13 Маусым, 2014

Тартымды инвестициялық ахуал – ел экономикасын дамытудың негізі

954 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін

Кеше Бурабайда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Президентінің жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің жалпы отырысы өтті.

12-06-01

Президент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесі ел экономикасы үшін маңызды мәселелерді қараумен келеді. Кешегі жалпы отырыс аясында елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту, инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі шаралар, сондай-ақ, индустрияландырудың екінші бесжылдығы (2015-2019 жылдарға арналған ИИДБ) шеңберінде инвестициялау және технологиялар трансферті мәселелері талқыланды. 12-06-02 Шетелдік инвестициялар­ды тарту – елдің жалпы эконо­ми­ка­лық саясатының басымдық­тары­ның бірі. Осы орайда, бүгін­де Қазақстанды өңірлік инвес­ти­циялық хаб ретінде қалыптастыру мақсатында барлық мүмкіндіктер жасалып, іс-шаралар атқарылуда. Мәселен, индустрияландырудың бірінші бесжылдығы кезеңінде БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) бағалауы бойынша, Қазақстан шетелдік тікелей инвестицияларды тарту көлемі бойынша ТОП-20 көшбасшы елдердің қатарына кіріп, өтпелі экономи­калы елдер арасында екінші орынға тұрақтаған. ҮИИДМБ іске асыру кезеңіне 2005 жылдан бері өңдеуші секторға барлық жалпы тікелей инвестициялардың 70 пай­ыз­дан астамы немесе 14 млрд. дол­лар тартылған. Қазіргі уақытта ше­телдік инвесторлармен бірге 100-ден астам жоба іске асырылуда. Шетел инвесторлары кеңесі Қазақстан Президентінің төраға­лығымен жүзеге асырылатын кеңесші-консультативті орган болып табылады. Кеңес 1998 жы­лы елдегі инвестициялық қыз­мет пен инвестициялық ахуалды жақсартумен тікелей байла­ныс­ты өзекті мәселелерді тиімді шешу үшін мемлекет пен шетелдік инвес­торлар арасындағы тікелей үнқатысуды қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Елдің инвестициялық саясаты мен экономикалық дамуының басты аспектілері бойынша Қазақстан Президенті мен Үкіметінің қарауы­на ұсынымдар мен ұсы­ныс­тарды әзірлеу Кеңестің басты міндеті саналады. Бүгінде еліміз шетелдік инвес­тицияларды тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасау бойынша жұмысты келесі жылдан басталатын индустрияландырудың екінші бесжылдығы шеңберінде жалғастыруға ниеттеніп отыр. Бұл ретте әрбір басымдыққа ие сектор үшін трансұлттық компаниялар тартылады. Үкімет бұл бойынша 162 трансұлттық компанияны айқындады, оның ішінде 72 компания экономикаға тартылмақ. Ал Шетел инвесторлары кеңе­сінің өзі құрылған кезден бастап оның 26 пленарлық отырысы өткізілсе, оларда елдегі шетелдік инвестициялар үшін құқықтық ахуалды жақсарту, Қазақстанның сот жүйесін жетілдіру, салық салу мен шетелдік жұмыс күшін әкелу жүйесін оңтайландыру, еліміздің инвестициялық имиджін жақсарту мәселелері талқыланған. Шетел инвесторлары кеңе­сінің биылғы, яғни 27-ші отырысы «Шетел ин­весторларының Қа­зақстан Рес­­­­публикасының екінші индус­­­­трия­лық-инновациялық бес­­­ жыл­дығын жүзеге асыруға қа­ты­су мә­селелері» тақырыбында өрбіді. Шетел инвесторлары кеңесінің жалпы отырысы басталмас бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Президент Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелеріне қарата айтқан сөзін­де: «Шетел инвесторлары кеңе­сінің 27-ші отырысы біздің еліміздің ғажайып жері, халқымыз «Қазақ­стан Швейцариясы» атап кеткен Бурабайда ұйымдастырылып отыр. Біз бұл жерде туристік саланы дамытуды көздеудеміз. Кеңес отырысының жұмысын бас­тамас бұрын мен сіздерге тағы да Қазақстанның мамандандырылған халықаралық ЭКСПО-2017 көрме­сін өткізу құқығына ие болға­нын жеткізгім келеді. Күні кеше ғана Қазақстанға Халықаралық көрмелер бюросының туы табыс етілді. Бұл – Қазақстанға деген сенімнің символы, халықаралық мәртебеге ие үлкен шараның Қа­зақстанда өтуіне байланысты елімізді бағалаудың бір айғағы», – деді Елбасы. Осылайша, Шетел инвестор­лары кеңесінің отырысы ше­тел­дік инвесторлардың Қазақ­стан Республикасының ин­­дус­триялық-инновациялық дамуы­ның екінші бесжылдығын жүзе­ге асыруға қатысу мәселелеріне арналып, ЭКСПО-2017 тіркеу досьесін қорғауға байланысты берілген Халықаралық көрмелер бюросының туын қабылдау салтанатымен басталды. Ал Қазақстан Президенті өзі­нің сөзінде инвесторлармен тұ­рақты кездесу жақсы дәстүрге ай­налғанын, ал Кеңес өзін шетелдік бизнес үшін де, біздің еліміз үшін де ең маңызды тақырыптарда ашық диалог құрудың тиімді ала­ңы ретінде көрсеткенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстан үшін қазіргі өткізу нарықтарын кеңейтуге және ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретін Еуразиялық экономикалық одақ­тың маңыздылығына тоқталды. Біздің елдеріміздің арасында тиімді экономикалық байланыстар орнату өңірде достық және тату көршілік қарым-қатынастарды жолға қоюға ықпал етеді. Кейбір елдерде ахуал тұрақсызданып, инвестициялық климат нашарлап отырған кезде Қазақстанда эконо­микалық одақтың арқасында ше­телдік инвесторлар үшін жаңа мүм­кіндіктер ашылуда, деді Нұр­сұлтан Назарбаев. Елбасы Қазақстан экономикасына инвестиция салу Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ нарығында жұмыс істеу үшін оңтайлы алаң болатынын атап өтті. Бірегей инвестициялық шарттар, ең төменгі салықтар және инвес­торлар мен мемлекеттің өзара қарым-қатынастарының тұрақ­тылығы біздің елді Еуразиялық экономикалық одақтың алып нарығына кіретін «үздік» қақпа ретінде көрсетеді, деді Қазақстан Президенті. Индустрияландырудың бі­рін­ші бесжылдығына тоқталған Мемлекет басшысы жаһандық экономикалық дағдарыспен байланысты туындаған қиындықтарға қарамастан, Қазақстан жаңа жұмыс орындарын ашып, экономиканың өңдеуші салаларына инвесторлар тарта алғанын атап өтті. Индустрияландыру картасы аясында 4 жылда жалпы сомасы 2,4 триллион теңгенің 651 жобасы іске қосылды, 70 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Осы жобалардың әрбір жетіншісі тікелей шетелдік инвестициялардың көмегімен жүзеге асырылды, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті мұндай жобалардың қатарында «Альстом» компаниясы ұйымдастырған Ас­та­надағы электровоздар өндірі­сін, «Рено», «Ниссан» және «Авто­ваз» компанияларымен бір­лес­кен автоқұрамдауыштар өнді­рісі­нің толық циклды зауытының құрылысын атады. Мемлекет басшысы әлемдегі тұ­рақсыз экономикалық ахуалдың салдарынан шетелдік тікелей инвестициялар ағыны қысқарып жатқан жағдайда Қазақстан инвес­торлар үшін тұрақты әрі сенімді серіктес болып отырғандығын айтты. Әлемдік дағдарыстарға қарамастан, біздің экономикамыз орнықты даму қарқынын жоғалт­пады. Біз инвесторларды барлық жағынан қолдаймыз және қолдау шараларын үнемі жетілдіріп отырамыз, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Индустриялық-инновациялық дамудың екінші бағдарламасының басымдықтарына тоқталған Мемлекет басшысы шетел инвесторларымен серіктестіктің бірқатар негізгі тәсілдерін атады. Қазақстан Президенті бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі жағымды макроэкономикалық климат қамтамасыз ету екенін айтты. Қазақстан он жылдан астам уа­қыт бойы кезең-кезеңімен орнықты макроэкономикалық орта құрды. Осы көрсеткіш бойынша біз 2013 жылы 23-орынды иелену арқылы қазірдің өзінде бәсекелестіктің жаһандық индексінде алғашқы отыздық елдері қатарына кіріп отыр­мыз, деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі инвесторлар үшін қосымша қолайлы шарттар тудыратынын айтты. Өйткені, елімізде сауда, инвестиция, зият­керлік меншікті қорғау салаларында халықаралық ережелер қол­данылатын болады. Инвесторларға жәрдемдесудің тағы бір маңызды шарасы ретінде қаржылық қолдау мәселесі аталды. Индустрияландырудың жаңа бағдарламасын жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджеттен бес жыл бойына шамамен 600 миллиард теңге бөлінеді. Сондай-ақ, Ұлттық қордан тағы 1 триллион теңге бөлу туралы шешім қабылдадық. Оған қосымша, Дүниежүзілік банкпен, Еуропа Қайта құру және даму банкімен, Азия даму банкімен және Ислам банкімен негіздемелік келісімге де қол қойдық, деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы бизнес байланыстар мен кәсіпкерлердің халықаралық кооперациясын кеңейту үшін визалық кедергілерді жою қажеттігіне тоқталды. Бүгін біз Қазақстанда барынша жоғары инвестициялық белсенділік танытқан он мемлекеттің азаматтары үшін біржақты визасыз режім орнату туралы хабарлаймыз. Бұл тізімге АҚШ, Нидерланд, Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері, Корея Республикасы және Жапония кірді, деді Нұр­сұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті инвес­торларды инновациялық эконо­миканың негізін қалыптастыру және тиісті кадрлар даярлау үдеріс­теріне белсенді қатысуға шақырды. Сіздерді корпоративтік ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық орталықтар құруға және оларды Назарбаев Университетінің құрылып жатқан Астана Бизнес Кампус ғылыми паркі аумағында орналастыруға шақырамын, деді Мемлекет басшысы. Кадр даярлау жүйе­сін жаң­ғыртуды индустрия­лан­дырудың маңызды шарттарының бірі ре­тінде атаған Қазақстан Пре­зиденті Үкіметке инвесторларды колледждер мен жоғары оқу орындарын басқаруға тартуды тапсырды. Мемлекет басшысы мемлекет-жекеменшік серіктестігінің маңыздылығына назар аударды. Осы орайда ол шетелдік ин­вес­торларды жоспарланып отыр­ған 700-ге жуық компания­ны жекешелендіруге белсенді қатысуға шақырды. Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жы­лы «Еурокодтар» жүйесіне көшу­дің және құрылыс саласын­дағы сараптама бойынша қызмет­тер­дің басым көпшілігін бәсекелік ортаға берудің қажеттілігін де атап өтті. Мемлекет басшысы капи­тал салудың мейлінше перспекти­валы бағыттары ретінде шикі­зат, өңдеуші өнеркәсіпті, инно­вациялық салаларды, шағын және орта бизнес, туризм және қызмет көрсету секторын атады. Отырыс барысында Қазақстан Президенті басымдығы бар ба­ғыттардың тартымдылығын көте­ру үшін Үкімет әзірлеген ауқым­ды ынталандыру пакеті тура­лы да айтты. Атап айтқанда, ин­дус­­трияландырудың осы сала­ларын­дағы инвесторлар корпо­ра­тивтік табыс салығын төлеуден және жер салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылады. Сонымен қатар, мемлекет нысанды пайдалануға бергеннен кейін шетелдік инвесторларға күрделі шығыстарының 30 пайызына дейін өтеп беретін болады. Бұл орайдағы тағы бір шешім – инвестициялық жобаны жүзеге асырудың бүкіл кезеңінде және нысанды іске қосқаннан кейін бір жыл ешқандай квотасыз және рұқсатсыз жұмыс күшін тарту болып отыр. Сондай-ақ, инвесторларға қо­сымша құн салығы мен акцизден басқа, барлық салықтар мен тө­лемдердің мөлшерлемелеріне қатыс­ты заңнаманың тұрақты­лығына кепілдік беріледі. Қазақстан Президенті инвес­торлар үшін мемлекеттік мекемелермен жұмыс кезінде «бір терезе» қағидаты енгізілетінін айтты. Бұдан бөлек, инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қор­ғауды қамтамасыз ету үшін «инвестициялық омбудсмен» институты заңнамалық деңгейде енгізілетін болады. Мемлекет басшысы басымдығы бар салаларда жұмыс істейтін кәсіпорындардың кепілдендірілген тапсырыстар алуына жәрдем жасалатынына назар аударды. Сөзінің соңында Нұрсұлтан На­зар­баев «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне инвестициялық климатты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» Заңға қол қойды. Мемлекет басшысынан кейін сөз Еуропа Қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабартиге берілді. Ол өз сөзінде Қазақстанның индустриялық-инновациялық саясатты қолға алуы өз кезегінде ел экономикасын ілгерілетіп, алға жылжытатын жаңа жобалардың дүниеге келуіне жол ашатынын атап өтті. Бұл – мықты институттармен дамыған нарықтың қалыптасуына да мүмкіндік беріледі деген сөз. Біз өз кезегімізде Қазақстанды экономиканың жандануы мен дамуына тиімді алғышарттар жасай алатын және соның нәтижесін көре алатын ел ретінде бағалаймыз. Қазақстан аз ғана уақыт ішінде өзінің экономикасын көтере алатын ел ретінде дәлелдеп берді. Бірақ, бұл жетістігін еселеуге де оның мүмкіндігі көп екенін айтуға тиіспін. Осы мақсатта ел­дің инвестициялық ахуалын жақ­сартудың маңызы зор. Бұл ретте шетелдік инвесторлардың рөлі айрықша, деді Сума Чакрабарти. Бұдан кейін Қазақстан Пре­мьер-Министрінің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исе­кешев сөз сөйледі. Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз Қазақстанның 2050 жылға қарай әлемнің ең да­мыған 30 елінің құрамына кіру туралы стратегиялық мақсатын айқындадыңыз. Сондықтан, елі­міздің экономикалық саясатының ең басым бағыттарының бірі Қазақстанды әрі қарай да индустрияландыру болмақ. Сіз 2010 жылы іске қосқан индустрияландыру үдерісі ұлттық экономиканы құрылымдық жағынан қайта құруға серпін берді және экономиканың өсуіне алғышарт жасады. Ал бұл – әлемнің көптеген елдері үшін рецессия мен экономикалық құлдырау жағдайында өте үлкен көрсеткіш, деді Ә.Исекешев. Мәселен, деп жалғады сөзін Ә.Исекешев, бүгінде елімізде өңдеу өнеркәсібінің дамып, еңбек өнімділігінің артуы байқалады. Өнеркәсіпте жұмыс істейтіндердің саны, соңғы кездері, 125 мыңға көбейіп, 1 млн. адамнан асып кетті. Бұл – әлемнің өзге елдерінде жұмыс орындары қысқартылып жатқан кезде байқалып отырған жақсы үдеріс. Алғашқы бесжылдық жос­парын орындау кезеңінде отандық және шетелдік инвесторлармен бірлесіп, жаңа өнеркәсіп орындарын ашуға қатысты белсенді жұмыстар жүргізілді. Мысалы, бір ғана өңдеуші өнеркәсіп саласында шетелдіктердің қатысуымен құны 5 млрд. доллар болатын 59 жоба жүзеге асырылды. Бұған қоса, шетелдік инвесторлардың қатысуымен әлі 86 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. 12-06-03 12-06-04 12-06-05 Индустрияландырудың екін­ші бесжылдығы Үдемелі ин­дустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының қисынды жалғасы болды. Сон­дықтан, индустрияландыру үдерісі динамикалық тұрғыда жү­ріп отырады. Бұл ретте, алғаш­қы бесжылдықта кездескен кем­ші­ліктер мен әлі де жалғасып келе жат­қан жаһандық рецессиямен байланысты қиындықтар, халық­аралық бәсекелестіктің күшеюі мен әлемдік өнеркәсіптің ағым­дағы трендтерімен байланыс­ты үдерістер ескерілді, деді Ә.Исе­кешев. Осылай дей келе, ол мемлекет алдында тұрған іс-шаралар турасында баяндап берді. Оның айтуынша, бірінші атқарылатын жұмыс индустриялық даму аясындағы бағыттар төңірегінде өрбитін болады. Бұл ретте, арнайы сараптама жүргізіліп, индустриялық дамуға қатысты жоспарлар бекітілген. Соның нәтижесінде 6 өңдеуші өнеркәсіптің анағұрлым ілгері кеткен секторлары анықталыпты. Олар экспорттық әлеуетке ие. Оларға мемлекет айрықша назар аударып, қаржылық ресурстарды құятын болады. Оларға азық-түлік өнеркәсібін, машина жасау, қара және түсті металлургияны, мұнай өңдеу және мұнай химиясы саласын, агрохимия мен химикаттарға арналған өнеркәсіпті, құрылыс материалдарын шығаратын өнеркәсіпті жатқызуға болады. Екінші бағыт – қаржыландыру моделі. Бұл ретте, «қаржылық тетік» іске қосылады. Ал жалпы қаржылық қамтамасыз ету бірнеше қағидаттар негізінде жүзеге асатын болады. Мәселен, өңдеу өнеркәсібін дамытуға бөлінген қаржының 80 пайызы басым бағытқа ие салаларға бөлі­неді, қалған 20 пайызы фармацев­тика, жеңіл өнеркәсіп секілді өң­деу өнеркәсібінің өзге де сала­ларын­дағы кейбір жобаларға олардың тиімділігіне көз жеткен жағдайда ғана бағытталатын болады, деді Премьер-Министрдің орынбасары. Ә.Исекешев кластерлерді дамыту үшінші бағытта жүргізілетін жұмыстардың бірі болатынын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, екінші бесжылдық жоспарын жүзеге асыру кезінде кластерлік тетік жекеменшік секторды мейлінше көбірек тарту арқылы жандандырылмақ. Төртінші бағыт 10 еркін экономикалық аймақ аясында жүргізілетін болады. Олар инвесторлардың өсуі үшін айрықша «нүкте» болмақ. Бұл жерлерде инвесторларға сапалы кәсіби басқарушылыққа негізделген инфрақұрылым ұсынылады. Ал басқарушылыққа Jourong және Dubai Port World сынды әлемдік деңгейде танымал компанияларды тарту қарастырылып отыр екен. Бесінші бағыт бойынша экспортты кеңейту көзделмек. Бұл орайда, экспорттаушыларды қол­дау­дың жалпыұлттық жүйесі құ­рыл­мақ. Оған сарапшылық, қаржы­лық және сақтандыру төңі­ре­гіндегі қаржылық құралдар енгізі­летін болады. Алтыншыдан, ин­дус­трияландыру кадрлық қам­тамасыз ету негізінде де жүзеге асырылмақ. Әрине, индустрия­ландыру жүйесін кәсіби кадрлар­сыз көзге елестету мүмкін емес. Сондықтан, Үдемелі индус­триялық-инновациялық да­му мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында 10 тех­никалық жоғары оқу орны мен 11 техникалық колледж таңда­лып алынды. Бұл оқу орындары 55 мыңға тарта техникалық ма­мандарды даярлайтын болады, деді Ә.Исекешев. Сондай-ақ, Премьер-Минис­тр­дің орынбасары Үдемелі ин­дус­триялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру барысында өнеркәсіп саласын дамыту бағытында Малайзия, Сингапур секілді елдердің тәжірибесі ескерілетінін жеткізді. Сол арқылы Қазақстан кезең-кезеңімен жаңа өндірістерді игеріп, экономиканың өсімін қамтамасыз ететін болады. Ал 2019 жылға қарай Қазақстанда экспорттық әлеуеті 3 млрд. АҚШ долларына тең жаңа өндірістік кәсіпорындар бой көтереді. ҮИИДБ-ның екінші бесжылдығын жүзеге асыру барысында Үкімет көптеген шетелдік инвесторлармен келіссөз жүргізді. Соның нәтижесінде Дженерал Электрик, Польфарма, Анадолу Групп, Шеврон секілді компаниялар Қазақстанның индустрияландыру үдерісіне белсене қатысып келеді. Бұл ретте, Шелл секілді компанияларға да бізге экспорттық тұрғыда қолдау білдіргендері үшін алғысымызды білдіреміз. Жалпы алғанда, инвесторларға жасалып отырған жағдайлар мен елімізде осыған қатысты қолға алынып жатқан іс-шаралар Қазақстанды өңіріміздегі инвестициялық хабтардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз, деді Ә. Исекешев сөзінің соңында. «Тоталь» компаниясының атқа­рушы вице-президенті, атқа­рушы комитетінің мүшесі, «Тоталь Эксплорейшн энд Продакшн» бө­лімшелерінің президенті, Қа­зақ­стан-Франция Іскерлер кеңесі­нің тең төрағасы Ив-Луи Дар­рикаррер, «Дойче Банк Франк­фурт» компаниясының Орталық және Шығыс Еуропа елдері бой­ынша бас атқарушы дирек­торы, басқарма директоры, Қа­зақ­стан-Германия Іскерлер кеңе­сінің тең төрағасы Питер Тильс­ке, «Эни» компаниясының бас ат­қа­рушы директоры Клаудио Дес­кальци, «Джи-И Ой энд Газ» компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Лорензо Симонелли, «Анадолу Групп» компаниясының басқарма төрағасы Тунджай Озильхан, «ТелиаСонера» компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Йохан Даннелинд, Еура­зиялық табиғи ресурстар корпорациясының (ENRC) акционері Александр Маш­кевич, «Сбербанк России» басқарма­сының төрағасы Герман Греф, «Камеко» корпорациясының прези­денті және басқарушы дирек­торы Тим Гитцель, «Эрнст энд Янг» компаниясының басшысы Карл Джоанссон сөз сөйледі. Мәселен, Кеңес отырысындағы күн тәртібіндегі негізгі тақырып турасында сөз алған «ТелиаСонера» компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Йохан Даннелинд: «Мен Қазақстанның іргелі бастамаларына құрметпен қараймын. Әсіресе, телекоммуникация, энергоқуаттар қызметіндегі белсенділік әлем назарына ілігуде. Бұл орайда, біздің компания әріптестік ынтымақтастықты, өзара тиімді байланыстарды нығайтуға әрқашан мүдделілік танытады. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс елеулі қайтарым беруде. Қазірдің өзінде Қазақстан экономикасына 2 миллиард доллардан астам инвестиция жұмылдырылып, мыңдаған жұмыс орындары құрылды», деді. Сондай-ақ, Йохан Даннелинд үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығында инновациялық инфрақұрылымды дамытудың екпінді кезеңі басталатынын атап көрсетіп, мұнда компанияның үлесі елеулі болатындығына назар аударды. Қазір бұл компания қызметін 13 миллион қазақстандық пайдаланып отыр екен. Алдағы кезде қызмет өрісін кеңейтуге қолайлы мүмкіндік туатын болады. Еуразиялық табиғи ресурс­тар корпорациясының (ENRC) акционері Александр Машкевич соңғы төрт жылда Еуразия тобы Қазақстан экономикасына 5 миллиард доллардан астам инвестиция құйғанын атап көрсетті. Жалпы құны 2 миллиардтан астам долларды құрайтын 12 инвестициялық жоба – Еуразия тобының және оның 70 мыңға жуық ұжымының ҮИИД Мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуына қосқан үлесі. Осы бағдарламадағы біздің инвестициямыздың үлесі – 13 пайыз. Жаңадан 2 500-ден астам жұмыс орындары ашылды. Келесі бесжылдыққа біздің инвестиция 4 миллиард долларды құрайтын болады, олардың 1 миллиард долларға жуығы өңдеуші сала жобаларына жұмсалмақ. Бұл жобалар инновациялық технологиялардың ендірілуін көздейді және өнімділік пен энерготиімділік өсіміне, өзін­дік құнның төмендеуіне және эко­ло­гияның жақсаруына бағытталған, деді ол. Сондай-ақ, А.Машкевич инвестицияны ынталандыру паке­ті туралы ойларын былайша жал­ғастырды: «Қазақстанның негізгі жүйе құраушы металлургиялық кәсіпорындары өткен ғасырдың ортасында құрылғандықтан, кең ауқымды реновациялар қажет. Тек осылай ғана бәсекеге қабілет­тілікті сақтауға болады. Ал қолданыстағы өндірістің ренова­циясына бағытталған инвести­циялардың көлемі жаңа зауыт­тардың құрылысына бағытталған инвес­тициялар көлемінен кем емес. Мысалы, Ақсу ферро­қорытпа зауытындағы екі цех­тың реновациясына шамамен 260 млн. доллар бағыттау қарас­тырылған. Бірақ Үкімет ұсынған пакеттегі жеңілдіктер мұндай жобаларға қолданылмайды екен. Салық жеңілдіктерін берудегі теңсіздік жағдайы инвесторлардың қолданыстағы кәсіпорындарға салымдар салуға ынтасын айтарлық­тай төмендететіні анық. Осыған орай, пакетте қарастырылған салық жеңілдіктерін қолданыстағы өндірісті жаңғырту мен кеңейтуге бағытталған инвестицияларға да таратуды ұсынамыз». А.Машкевич, сонымен қатар, жаңадан белгіленген ынталандыру шараларын қазір жүзеге асырылып жатқан және жақын уақытта қолданысқа енгізілетін стратегиялық жобаларға да қолданса, әділ болар еді деген ойын жеткізді. Мысалы, деді ол, қуаттылығы 440 мың тонна, құны 850 млн. доллар болатын жаңа ферроқорытпа зауытының құрылысын алайық. Бұл – соңғы 5 жылда өңдеу өнеркәсібі саласында жүзеге асырылған инновациялар бойынша баламасы жоқ ірі жоба. Оның құрылысы аяқталып келеді. Жаңа ынталандыру шараларын осы жобаға да қолданса жөн болар еді. Сөзінің соңында ол компанияның әлеуметтік бағытты қолдаған жұмыстарына тоқталды. Еуразия тобының соңғы 5 жылдың ішінде салған әлеуметтік инвестициясы 100 млрд. теңгеден астам қаржыны құрады. Бұл – Қазақстанның әлеуметтік жаңаруына қосқан біздің қомақты үлесіміз, деді ол. Ал «Сбербанк России» бас­қармасының төрағасы Герман Греф Қазақстан Президенті мен ел тұрғындарын Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуымен және ЭКСПО көрмесін ұйымдастыру құқығын жеңіп алуымен құттықтады. Бүгінде Сбербанк қызметтерін дүниежүзіндегі 22 елдің 110 миллион жеке тұлғасы және 1 миллионға жуық кәсіпорындары пайдаланады. «Сбербанк» АҚ ЕБ – Сбербанк халықаралық тобына кіреді. Бұл құрылым Қазақстанның қаржы нарығында жеті жыл бойы жемісті жұмыс істеп келеді және активтерінің көлемі бойынша Қазақстандағы ЕДБ арасында төртінші орынға ие. Оның 107 құрылымдық бөлімшеден тұратын филиалдық желісі бар. Қазақстан Республикасы Пре­зи­денті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің пле­нарлық мәжілісі аясында «Сбербанк России» мен «Қазақ­стан темір жолы» ҰК» АҚ өзара ынтымақтастық туралы мемо­ран­думға қол қойды. Осыған бай­ланысты Герман Греф: «Индус­трияландыру бағ­дар­ламасының екінші кезеңін жүзеге асыру аясында Қа­зақ­станның алдында экономиканы әртараптандыру бойынша ау­қым­ды мақсаттар тұр. Ол елеулі инвес­тициялар көлемін талап етеді. Осындай жағдайда Сбер­банк мемлекеттік-жекемен­шік серіктестігі шегінде ынты­мақ­тастықтың жаңа нысанын ұсынуға дайын. Ол – мемлекеттік компаниялармен, жеке сектормен және даму институттарымен бірлесе отырып ірі индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру», деген ұстанымын ортаға салды. «Анадолу Групп» ком­паниясының басқарма төра­ғасы Тунджай Озильхан: «Біз Қа­зақ­станның экономикалық дамуындағы қарқын мен оның ауқымдылығына риза көңілмен тілектеспіз. Қазақстан әлемнің дамыған индустриялық 30 мемлекетінің қатарына қосылуға толық мүмкіндігі бар деп санаймыз. Біздің «Эфес» және «Кока-кола Ичечек» сияқты ірі компанияларымыз өз инвестициясының тиімді қайтарымын көріп отыр. Алматыдағы газдалған және басқа сусындар шығаратын зауытымызда 800-ден астам адам жұмыс істейді. Компанияның Қа­зақстанда қызметін бас­та­ған жылдардан бергі инвестициясының көлемі 1 миллион АҚШ долларына жетті. Қазір біз Астанада жаңа зауыт құрылысын бастадық. Мұндағы қаржы құйылымының жалпы көлемі 420 мың долларды құрамақ», деді. «Эфес Қазақстанның» Қар­а­ғанды және Алматы қалаларында сыра зауыттары бар. Қазір компанияның нарықтағы үлесі 8 пайыздан 60 пайызға жетіпті. Қазақстандағы инвестициялық климаттың жақсаруы компанияның алдағы қызметіне серпін береді деу­ге толық негіз бар. «Камеко» корпорациясының президенті және басқарушы директоры Тим Гитцель: «Ком­паниямыз 1993 жылдан бері Қазақстанда жұмыс істей­тін­діктен, осынау ғажайып елдің да­му баспал­дақтарына куәміз. Бұл ұмтылыс­тарды тілектестік ниет­пен қолдап келеміз. Мәселен, Инкай кен орнын пайдалануға беру арқылы (147 мың тонна уран) мемлекеттің пайдалы қазба байлықтары қорын толық­тыруға септестік. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші кезеңінде қомақты жұмыстар белгіленіп отыр. Бұл біздің де жаңа сатыларға көтерілуімізге мүмкіндік жасайды», десе, «Эрнст энд Янг» ком­пания­сының өкілі Карл Джо­хан­с­сон: «Қазақ­станның инвестициялық тартым­дылығын зерттеудің биылғы қорытындысы ел экономикасының дамуына алғы­шарттар қалайтынын көрсетті. Бұл – сұрау салынған 27 елдің 200-ден астам инвесторының ортақ пікірі. Осы көрсеткіш алдағы үш жылда бұрынғы деңгейден де өсе түспек. Мұны біз елдегі макроэкономикалық, әлеуметтік және саяси тұрақтылықпен байланыстырамыз. Еуразиялық эконо­микалық одақтың құрылуы бұл бағыттағы серпінді қуаттандыра түспек», деген ойымен бөлісті. Іс-шараның қорытынды бө­лі­гінде «Бурабай-Қостанай» теле­көпірі болып, оның бары­сын­да Мемлекет басшысы «Тойота» автомобильдерін шы­ғару жөніндегі жобаны іске қосу рәсіміне қатысты. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Шетел инвесторлары кеңесінің келесі отырысында Қазақстандағы агробизнесті дамыту мәселелерін талқылауды және оны Шымкентте өткізуді ұсынды. Отырыстан кейін Нұр­сұл­тан Назарбаев Кеңеске қаты­сушылармен бірге Щучье көлінің жағасына тігілген этно-ауылды аралап көрді. Бақберген АМАЛБЕК, Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы, Бурабай кенті.