Аймақтар • 24 Қаңтар, 2023

Пойыз апатының залалы

155 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаңа жыл алдында, дәлірек айтқанда, 28 желтоқсанда астық тиелген 19 вагон рельстен шығып кетіп, мыңдаған тонна бидай ақ қар, көк мұзға шашылды. Қарағанды облысының Қарабас стансасында болған оқыс оқиғаның әлі күнге тараптарды пәтуаластырар бір байламы шыққан жоқ.

Пойыз апатының залалы

Қазақстан кәсіпкерлер қауым­дас­тығы «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның БАҚ-та тергеп-тексерусіз кәсіпкерлерді айыптауына наразы. Оған қоса қауымдастықтың мәлім­деуінше, апаттан соң іле-шала тек­се­ре­тін арнайы комиссия құрыл­ма­ған. Комиссия тек 10 күннен кейін ғана жұмысын бастаған. «Бұл – вагон иесі және бидай тасымалдаушылар құқығын өрескел бұзу», дейді «Ақ жол» Қазақстан-демократиялық партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, Қазақстан кәсіпкерлер қауымдастығының басшысы Ермек Әбілдин. Кәсіпкерлердің айтуынша, апатқа «Қазақстан темір жолының» тозығы жеткен инфрақұрылымы себеп болған. Сондықтан олар апаттың толық тергеліп, әділ шешімі шығуын сұрайды.

Апат болған күні «Қазақстан темір жолы» АҚ мәлімдеме жасаған еді. «Алдын ала мәліметтер бойынша ва­гон­дардың жолдан шығып кетуіне жеке меншікке тиесілі бірінші астық тасымалдаушы доңғалақ жұбының кептеліп қалуы себеп болған. Бұл жағдайды тексеру үшін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-да арнайы комиссия құрылды», деп мәлімдеді ұлт­тық компанияның баспасөз қызметі.

Қазақстан кәсіпкерлер қауым­дас­тығының басшысы Ермек Төлеу­ұлы ҚТЖ-ның жүк вагондарын та­сы­мал­дауға қабылдарда оны тек­­се­ріп ала­тындығын айтады. Сол уа­қытта еш­қандай ескерту жасал­ма­ған, ақау табылмаған.

«ҚТЖ тексеріп, рұқсат берген. Енді келіп, кәсіпкерлерді айыптап отыр. Ең сорақысы, бұл учаскеде апат осымен екінші рет тіркеліп отыр. Бір ай бұрын ағаш тиелген 14 вагон жолдан шығып кеткен болатын. Тіпті биыл 8 қаңтарда тағы бір апат болды. Егер мұндай жағдай он жылда бір кездессе, үндемес едік. Бірақ мұның жиі екенін көріп отырмыз. Демек пробле­ма бар», дейді Ермек Төлеуұлы. Кәсіпкерлердің құқын қорғап жүрген қауымдастық кәсіпкерлерді айыпты етуге үзілді-кесілді қарсы.

Осы орайда «Ақ жол» демокра­тия­лық партиясының мүшесі, Мәжілістің бұрынғы депутаты Ерлік Өмірғали Премьер-министр Ә.Смайылов пен Бас прокурор Б.Асыловқа депутаттық сауал да жолдады.

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының вагондар жолдан шығып кеткен алғашқы сағаттарда-ақ вагон иелерін кінәлі ретінде тауып, БАҚ өкілдеріне ешбір дәлелсіз сондай мәлімдеме беруі – өрескелдік.

Осы арада аталған вагондарды «ҚТЖ» ҰК-ның жүк тиелген ва­гон­дар­­ды тасымалдауға (коммер­ция­лық және техникалық жағдайына) және вагондардың жүк көтеру шегіне қа­тыс­ты еш ескерту жасамай қабыл­да­ғанын атап өткен жөн. Оның үстіне вагондар толықтай жаңа. Зауыттың кепілдік мерзімі әлі өтпеген. Алғашқы деполық жөндеуге де жеткен жоқ. Ондай жөндеу үш жылдан соң жаса­лады.

Осы арада 2-3 сағатта арнайы тер­геу жүргізіп, айыпты жақты анық­­тау қалай мүмкін болды деген ақыл­ға қонымды сұрақ туындайды. Оның үстіне тергейтін комиссия әлі құ­рылмаған, барлық тарап­тың өкіл­де­рі апат орнына жетіп үлгер­меген. Осыдан соң «ҚТЖ» ҰК қыз­мет­­керлерінің әрекеті және объек­тив­тілігі, атап айтқанда, вагондардың жолдан шығуының нақты себептерін жасырып жабуы күмән тудырады», дейді депутат сауалында.

Жария етілген мәліметтерге сүйен­сек, жүк вагондары жолдан шық­қан күні экспорттаушы «Новоишим» би­дай компаниясы өкілдері Қарабас стансасына дереу жеткен. Сол кез­дің өзінде теміржол рельсіндегі ақау­лар­ды бейне, фотоға түсіріп алған екен. Атап айтқанда, бекітулердің әл­сіздігі, болттардың басы, бал­дақ­тардың, рельстер түйісетін саңылау­лар­дың жоқтығы, жолдарды нормадан тыс ке­ңейту секілді ақаулар көздеріне тү­сіпті.

«Мен жағдайды естісімен оқиға орнына бірден жеттім. Шашылған бидай, аударылған вагондар, істен шыққан рельстер. Сол жерде ҚТЖ жұ­мыскерлері болуы керек, рельс­тер­ді, вагондарды, шпалдарды алып, қалпына келтіру жұмыстарын жүр­гі­зіп жатты. Тексеріс жүргізгенше, оларды орнына қозғамауға тиіс еді. Қозғалтқан соң апаттың себептерін анықтау қиындай түседі. Ал вагондарымыз жаңа», дейді вагон иесі­нің өкілі Серік Қожахметов. Оның айтуын­­ша, жоғарыдағы мәлімдемеден соң вагон зауыт өкілдерін шақыртқан. Вагон иелері кінәрат вагоннан дегенге иланбайды.

Осылайша, кәсіпкерлер вагонның рельстен шығып кетуін инфра­құры­лым­ның тозуы мен оның дұрыс пайдаланбауында деседі. Сондықтан да «Қазақстан темір жолы» экспорт­тау­шы­ға келген шығынды толық өтеуге тиіс деп санайды.

Астығы ысырап болған «Но­во­ишим» бидай компаниясына кел­ген зиян бір миллиард теңге көле­мін­де деп болжанып отыр. Бүгінде тәуелсіз сарапшылардан құралған комиссия тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ашық ресурстағы ақпараттар оның нәтижесі отыз күннен соң шығатынын айтады.

Ал қауымдастық жария еткен дерек­терге жүгінсек, 2022 жылы елі­міз­де жүк вагондарының рельстен шы­ғып кетуі бірнеше рет тіркелген. Мәселен, Шығыс Қазақстан жүк тасымалы бөлімшесінде өткен жылы 3 сәуірде 18 вагон рельстен шығып кетіп, оның бесеуі Бұқтырма өзеніне құ­лаған. Екінші рет 18 тамызда алты жүк вагоны рельстен шығып кеткен.

 

Қарағанды облысы