13 Маусым, 2014

Ассамблея аясындағы әңгіме

239 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Бакуде басталған түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясы шаралары аясында қазақстандық парла­мент­шілер делегациясының басшысы, Мәжіліс Төрағасы Қаби­болла Жақыпов Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының төрағасы Джемиль Чичекпен кездесті, деп хабарлады Мә­жілістің баспасөз қызметі. Тараптар халықаралық бірлес­тіктер аясында етене ынты­мақ­тастық пен өзара қолдаудың елдер арасындағы стратегиялық қаты­наспен сәйкес келетінін алға тарта отырып, өзара іс-қимылды одан әрі күшейтудің жаңа қырларын сөз етті. Қабиболла Жақыпов Қазақ­стан­ның халықаралық бастамаларына, соның ішінде, Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге қолдау көрсеткені үшін Түркия тарапына алғысын білдірді. Өз кезегінде Джемиль Чичек Қа­зақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси бағытының мойындалғандығын, ол біздің елдерімізді одан әрі қарқынды дамытуға ықпал ететінін айта келіп, Қазақстан – Түркия ынты­мақ­тастығының тек екі ел ғана емес, бүкіл түркітілдес мемлекеттер үшін тиімділігінің зор екенін атап өтті. Ол Түркия келешекте де Қа­зақ­станның халықаралық бастамаларын қолдауға дайын екенін жеткізді. Ал парламентаралық ынты­мақ­тастық жайын сөз еткенде Қаби­болла Жақыпов өткен жылы Анкарада қол қойылған Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысы мен Қазақстан Парламенті Мәжілісі арасындағы ынтымақтастық туралы келісімнің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, ол Түркияның ТүркПА төрағалығына жоғары баға бере келіп, алдағы уақытта да түркітілдес елдер арасындағы парламентаралық ықпалдастыққа қатысты әр салада түрлі шараларды өткізудің дәстүрге айналатынын және оны ұйымға мүше барлық мемлекеттердің қолдайтынын жеткізді.