10 Маусым, 2014

Баладан артық бақыт бар ма?

260 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Елордадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында «Қосалқы репродуктивті технологиялар және адамның иммун тапшылығы вирусы. ҚРТ өзекті мәселелері» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының, Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Қазақстан адам ұрпағын өрбіту Ассоцациясы ұйымдастырған шараға отандық мамандармен бірге әлемнің бірқатар елінен ғалымдар қатысты. Осыдан отыз бес, қырық жыл уақыт бұрын адамның иммун тапшылығы вирусы туралы ұғым әлемде жоқ болатын. Қазір бұл кез келген қоғамға жат емес, тіпті, үйреншікті ұғымға айналды. Халқымыздың санасына ВИЧ инфекциясы (АИТВ) деген атаумен сіңген дерт туралы, оның соңғы сатысы СПИД, яғни, қазақшалағанда жұқпалы иммун тапшылығы синдромы туралы қазір мәлі­мет көп. Соның бірі – елімізде 20 мыңнан аса АИТВ жұқпасын жұқтырғандардың, 1800 ЖИТС науқастардың бар екені туралы мәлімет. Рас, бұл былтырғы деректер. Биыл­ғы сандар басқаша сөйлеуі мүмкін. Түп­теп келгенде, маңыздысы бұл да емес. Ма­ңыз­дысы – осы сандардың артында сон­шама адамның тағдыры тұрғандығы. Мысалы, олар да ел қатарлы ұрпақ өсіріп, бала-шағасының қызығын көруге талпынады делік. Ол қаншалықты мүмкін? Келелі жиындағы негізгі ой осы төңіректе өрбіді. Бейресми деректер бойынша, АИТВ жұқпасын жұқтырғандардың 70 пайызы 20 мен 39 жас аралығындағы нағыз ұрпақ көбейтуге қабілетті жастағы жандар екен. Ал, қоғамда АИТВ жұқпасын жұқтырған адамдардың балалары да сол диагнозбен өмірге келеді дейтін түсінік қалыптасқан. Мұны ғылым да жоққа шығармайды. Бірақ, жиын барысында түйгеніміз – егер қосалқы репродуктивті технологияның көмегіне жүгінер болса, науқас жандардан сау балалар­дың өмірге келу мүмкіндігі бар. Яғни, науқас жандар жатырішілік инсеминация немесе жатырдан тыс ұрықтандыру арқылы балалы бола алады. Бұл туралы Қазақстанның адам ұрпағын өрбіту ассоциациясының президенті Салтанат Байқошқарова былай дейді: «АИТВ жұқпасын жұқтырған жандар бедеулік мәселесімен де беттесіп жатады. Ал, олай болмаған жағдайда науқас жандардан ауру балалардың дүниеге келу қаупі бар. Сондықтан бұл мемлекеттік деңгейдегі мәсе­лені шешудің бірден-бір жолы – қосалқы репродуктивтік технологияларды қолда­нып, олардың ата-ана мәртебесіне ие болуына көмектесу. Көптеген дамыған елдерде науқастар қосалқы репродуктивті технологияның көмегіне жүгінеді. Мысалы, біздің өзіміз сондай жандарға Новосібір, Екатеринбург қалаларына баруға жол сілтеп отырмыз. Өйткені, бізде технология болса да, арнайы заң не басқадай заң күші бар ережелер мен хаттамалар жасалмаған. Тіпті, министрлік АИТВ жұқпасы бар жандарға көмек көрсетуге рұқсат бергенімен, арнайы құжаттар болмаған соң жұмыс істей алмай отырмыз». С.Байқошқарова жиынның қоры­тын­дысында иммунолог, эпидемиолог дәрі­герлер мен басқа да арнайы мамандардың тобы­нан тұратын жұмысшы топ құралып, со­лар керекті құжатты жасап шығуға атсалысса, министрлік АИТВ жұқпасына шалдыққан науқастармен жұмыс істеу туралы бұйрықты жаңартса деген ұсынысы бар екенін жеткізді. Жиын барысында біз шетелден келген қонақ, Кельн университетінің Акушерия және гинекология кафедрасының репродук­тивті медицина ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі, профессор Владимир Исачен­кодан Германиядағы жағдай туралы қысқаша сұрағанбыз. «Германияда АИТВ жұқпасы бар науқастарға қатысты мұндай проблема жоқ. Бәрі заңдық тұрғыда реттелген, бала сүйгісі келсе науқастың өзі шешеді. Бірақ, оған кереғар мына жайтты да айтып өтуіміз керек. Кез келген дәрігер не мейіргер АИТВ жұқпасы бар науқасты емдеуден бас тарта алады. Бірақ, осы күнге дейін АИТВ жұқпасы бар науқастан медицина қызметкерлеріне инфекция жұққан оқиға болған емес. Сол үшін олардың қосалқы репродуктивті технология арқылы балалы болуына еш­қан­дай кедергі келтірмеуіміз керек деп ойлаймын. Қоғам неғұрлым сауатты болуы тиіс. Науқастардың әрқайсысы осындай мүмкіндіктің бар екенінен құлақтануы шарт. Ал, мәселенің өз басы заңдық тұрғыдан шешілгені жөн деп есептеймін». Жиын барысында қатысушылар елі­міздегі АИТВ мен ЖИТС індетінің ахуалы, жасөспірімдердің репродуктивтік жүйесіне АИТВ жұқпасының зиянды ықпалы, адам ағзасының әртүрлі биологиялық сұйықтықтарынан осы жұқпаны айқындау сияқты мәселелерді көтерді. Сондай-ақ, әйелдердің бедеулігі мен ерлердің белсіздігін анықтау мен емдеудегі бірқатар өзекті мәсе­лелер талқыланды. Айта кетейік, халық­аралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Израиль, Германия, Испания, Франция, Ресей, Украина мен отандық танымал ғалымдар қатысты. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан».