12 Маусым, 2014

Мақтаулы шәкірттерге мың алғыс

1573 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Адам баласы төтеннен келген ажалдан, оның ішінде табиғи, жол-көлік, түрлі апаттардан, жазатайым оқиғалардан аман болып, саламатты өмір салтын ұстанса, өз денсаулығын мәпелеп күтсе, бақытты ғұмыр кешуі бек мүмкін. Қоғамдағы әрбір адамның ұзақ өмір сүруі халықтың орташа өмір жасының ұзаруына да септігін тигізіп жатады. Бұл тұрғыда өмірі қыл үстінде тұрған жандарды ажалдан арашалайтын ақжелеңді абзал жандар – дәрігерлердің де үлесін ешкім жоққа шығара алмайды. Міне, алда келе жатқан Медицина қызметкерлерінің күніне орай елге қызмет жасап жүрген сол дәрігерлерді атап өткім келіп отыр. Мәселен, есімдері қоғамға әбден танымал, қолы жеңіл оташылар Жақсылық Досқалиевті, Алматыдағы А.Сызганов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының директоры Жеткерген Арзықұловты, оның орынбасары Нұрсұлтан Ізмағамбетовті, тағы басқа бірқатар дәрігерлерді  мақтан тұтамыз. Өйткені олар Ақтөбе медицина институтын бітіргеннен кейін де,  қатардағы дәрігерден шоқтығы биік ғалым деңгейіне көтерілген тұста да ұстаздарына алғыс айтып, олардың батасын алып Алматыға аттанып еді. Енді осы ғалымдардың да бір топ шәкірті бар. Олардың ішінен шебер оташы әрі медицина университетінің ректоры Ербол Бекмұхамбетов те көпшілік сыйлайтын ел азаматы деңгейіне көтерілді. Ақтөбе №1 қалалық емханасы бұрын болмаған оталарды жасау үстінде. Бас дәрігер Марат Биханов, хирургия бөлімінің меңгерушісі, жоғары дәрежелі оташы  Тимур Құрғанбеков бастаған бірқатар мамандар Мәскеу қаласында жаңа инновациялық технологияны қолдануды үйреніп, лазер әдісімен емдеп, науқастардың мың алғысын алуда. Аймақ медицинасындағы жаңалықтар үшін жергілікті денсаулық сақтау департаментінің басшысы Қайрат Сабырға және оның көмекшілеріне де алғыс айтушылар жетерлік.  Қаладағы теміржол ауруханасын отыз жылдан бері басқарып келе жатқан медицина ғылымдарының кандидаты Қыдырсиық Ерғалиев те халықтың алғысын арқалаған жан. Осы белгілі дәрігерлерді тәрбиелеп шығарған әріптестерім, академик Намаз Ізімбергенов пен профессор Болат Ихсанұлына өз атымнан алғыс айтамын. Себебі олар 1964 жылы медицина институтын бітіргеннен бастап әлі күнге дейін дәрігерлерге білім беріп, тәрбиелеп жүр. Айтулы мереке қарсаңында әріптестерімді, басқа да дәрігерлерді және интерндерді шын ниеттен құттықтап, зор табыс тілеймін. Елімізде береке-бірлік болып, бейбіт қоғамда еңбек ете берейік. Аяш БАЙЖАРҚЫНОВА, М.Оспанов атындағы медицина университетінің оқытушысы, медицина ғылымдарының кандидаты. АҚТӨБЕ.