Саясат • 05 Қаңтар, 2023

Біздің алдымызда реформаларды толық іске асыру міндеті тұр - Ерлан Қарин

226 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин 2022 жылдың қаңтар айында болған бейбіт наразылық акциялары жаппай тәртіпсіздіктерге ұласқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Біздің алдымызда реформаларды толық іске асыру міндеті тұр - Ерлан Қарин

«Бір жыл бұрын елімізде қайғылы қаңтар оқиғалары орын алды. Сол күндері бейбіт наразылық акциялары жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты, мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысқан реакциялық күштер бұны ұтымды пайдаланды. Олардың басты мақсаты - елде жүргізіліп жатқан жаңашылдықтарға тосқауыл болып, ескірген саясатты сақтап қалу», деп жазды Ерлан Қарин өзінің Telegram арнасында.

Ерлан Қариннің айтуынша, еліміз хаос пен анархияға түсу қаупіне тап болды. Бұл жердегі басты мәселе - біздің мемлекеттілігімізді сақтау.

«Мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырған қылмыскерлердің әрекеті азаматтардың бірлігі мен Президенттің шешуші әрекеттерінің арқасында ғана сәтсіз аяқталды. Нәтижесінде, біз жағдайды тұрақтандыра алдық. Мұндай дағдарыстардан өткен мемлекеттердің билігі елдегі саяси жағдайды жабық ұстауға тырысады. Ал біздің елде либерализация мен демократия бағытындағы қозғалыс тоқтамай, керісінше жеделдеді. Президенттің бастамасымен елімізде жаңғыртудың серпінді және жан-жақты процесі басталды», деп қосты Мемлекеттік кеңесші. 

Бұл ретте Ерлан Қарин Мемлекет басшысының стратегиялық бағыты конституциялық референдум мен кезектен тыс президент сайлауының нәтижелерімен дәлелденген кең қоғамдық қолдауға ие болғанын атап өтті.

«Қазір біздің алдымызда қоғамның бірлігін сақтай отырып, жоспарланған реформаларды толық іске асыру міндеті тұр», деп қорытындылады Ерлан Қарин.