Қоғам • 27 Желтоқсан, 2022

Тарих тек деректе емес, таста да таңбаланады

852 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық ғылым Академиясының академигі  Досым Сүлеевтің айтуынша, қаңтар оқиғасының жаңғырығы әлі басылған жоқ. Қаңтарда оққа ұшқан боздақтың анасының, жарының жоқтауының ащы зары әлі құлағымыздан алыстамады.

Тарих тек деректе емес, таста да таңбаланады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен барып, қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалының ашылу рәсіміне қатысты.

«Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі – Алматының қатты зардап шеккенін көзбен көрдік жанымыз қиналды. 1986 жылы желтоқсанда қазақ жастарының қаны төгілген қасиетті алаңда  күштік құрылымдарға шабуыл жасалып,  қару-жарақ қоймаларын тонады. Мемлекеттілікті қалыптастыру тарихында өзіндік орны бар кешегі жақсылардың,   Димекеңнің табанының ізі қалған Алматының Ақордасының отқа орануы кез-келген қазақты бей-жай қалдыра алмады. Қираған дүниені қалпына келтіруге болатыны, бірақ үзілген өмір қайта жалғанбайтыны белгілі. Бірақ сол сәтте абдырап, уақыт ұттыруға еш қақымыз болмағанын, қабылданған шешімдер, қатал болса да мемлекеттілікті сақтап қалуға себеп болғанын қабылдау қиын болса да  қазір түсініп жүрміз», дейді Досым Сүлеев.    

Д. Сүлеев айтып өткендей, мұндай оқиға ешқашан қайталанбауы үшін,  сол бір азалы  күндерді бастан өткергеніміз ұрпақ жадында мәңгілік жаңғырып тұруы тиіс деген ой «Тағзым» мемориалымен бірге соғылғандай әсер қалдырды.

«Тәуелсіздік күшін күрестің күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқанын еске салып  тұратыны біздің санамызда ғана емес, ескерткіштерде де таңбаланып тұруы тиіс. «Тағзым» мемориалы  қаңтар оқиғасының эпицентрі болған жерде салынғаны көптің ойынан шықты. Оның  қаңтар құрбандарын еске алатын, сондай-ақ халқымыздың даналығын, батылдығы мен күш-қуатын көрсететін орынға айналатына мен сенемін. Ескерткіштегі бірнеше түстен тұратын төрт эмоционалды-архитектуралық бөлік – ақшыл сұр бөлігі еңсеруді, қара түс қаңтар оқиғасы кезіндегі дүрбелең мен үрейді бейнелейді, ал сұр бөлігі - құрбан болғандар мен төгілген қанның, адам шығынының символы, ақ түс тұрақтылық пен дамуға ұмтылу, мемлекеттің болашағына деген сенімді айшықтап тұр», дейді академик.

Қаңтар оқиғасы ең алдымен, экономикалық мәселелерге байланысты орын алды. Мұны теңсіздікке, нақты кірістердің төмендеуіне және ресурстардың әділетсіз бөлінуіне халықтың қарсылығы деп бағалауға болады. 10 жылдан астам уақыттан бері қордаланып келе жатқан мәселе-тін. Бірақ шешуі тиіс мәселелердің шешудің кейінгі қалдырыла беруі орны болмас мемлекеттіліктің біртұтастығына қауіп төндірген қасіретке ұласа жаздағанын көзбен көрдік.

«Мемлекет басшысының тәуелсіздік алғалы бері елде әлеуметтік, бизнес, экономика және ұлттық байлықты игеру саласында қалыптасқан, тамыры тереңге кеткен проблемаларды, ашық айтып, қордаланған мәселелерді алдағы уақытта тиісті дәрежеде шешілетінін баса көрсетуі көңілге сенім ұялатады. Ел тағдырына әсер еткен саяси оқиғалар халықтың жүрегінде ғана емес, сәулет өнерінде де қалады.   Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ашылған ескерткіш  Қаңтар оқиғасын еске салып тұрады деп үміттенемін», дейді Досым Сүлеев.