13 Маусым, 2014

Дәрігерлер үйге де кірді, көлікке де мінді

377 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Шығыс өңіріндегі медициналық мекемелерге 117 автокөлік сыйға тартылды Биыл шығысқазақстандық дәрігерлер мемлекет тарапынан айрықша сыйға ие болып отыр. Адам өміріне араша түсіп жүретін ақ желеңді абзал жандардың төл мерекесі Семей шаһарында аталып өтіп, өңірдегі медициналық мекеме ұжымдарына 117 автокөліктің кілті тапсырылды. DSC_9020 Сәрсенбінің сәтінде Семей қаласының орталық алаңында, Қозыбағаров көшесі бойында түрлі-түсті лентамен көмкерілген жаңа автокөліктер, Абай театрының маңдайшасындағы баннер мен желбіреген жалаушалар, қызылды-жасылды шарлар медицина қызметкерлері күнінің маңызын арттыра, дәрігерлердің көңілін көтере түсті. Сахнада бір кездегі дала қосындары мен әскери госпитальдан бастап бүгінгі заманауи әмбебап медицина мекемесіне дейін көрініс тапқан театрландырылған қойылым көрсетілді. Салтанатты шараға жиналған дәрігерлерді төл мерекелерімен өңір басшысы Бердібек Сапарбаев құттықтады. Аймақ басшысы халықтың денсаулығын нығайту жолындағы Елбасы жүктеген міндеттер мен тапсырмаларды орындауда шығысқазақстандық дәрігерлердің аянбай еңбек етіп жатқанын ерекше атап өтіп, өңір медицинасының соңғы жылдар бедерінде қарқынды дами бастағанын жеткізді. – Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену үшін халықтың денсаулығы мықты болуы қажеттігін айтып, нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Елімізде «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы сәтімен жүзеге асырылуда. Жыл сайын медицинаны дамытуға орасан қаржы бөлінеді. Шығыс Қазақстан облысының өзінде денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жыл сайын 20 пайызға ұлғайып келеді, – деді өңір басшысы. Семейде соңғы жылдың өзін­де көпсалалы жедел жәрдем ауру­ханасы пайдалануға берілді. Сауд Арабиясының демеу­ші­лігімен туберкулезге қарсы балалар ауруханасының құры­лысы жүргізілуде. Сондай-ақ, меди­циналық жедел жәрдем стансасын құрылымдау жұмыстары бас­талды. Мемлекеттік медици­на университеті базасында Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен халыққа көмек көрсету мақсатында ірі медициналық холдинг құру жоспарланып отыр. Өңір басшысы облыс аума­ғында қызмет етіп жатқан меди­ци­налық мекемелерге автокөлік­тердің кілтін тапсырды. Жол тал­ға­майтын санитарлық көлік­тер­дің басым бөлігі қашық елді мекен­дердің емханаларына берілді. Еліміздің әлеуметтік-эконо­микалық дамуының қарқын алуы медицина саласының заманауи жарақтандырылуына соны мүмкіндіктер беріп отыр. Соның бірі ретінде өңірде тағы бір сани­тар­лық авиацияның құрылуын айтуға болады. Бұл – облыстағы алыс аудандардың тұрғындарына жедел медициналық көмек көр­се­туге жол ашпақ. Санитарлық тік­ұшақ­тың символикалық кілті Семей қаласының жедел медици­налық көмек стансасына берілді. Бұл күні бірқатар дәрігер «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» мем­лекеттік бағдарламасы бой­ынша баспаналы болды. Олар­дың қатарында Семей қаласының ардагерлерге арналған сауықтыру орталығының терапевт дәрігері С.Исаханова, Семей мемлекеттік медицина университеті меди­ци­налық орталығының хирург дәрігері Р.Сейітхасымов пен мейірбике Ә.Нұрбосынова, Зырян ауданы орталық ауруханасының дәрігерлері Т.Панцулидзе мен Н.Сушко, Көкпекті аудандық ауруханасының терапевт дәрігері Ә.Кабдрахманова бар. Салтанатты шара барысында облыстың үздік дәрігерлері марапатталып, түрлі дәрежедегі дипломдарға ие болды. Жыл сайын ұйымдастырылатын «Жылдың үздік дәрігері» бай­қауында СМС арқылы дауыс беру қорытындысы бойынша Риддер қалалық ауруханасының хирургі Қ.Уашпаев, Күршім аудандық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі З.Шапатова, Зырян аудандық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Б.Ғалиев жеңімпаз атанды. Шара соңы қаланың шығар­ма­шылық ұжымдары, меди­циналық колледждердің студенттері жә­не әртістердің қатысуымен әзір­лен­ген мерекелік концертке ұласты. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». СЕМЕЙ.