Аймақтар • 06 Қаңтар, 2023

Сенаторлар Тараз қаласындағы ЖЭО мәселелерін талқылады

289 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының депутаттары Бекболат Орынбеков пен Абдалы Нұралиев Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенаторлар Тараз қаласындағы ЖЭО мәселелерін талқылады

Сенаторлар магистралды жылу құбырын тексеру кезінде инженерлік коммуникациялардың жай-күйін тексерді. Депутаттар қыс мезгілінде жылу энергетикалық компаниялардың үздіксіз жұмыс істеуінің маңызды екенін атап өтті.

«Парламент Сенатының барлық депутаттары қазір проблемалық нысандармен танысуға, сондай-ақ тұрғындарды алаңдатып отырған мәселелерді шешуге көмектесу үшін өңірлерді аралап жүр. Таразда апатты деп танылған негізгі нысандар – М-1 және М-3 жылу құбырлары болып отыр. Оларды жөндеудің жалпы құны 14-16 миллиард теңгені құрайды. Бірақ мәселе облыс орталығының тұрғындарын жылумен қамтуға қатысты екенін ескерсек, бұл жұмысты міндетті түрде жүргізу керек деп есептеймін», деп атап өтті Бекболат Орынбеков.

Кездесу барысында арнайы комиссия жұмысының нәтижелері бойынша «ТаразЭнергоЦентр» АҚ-да жабдықтың 80%-дан астамы тозғаны тіркелгені және осыған байланысты ЖЭО-ға «қызыл» мәртебе берілгені атап өтілді. Сонымен қатар облыста жылу қуатының тапшылығы мәселесі де күрделі болып отыр. ЖЭО мен құбырлардың қазіргі жағдайына қарасақ, оларға жаңа абоненттерді қосу мүмкін емес. Мұның бәрі Тараздың жылу құбырларына жаңғырту жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын көрсетеді.

«Бұл мәселелердің республикалық деңгейде қаралуы үшін қажетті барлық құжаттар өткен жылдың екінші тоқсанында дайындалуы керек болатын. Яғни құжаттар істердің қазіргі жай-күйі қалыпты тәртіпте болғанда ғана 2024 жылдың басында мақұлданатын еді. Алайда бүгінгі таңда облыс орталығын жылумен жабдықтауға басымдық беріліп отыр. Сондықтан біз бұл мәселені шұғыл түрде шешуге көмектесуге тырысамыз», деді сенатор Әбдәлі Нұралиев.

Сондай-ақ сенаторлар облыс орталығының «Барысхан» тұрғын алабындағы жаңа мектебіне де барып, Талас өзені арқылы өтетін көпірдің жай-күйімен және жағалауды нығайту жұмыстарымен танысты.