13 Маусым, 2014

Жұмыс жүйелі жүргізілуде

290 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
001-203 ҮКІМЕТ Апта басында өткен Үкiмет отырысында негізінен әлеуметтік мәселелер ортаға шықты. Олардың қатарында алғашқы кезекте Тiлдердi дамыту мен қолдану жөніндегі 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламаның орындалу барысы талқыланды. Отырыста қаралған мәселелер жө­нінде Орталық коммуникациялар қызметінде болған брифингте Премьер-Министрдiң орынбасары Гүлшара Әбдiқалықова мен басқа да ведомство басшылары тәптіштеп әңгімеледі. Әуелі мемлекеттік тілге айрықша тоқталған вице-премьер халықтың тілдерді меңгеру деңгейі жөнінде айтты. «Елбасының жүргізіп отырған саясаты – елiмiзде үш тұғырлы тiлдi дамыту. Үкiмет отырысында бағдар­ламаның орындалу барысы талқыланды», дедi Г.Әбдiқалықова. Сондай-ақ, 2014-2020 жылдарға арналған туберкулезге қар­сы күрес жоспары қабылданғанын жет­­кізді. Соңғы уақытта туберкулез ауруы­на шалдығу көрсеткіші 30 пайызға төмен­депті. Әйткенмен, бәсекеге қабілет­тіліктің жаһандық индексінде туберкулезге шалдығу деңгейі бәрібір жоғары күйінде қалыпты. Оның дәлелі – рейтинг бойынша әлі 105-орында тұрмыз. Осыған байланысты Үкімет отырысында жаңа жоспар қабылданған. Сол бойынша туберкулезге қарсы кү­рес жоспары биылғы жылдан 2020 жылға дейін жүзеге асырылады. Онда бірқатар жаңа іс-шаралар – сектораралық ынтымақтастық, туберкулезге қарсы қыз­мет түрлері жаңғыртылады, науқас­тарға амбулаторлық көмек көрсету де кеңейтіледі. Мемлекеттік тілді білу – міндетің Тұтас халық болып қабылдаған «Қа­зақ­станның ел бірлігі доктринасында» «Бұл, ең алдымен, қазақ тілінің мем­лекеттік тіл ретінде қолданыс аясын кеңейтуге қатысты. Оны меңгеру әркімнің парызы мен міндеті, жеке бәсекеге қабілеттілігі мен қоғамдық өмір­ге атсалысудағы белсенділігін айқын­дайтын  ұмтылысы мен ынталануына айналуы қажет. Бұл – шешуші басымдық, рухани және ұлттық бірліктің негізгі факторы», делінген. Осынау елдік мақсатты жүзеге асыру шарасы Үкімет отырысында басты тақырып болды. Бұйыртса, мемлекеттiк қызметкерлерге қазақ тiлiн білу негізгі мiндеттің біріне айналмақ. Үкіметтің ізгі ниетін Мәдениет министрi А.Мұхамедиұлы баспасөз мәслихатында жариялады. Қазақтың ғасырлық мақсаты осылай жүзеге аспақ. Бұл жанға жылы жаңалықты естіген ел, Үкіметтің ниеті оң, енді тілек пен талап табанды болса, дегенді айтып отыр. «Тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекет­тiк бағдарламасын» жүзеге асыру 3 кезеңнен тұрады. Бағдарламаның 39 iс-шарадан тұратын 2011-2013 жылдарға арналған бiрiншi кезеңi аяқталды. Мемлекеттік тiлдi оқытудың әдiстемесін жетiлдiру және стандарттаудың бiрiншi бағыты бойынша бiрқатар шаралар атқарылды. Мемлекеттiк тiлдi оқыту бойынша 5 деңгейлi оқыту әдiстемелiк кешенiн әзiрледiк. Ендiгi кезекте мемле­кет­тiк қызметшiлерге қазақ тiлiн меңгеруді мiндеттеген дұрыс. Мұны 2015 жылдан бастап орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларына сатылы түрде ҚАЗТЕСТ жүйесiн енгiзу арқылы шешемiз», дедi А.Мұхамедиұлы. Бүгiнгi таңда тiл оқыту орталықтары­ның саны артып келедi. 2011 жылы рес­публика бойынша 130 орталық болса, осы кезде 351 орталық бар екен. Алдағы уақытта халықаралық тәжiрибеге сәйкес тiлдi оқыту орталықтары аккредит­теуден өтпек көрінеді. Тағы бір жағым­ды жаңалық, Терминологиялық комис­сияның шешiмімен 10 мыңға жуық термин бекiтiліпті. «Үкiмет жанындағы Терминологиялық комиссия­ның шешiмiмен 10 мыңға жуық термин бекi­тiлдi. 30 томдық орысша-қазақ­ша, қазақша-орысша салааралық терминологиялық сөздiк әзiрленiп, әр сала бойынша терминдер саны 11 мыңға дейiн жеткiзiлдi. Десек те, халықаралық терминдердi бiрiздендiрiп, оны реттейтiн лингвистикалық орталық­тың болмауы терминтану, терминология бойынша арнайы жұмыс жүргізуге қиындық тудырып отыр. Сондықтан қордаланған мәселелердi шешу үшiн терминологиялық лексиканы қалыптастыру және бiрiздендiру жөнiндегi жұмысты жүзеге асыратын лингвистикалық орталық ашылғалы тұр», деді министр. Денсаулық сақтау саласының сапасы артты Шетелге қарағанда Қазақстанда емделу 2 есе арзан. «Елімізде жоғары технология­ларды енгізіп, пайдалана бастағалы бері адамдарды шетелге емделуге аз жібере бастадық. Айталық, бүйрек алмастыру шетелде 4,5 млн.  болса, мұндай операцияны өзіміздің клиникаларда 2,1 млн. теңгеге жасайды. Яғни ешқайда барудың қажеті жоқ. Келесі мысал, бір адамды шетелге жіберіп емдеткен қаржыға өз елімізде бірнеше азаматты емдеуге болады. Осыған сай, ведомство жұмысына жаңа әдістер енгізілуде. Соның нәтижесінде ағымдағы жылы бюджет қаражаты айтарлықтай үнемделді. Мәселен, күндізгі стационарлар қызметін кеңейтудің арқасында 76 млрд. теңге үнем болды», деді Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекова. Елімізде ауылдағы медициналық меке­мелерде мамандар тапшылығы 20 пайызға төмендепті. Ал бастауыш буында 41 пайызға қысқарған. Бұл жетіс­тікке өткен жылы қол жеткізіліпті. Кадр­лар тапшылығы негізінен бас­тауыш буында, яғни емханалар мен ауылдағы медициналық мекемелерде болған екен. Сондай-ақ, ведомство дәрі­герлердің кәсіптік білімін шынайы бағалау үшін арнайы республикалық орталықты іске қосыпты. Егер ана өлімі орын алса, дәрігерлердің қандай қателіктер жасағанын анықтау үшін осы орталыққа жіберіп, мәселенің мән-жайын анықтамақ. Бұйыртса, алдағы жылға қарай қазақстандықтардың орташа өмір сүруі 71 жасқа дейін ұзара­ды екен. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының 2011-2013 жылдардағы бірінші кезеңінде атқарылған жұмыс нәтижесінде күтілген қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы өсті. Бүгінде ол 70,45 жасты құрайды. 2015 жылға қарай оны 71 жасқа жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл мәселеге назар аударғаным, 70 жастық межеге біз 2015 жылға қарай қол жеткізуіміз керек еді. Бұл межені бір жыл бұрын бағындырып отырмыз», деді министр. Мұнымен қатар, елімізде өлім-жітім көрсеткіші төмендеп келеді екен. Ана өліміне қатысты мәліметке жүгінсек, үш жылда 85 ананың өмірін ажалдан арашалап қалыпты. Егер дәрігерлер ескі технологияларды пайдаланғанда, олардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмас екен. Сондай-ақ, дәрігерлер 3190 баланы аман алып қалған. Бұлармен бірге, туберкулезге алғаш рет шалдыққан 6 мыңнан астам адам сауықтырылған. Ендігіде туберкулезді 2 сағаттың ішінде анықтауға мүмкіндік беретін тәсіл ірі қалалар мен аудан орталықтарына да енгізілетін болады. «Қазіргі уа­қыт­та туберкулезді анықтаудың жаңа әдістерінің бірі G-Xpert болып отыр. Бұл тәсілмен туберкулездің жұқ­па­лы түрлерін 2 сағаттың ішінде және көптеген дәріге төзімді түрін анық­тауға мүмкіндік алып отырмыз», деді  Туберкулез проблемалары ұлттық орта­лығының директоры Т.Әбілдаев. Нақты мәліметтерге қарағанда, бұл тәсіл 2012 жылдың соңынан бастап Қазақстанда енгізілген. Қазіргі уақытта барлық облыс орталықтарында осы тәсіл қолданылып жатыр. Нақты дерекке сүйенсек, соңғы 10 жылда республикада туберкулезбен сырқаттанушылық 2,1 есе, ал одан болатын өлім көрсеткіші 3,7 есе төмендеген. Өңірлердің өңін кіргізетін бағдарламалар Өңірлерді дамытудың бірыңғай бағдарламасы құрылды. «Өңірлерді дамыту бағдарламасы «Қолжетімді бас­пана-2020», «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту-2011-2020», «Ақ бұлақ», «Моноқалаларды дамыту-2012-2020» және «Өңірлерді дамыту» бағдарламаларын біріктіреді. Сонымен қатар, бұл бағдарламаға шағын қалаларды және шекаралық аймақтарды дамыту шараларын қосу қарастырылған. Осы бес бағдарлама және шағын қалаларды дамыту жобасы бірқатар көрсеткіштер бойынша қиылысып, өзара кездесіп отырды, сондықтан оның барлығын оңтайландыратын Өңірлерді дамытудың бірыңғай бағдарламасын құру қажеттілігі туындады», деді Өңірлік даму министрі Б.Жәмішев. Бұл бағдарламалардан бизнеске қатысты барлық шаралар алынып, «Бизнесті дамытудың жол картасы» бағдарламасына енгізілетін көрінеді. Бағдарламаны құрудағы мақсат тек ұқсас міндеттерді біріктіру ғана емес, сонымен бірге, экономикалық өсім орталықтарын дамытуды қолдау, жаңа басым бағыттарды анықтау болып табылатындығын айтты министр. Жастар саясаты Үкімет назарында Статистика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, еліміздегі жастардың жалпы саны 4,3 млн. Бұл Қазақстан халқының 25,8 пайызы. Оның ішінде қала жастары 2,4, ауыл жастары 1,9 млн. адам. Бүгінде 2,2 млн.  жас­тар жұмыс істейді, 1,9 млн. жастар оқиды. Ал 117 мыңнан астам жас­тар жұмыссыз, деп бастады сөзін Білім және ғылым министрлігінің Жастар ісі комитетінің төрайымы Р.Кәрібжанова. Биыл жас­тар саясатын жүзеге асыруға 1,5 млрд. теңге бөлініпті. Оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруға 500 млн. теңгеден астам қаржы қарастырылған. Десек те, бұл салада әлі де бірқатар кемшіліктер бар екен. Оны төрайымның өзі айтты. Мәсе­лен, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында мемлекеттік жастар саяса­тын қаржыландырудағы салааралық ұстанымның даму деңгейі төмен. Соны­мен бірге, өңірлердегі мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыру көлемі де тең емес көрінеді. Яғни қаржыландыру көлемі шамамен 150-200 млн. теңгеге дейінгі айырмамен орын алуда, дейді комитет басшысы. 2009 жылдан бастап «Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша ауылдарға 30 мыңнан астам әлеуметтік және ветеринария саласының мамандары жіберілген. Ал 2014 жылы 6 мыңдай маман ауылға жұмыс істеуге аттанады деп жоспарланыпты. Ал «Жасыл ел» бағдарламасына 200 мыңнан астам, ал «Жастар тәжірибесі» жобасына 50 мыңға жуық жас адам қатысқан. Оның ішінде 16 421 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылыпты. Мәртебелі қонақ келеді Алдағы аптада Оңтүстiк Корея президентi алғаш рет елімізге келеді. Оны Сыртқы iстер министрiнiң орынбасары А.Волков айтты. «18-20 маусым аралығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен елiмiзге Оңтүстiк Корея президентi Пак Кын Хе ханым мемлекеттiк сапармен келеді. Оңтүстiк Корея президентi шетелге сапарларының алғашқыларының бiрiн Қазақстанға арнағандығын атап өткен жөн. Бұл екi ел арасындағы серiктестiк қарым-қатынасты көрсетедi. Сапар барысында Қазақстан Президентiмен жоғары деңгейдегi кездесу жоспарланып отыр. Жиын барысында екiжақты құжаттарға қол қойылып, кең ауқымды мәдени шаралар ұйымдастырылады. Президент ханым бiрқатар нысандарды аралап шығып, қаһармандар мемориалына гүл шоқтарын қояды. Сонымен қатар, корей және отандық суретшiлердiң көрмесi мен Назарбаев Университетiн аралау да жоспарда бар», дедi вице-министр. Ол корей тарапымен бiрлескен iрі жобалар iске асырылып отырғанын, олардың арасында Балқаш қаласындағы ЖЭС құрылысы, Жамбыл кен орнын игеру, Атырау облысындағы газ-химиялық кешеннiң құрылысы және т.б. бар екендiгiн еске салды. Энергия аудиторларының институты құрылды Үкімет энергия тиімділігін ынталанды­ру үшін жаңа шараларды енгізуді жос­пар­лап жатыр. Бұл туралы, Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-ми­нистрі А.Раудың айтуына қарағанда, Мем­лекет басшысы бірінші бесжылдық бары­сында энергия үнемдеу мен энергия тиім­ділігін арттыруға қатысты бірқатар тап­­сырмалар берген. Онда елдің ІЖӨ-сін­­­де энергия жұмсауды 2015 жылға қа­рай 10 пайызға, 2020 жылға дейін 25 па­йыз­­ға, 2050 жылы 2 есеге дейін азайтуды жүктеген. Бұл тапсырманың бірінші кезеңі сәтті жүзеге асқан. Қазіргі уақытта ІЖӨ-нің энергия тұтыну көрсеткіші 2008 жылдан 2013 жылға дейінгі кезеңде 13 пайызға азайыпты. «Бұл экономиканың құрылымдық өзгерістеріне байланыс­ты болды. Яғни біздің экономиканың дамуы энергия пайдалануға қарағанда жылдамырақ болды», деді вице-министр. Энергия тиімділігі бағдарламасының аясында жүзеге асырылған бірқатар шара­лар да әсер еткен. Атап айтқанда, тиісті заңнамалық нормативтік база жасақ­талған, энергия аудиторларының инс­титуты құрылды. «Енді алдымызда үлкен ауқымдағы міндеттер тұр. Осы үдерісті ынталандыратын бірқатар заңнамалық өзгерістер қажет деген шешімге келдік», деп түйіндеді сөзін А.Рау. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».