бірі Ақмарал Асқарова да ком­панияның уәдеге толы жарнама қағаз­дарын алып, кейіннен сан соғып қала­тыны ол кезде қаперіне кірмеген. Оңай олжаға қызыққан ол 2019 жылы 1 миллион 350 мың теңге ақшасын салып жіберген.

«Тіркелген кезде 5 мың теңгеге бонус береді. Бонустарды жинап зергерлік заттар алуға болады деген соң, соған қызығып барғанбыз. Сол кезде ақша салдық, ақпанның аяғында барғанда компанияның кабинетінде ешкім болмады. Наурызда жабылды», деді салымшы Ақмарал Асқарова.

Көп ұзамай алданғанын аңғар­ған Ақмарал өзге де зардап шеккендермен бірге Алматы қалалық экономикалық тергеу департаментіне арызданған. Тер­геу амалдары мен сот процестерінің нәти­жесінде салынған қаржыны үш жыл өткен соң өндіріп алып отыр. Кейбір азаматтар 10-15 млн теңгеге дейін қаржы құйған.

«Ақшамызды алдық. Алаяқтар жазасын алсын десек, өзіміз де жүгіруіміз керек, ерінбей, жүгірсеңіз ақшаңыз қайтады. Шындығында іс алға жылжып, жазған өтініштердің барлығы қара­лып жатыр. Сол үшін департамент қыз­меткерлеріне рахмет айтамыз», дейді «салымшы» А.Асқарова.

Елдің ақшасын шетел асырмақ болған компания бүгінде ресми түрде қаржы пирамидасы деп танылып, тергеу барысында жобаның 2 миллиардтан аса қаражаты бұғатталып, дүние-мүлкі тәркіленген.

«Бастапқыда 197 азамат 123 миллион теңгеге жуық қаражатын қайтарды. Бүгінгі таңда 230 азамат, яғни 300 миллион ақшасын қайтарып алды. Бұл жұмыс әлі жалғасады. Департамент қыз­меткерлері қаржы пирамидаларын әлеу­меттік желі­лерге шыға бастағаннан бастап шектеу қойып, жұмысты белсен­ді жүргізіп жатыр», дейді Алматы қалалық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілі Жақсылық Мырзахан.

Жалпы, дәл осы компанияның арбауына елімізде 10 мыңға жуық адам ілінсе, соның ішінде тек 2 мыңнан аса азамат арыз түсірген. Ал 2022 жылы Алматы қаласында 8 қаржы пирамидасы анықталып, жолы кесілген.

Қаржы пирамидасының келесі құрбаны Дина Оңғарбаева да 2020 жылдың қаңтар айында «B2B Jewelry»» компаниясына қомақты қаражат құйған. Кейін алданғанын білген ол да Алматы қалалық экономикалық тергеп-тексеру департаментінен көмек сұрауға мәжбүр болады.

«Екі жыл бойы сандалып жүріп, тергеу әрекеттерінің арқа­сында 2022 жылдың желтоқ­санында ғана ақшамды қайта­рып алдым. Құқық қорғау меке­мелерінің барлық қызметкеріне, экономикалық тергеп-тексеру департаментіне, прокуратура мен сот жүйесіне осы қылмыстық істе кәсіпқойлық танытып, қаражатымызды қайтарып алуға көмектескені үшін алғыс айтамын», дейді Дина Оңғарбаева.

Қысқасы, қазір «B2B Jewelry» қар­жылық пирамидасын құрған адам жеті жыл арқалап, абақтыда отыр. Алайда әлми­сақтан оңай жолмен байығанды құп көре­тін көрсеқызарлар барда алаяқтар да қыл­мысын тыя қоймасы анық. Ақпараттық техно­логиялардың арқасында жүздері мен әре­кеттерін мың құбылтып, олжаға оңай бата саламын дегенді қақпанға түсі­ру­дің қырық түрлі айласы шығып жатыр.

 

Телеарнаның пирамидаға қатысы бар ма?

Осы мәселеде шыққан түп-төркіні дүдәмал дәрі-дәрмектерді жарнамалауға дәндеген «Асыл арна» телеарнасын да айналып өте алмаймыз.

Бұл күндері Алматыда Astex.kz және Mudarabah Capital қаржы пирамидасына байланысты істегі сот­талушыларға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 12 қаңтарда іс бойынша жәбірленушілерден сотта жауап алынды. Сотталушылардың арасында танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов та бар. Алайда қаржы пирамидасына 10 миллион теңге салған әйелдің жарнаманы вайнерлерден емес, «Асыл арна» телеарнасынан көрдім дегенін құзырлы мекемелер естіді.

«...Жарнаманы «Асыл арна» телеар­насындағы бағдарламадан, тікелей эфирден көрдім. Ол жерде Руслан Бұрқанов (Mudarabah Capital ЖШС директоры, сотталушы) пен Тимур Рүстемов (сотталушы) осы компания туралы айтты. Содан кейін еш күмәнданбастан ақша салдық. Сол кезде үйімізді сатқан едік, содан 10 миллион теңге салдық. Ол жерде («Асыл арна» телеарнасындағы бағдарламада) бәрі адал әрі ашық екенін, ақша халал жолмен келетінін айтты. Ақша медицина мен білім беру саласына салынатынын айтты. Табыстың бір бөлігі мұқтаж жандарға, ал қалған бір бөлігі бізге, бір бөлігі ұйымдастырушыларға беріледі деп түсіндім», дейді Алма Бердібаева.

Айтуынша, бағдарламада Бұрқанов пен Рүстемов Mudarabah Capital-дың тендермен айналысатын басқа компаниямен жұмыс істейтіндерін айтқан. Жәбірленуші Алма Бердібаева өзі салған 10 миллион теңгенің 1,5 миллион теңгесін екі бөліп алған.

Айтқандай, зардап шеккендер арасында 2022 жылдың сәуірінде Астанада көшеде өзін-өзі өртеген Бағила Дос­маилова да бар. Ол да сотта мұндай әре­кет­ке баруға не мәжбүрлегенін баяндады.

«Бұған Рустам Абдрахманов­тың (Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орын­басары болған) істі нем­құрайлы жүргізгені, іс бойынша Құрманғалиев пен Дания Рахимованы қорғағаны себеп бол­ды. Өз-өзімді өртегеніме вай­нерлердің қатысы жоқ. Өзімді өртеудің алдында бірнеше күн бұрын видео жариялап, менің өліміме Рустам Абдрахмановты кінәлі деп тануды сұрадым», дейді жәбірленуші Бағила Досмаилова.

Мейлі олар ақшаны өз қолы­мен апарып салды, жауап­кер­шілік өздерінде, оңай олжа табамыз деп ұрынды делік. Бірақ имандылық жолындағы жалғыз телеарнаның күмәнді қаржы ұйымын жарнамалап, елді адастырғанын қалай ақтап алуға болады? Әріптестеріміздің «тергеу әділ жүрсе, бұл БАҚ өкілдерінен де бір жауап алынуы керек, олардың вайнерлерден несі артық», дейтін уәжі бекер емес.

 

Қалай арбайды, қалай алдайды?

Таяу күндері бізді «70 мил­лиондық үй» деген Whatsapp желісіндегі чатқа қосып қойыпты. «Админ» 200 жүздің үстінде адам отырған чатқа адамдарды үсті-үстіне кіргізіп отыр. «Пәлен деген ғажайып табиғи дәрі-дәрмекті алсаңыз ауру-сырқауыңыздан құлан-таза айығасыз. Ішкен са­йын керемет боласыз, артыңыздан пәлен адам, пәлен адамның артынан тағы түген адам әкелсеңіз, байыған үстіне байып, керемет пәтер, шетелдік сапар, қымбат көлік береміз» деп сандуғаштай сайрап отырғандар сұрақтарға жалтармай жауап беріп отырған сияқ­ты көрінгенімен, күмәнді тұс­тары өте көп. Жұрттың бәрі осы дәріні ішіп жазылып жатса, он­да неге ауруханалар науқасқа то­лы? Бұл компаниялар қымбат кө­лік, шетелдік жолдама, зәулім үй­­лерді қандай ақшасына сатып әпе­реді? Егер сұрағыңыз көбе­йе бас­таса, онды чаттан сізді шыға­рып тастайды. Бұл – бір ғана мысал.

Ал «алаяқтар салымшыларын қалай арбайды және адамдар оларға қалай алданады?» деген сұраққа келсек, бәріне ортақ бірнеше белгісі бар. Алдымен олар қарапайым халықты ресми мекеме­лер мөрлеген құжатпен сендіреді. Жауап­кершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) ретінде заңды тіркелген ұйы­мының құжатын көрсетеді. Әдетте, мұн­дай құжат­тардың түр түрі ұйым кеңсе­сінде ілулі тұрады. Оның қайсысы шын, қайсысы өтірік, өздеріне ғана аян. Алайда елімізде заңды тұлғаны тіркеу www.egov.kz сайты арқылы 5-10 минутта жүзеге асатынын көпшілік біле бермейді. Білсе де, оған негізгі құжат ретінде сенеді.

Мысалы, жоғарыдағыдай «70 миллион­дық үй» деген чатта осы дәріні ішіп, жазылып кеттім деп жұрты иландырып отыратын арнайы адамдар бар. Салымнан мол табыс тапқан, шетелге саяхаттаған, қымбат көлік не өзге бұйым­дарға қол жеткізген олар өзгелерді «нақты мысалымен» иландырады. Адамдар бейсаналы түрде олардың орнына өзін қойып көріп, көңілі ауады. Психологиялық, материалдық тұрғыда байланады. Алдау мен арбауға сыни көзбен қараудың орнына, басын сұғып алғаннан кейін салған ақшасын қайтарамын деген дәмемен өзгелерді де үгіттей бастайтынына күдігіңіз болмасын.

Әбден әккі болып алған алаяқтар елдің әлсіз тұстарын дөп басады. Материалдық еркіндік, сұлулық, салмақ тастау, кәсіп ашу, өзіңді жетілдіру, өзіңе сенімді күшей­ту сынды бүгінгі заманның сәнді құн­ды­лықтарын ұсынады. Осылайша, салым­шылардың басын айналдырып, қосым­ша кеңес, тренингтер жүргізеді. Әлеу­мет­тік желі арқылы жарнама жасайды.

Адамның ең қымбат капиталы – сенім­ді қолданады. Ақиқатын айту керек, қар­жы алаяқтарына қызмет ететіндер ал­­ды­мен өз таныстары мен туыстарын құр­­бандыққа шалады. Бастапқыда өзі де сене­ді, сосын өзгелерді азғырады. Қаржы­лық қылмыскерлер пысық клиент­терін қалай дәніктіріп қоюдың да тәсілдерін мең­герген. Құдды бір қасиеті бар дерсіз, бірақ бұл – адамдарды зар илетіп, қарызға баты­рып, қан қақсатып қоятын қара талант!

 

АЛМАТЫ