13 Маусым, 2014

Арулар аялаған кітаптар

257 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Қыздар университетінде білім алып жүрген бойжеткендердің бірінші досы қаламгерлердің туындылары болып саналады Ұлы Абай данамыз «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деп, кітаптың қаншалықты қастерлі ұғым екеніне баға беруі тегін емес. Кітап өз бойына өмірдегі барлық қажетті дүниелерді сыйдырған. Кітапты адамзат баласының игілігіне, жақсы тұстарына пайдалану, ертеңгі жүз жылғы ұрпақтың жемісіне айналатынын тарих жүзі біледі. Кітап арқылы адам бір-бірінің жанын түсінсе, оның құдіретімен халықтардың достығы одан ары нығаяды. Кез келген қоғам ұлы мақсаттар қойып, қарыштап дамуды мақсат етсе, онда кітаптың бағасын жете ұғынуы тиіс. Кітапты сақтайтын, ғасырдан ғасырға жеткізетін құрал – кітапхана. Кітапханасы мол шоғырланған қалалар әдетте ғылым мен мәдениеттің ошағына айналып жатады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «ХХI ғасыр мәдениеттің, ғылым мен білімнің ғасыры. Бар білімнің қайнар көзі – кітапхана» деп айтуының өзінде үлкен мән-мағына жатқаны айдан анық, бесенеден белгілі. Қазақ топырағы ертеден кітапхананың ірі мекендерінің бірінен саналған. Оған әйгілі Отырар кітапханасын алсақ жетіп артылады. Осыдан болар, ежелгі қала аймағынан әлемге танымал ұлы ойшылдардың өмірге келу құбылысы. Ғылым мен білімнің ошақтары саналған медреселер өздерінің жеке кітапханасымен мәлім болған. Түркістан, Қарнақ, Созақ қалаларында жұмыс атқарған медреселерде кітапхана бөлмелері болып, оған арнайы қор ұстаған. Мысалға, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде кітапхана бөлмесінің болуы соның бір айғағы. Ол жол бүгінге дейін жалғасып келеді. Медреселер орнын толтырған университеттер мен институттар дербес кітапханаларын ашты. Университеттердің беделі кітап қорларының санымен және қызмет көрсету сапасымен тығыз байланысты екендігі анық. Қазақстандағы оқу ордалары осыны ескере отырып, кітапхананың заманауи жабдықталуына, қызмет көрсету аясының жеделдігіне ерекше назар аударып келеді. Олардың ішінде инновациялық технологияларды меңгеруге талап қойылуда. Қандай да бір ЖОО-ның кітапхана базасы жоғары сатыда жасақталса, сол оқу орнының білім деңгейі алдыңғы қатарда болуы заңдылыққа айналды. Кітапханаларды ерекше назарға алу, болашағын ерте болжайтын басшының ісіне айналды. Осы ретте, кітапханасының заманауи талаптарға жауап беруімен өзіндік орынға ие Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық универ­си­теті­нің ғылыми кітапханасын айрықша атаған жөн. Университет ректоры Динар Нөкетаева бұл ретте былай деп әңгіме өрбітті: «Университеттегі ғылыми кітапхана өзіндік құрылымымен және жауапкершіліктерімен дараланады. Себебі, бұл кітап сарайының қабырғасында кітапқа ең сенімді қарайтын мамандық иелері бітіріп шығады. Еліміздегі алғашқы кітапхананы қалыптастырған іргелі оқу орындарының бірі ол – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті десек, жаңылыспағанымыз болар. Бұл оқу орыны «кітапханашы» мамандығын даярлап, қажетті тұстарды қамтамасыз етуімен қалай мақтанса, кітап қорының көрсеткішімен де солай таңғалдырады». 1948 жылы ашылған университет кітапханасы алғашқы кезде 3190 дана кітаптан құралса, ал 1984 жылы кітапхана жаңа ғимаратқа көшіп, кітап қоры едәуір ұлғайған. Кітапхана 2012 жылы күрделі жөндеуден өткізілген. Сондықтан да, ғылыми кітапхананың соңғы жылдардағы жетістіктері мен алға қойған бағыттарына кең тоқтала кету жөн секілді. Кітапхананы құру тарихын айтқанда, мұндағы кәсіби маман кітапханашылардың рөлін де ерекше атап өту маңызды. Кітапхананың тыныс-тіршілігін танып, оны оқырмандарға өзіне тән ұқыптылықпен ұсына білуде әйел затының орны айрықша болып табылады. Кітаптың жаратылысы тазалықты талап ететініндей, нәзік жаратылыс иелері де кітаптың талғамына кіршіксіз жауап беретіндігімен таңғалдырады. «Біздің ғылыми кітапхананың негізгі қызметінің бірі – ақпараттық құрал болып табылады. Бұл заманауи үлгідегі құрылым жобасы. Сонымен қатар, кітапхана өз міндеттеріне кітап қорын жинақтау мен сақтауды ұйымдастыру, оқырмандарға оқу үрдісіне қажетті құжаттардың толық жинақтары мен ғылыми басылымдарды пайдалануына мүмкіндік беру. Ғылыми кітапхананың құрылымдық бөлімі 5 бөлім бойынша жұмыс жасайды, жалпы аумағы – 4295 шаршы метр. Жалпы, жұмыс ауқымдылығы мен міндеттеріне байланысты Алматы қаласындағы кітапханалардың алдыңғы қатарынан орын ала алады. _DSC8046 _DSC0484 Кітапхананың оқу залдарындағы орындықтар саны – 450, оқырмандарға 2 абонемент, 5 оқу зал­дары арқылы қызмет көрсетеді. Білікті басшы мен ұжымдық түсіністік – заңдылық бойынша жұмыстың жемісті алға басу шартының екі факторы болып табылады» деп өз ойын ортаға салды Ғылыми кітапхананың директоры Бақытжамал Бағашарова. Ректордың ізерлеуі арқасында кітапханаға Ғылыми кітапхана мәртебесі берілді десек, 2011 жылдан бері кітапхана өмірінде бірнеше маңызды жаңалықтар легі болды. Мысалы, халықаралық журналдар базасына шығатын интерактивті дереккөздері ұсынылып, 2012 жылы «Мәдени мұра – ұлттық құндылық» атты библиографиялық көрсеткіші жарық көрді. 2012 жылғы қазан айында оқырмандарға 70 орындық электронды ресурстар орталығы ашылды. 2013 жылы кітапхана әмбебап ондық жіктеу классификациясына көшті. Сол жылы ҚР Жоғары оқу орындары Кітапханалық қауымдастығы шеңберінде өткен «Үздік кәсіптік идеялар» атты дипломымен марапатталды, – деп сөзін сабақтады кітапхана директоры, осы университет түлегі Бақытжамал Тельманқызы. Айтса айтқандай, университет Ғылыми кітапханасының жетістіктерін атаудың өзі бір ғанибет. Ол, әрине, үлкен қуантатын жайт. Көңілі түзу, көзі қарақты адамның білетініндей, кітапты ұлағаттау болашақтың мызғымас өлшемі екендігі баршамызға аян. Тағы да Абай атамыздың ұлағатты сөздерін тілге тиек етсек, «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегеніндей, университетте «кітапханатану» және «библиография» мамандығы бойынша студенттерге білім беріп жүрген Алмагүл Күрішбекова, Сандуғаш Шағаланова, Қайыпжамал Искакова, Бақытгүл Тантакова, Бақыт Сағындық, Алмагүл Кенжебекова, Нәзипа Есенбекова, Бақытжан Әбекенова сияқты өз ісінің нағыз мамандарын атап өткен жөн. Аталмыш ұжым аз уақыттың ішінде кітапха­на­ның өнімділігін сапа тұсынан арттырып, ішкі және сыртқы байланыстарды оңтайландыру мен жетілдіруде айтарлықтай шаруалар тындыр­ды. Ең бастысы, оқырмандарға ақпараттың қол­жетім­ділігін арттыру үрдісі белгілі жолға қойыл­ды. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.