13 Маусым, 2014

Кәсіпкерлікке кең мүмкіндік

190 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Түрлі сала бойынша  кәсібін нәсібіне айналдырған бизнесмендер жұмысын жан-жақты талқылау мақсатында Талдықорғанда   Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасының басқарма  төрағасы Абылай Мыр­зах­метов пен  Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиевтің қатысуымен  жиын болып өтті. Онда Елбасы талабына сәйкес, тек шикізат өндірумен шектеліп қалмай өндіріс орындарын өр­кен­дету,  ауылшаруашылық құры­лымдарын дамыту,  жалпы кәсіпкерлерге  қолдау көрсету секілді бүгінгі   күннің өзекті мәселері ашық айтылды. Ұтымды ой, құнды пікір ортаға салынып, сарапталды. «Жалпы, Жетісу жерінде де кәсіпкерлікке кең жол ашылған. «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында  Алматы облысына 7,9 млрд.  теңге бөлінген еді.  Осы қаражатты игеру барысында 8 мың жұмыс орны сақталып, қосымша  1300 адам жұмысқа алынды. 3 жобаны  жүзеге  асыру барысында бюджеттен бөлінген  93,8 млн.  теңге толығымен игеріліп,  3 мың кәсіпкерге   мемлекеттік  қолдау көрсетіліп  8 млрд. теңге бөлінгені тағы бар», деді Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева. Негізі аграрлы облыс  болған­дықтан Жетісу жерінде ауыл шаруашылығы саласы өте жақсы дамыған. Уақыт талабына сай көкөністерді тоқтаусыз өсіруге арналған жылыжайлар  жеткілікті. Осындай артықшылықтары бол­ғандықтан кәсіпкерлер өндірген өнімдерінің 80 пайызын экспортқа шығару мүмкіндігіне ие болып отыр. Әрине бұл ретте кәсіпкерлер палатасының заңнама шеңберінде атқарып отырған жұмысын ерекше атап өту керек.  Келелі жиында Ұлттық кәсіпкерлер  палатасы  тарапынан жер-жерде қордаланып қалған проблемаларды  шешудің екі тәсілі  ортаға салынды.  Біріншіден,  20 жылдан бері өзіндік жемісін беріп келе жатқан түрік тәжірибесі бойынша арнайы қор құру, екіншіден,  несиелік серіктестіктің белсенділігін арттырып дамыту керек. Сонымен қатар Абылай Мырзахметов аймақ бизнесмендеріне  мемлекеттік билікпен қарым-қатынасты нығайтып, облыстық әкімдікпен бірлесе жиындар өткізіп отыру жөнінде кеңес берді. Қорыта айтқанда, бұл басқо­суға қатысқандар өзіндік ой түйіп қайтты. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.